ПОДЕЛИТЬСЯ
23 июля 2020 | 13:55
"Үш жылға сотталады". Маска тақпағаны үшін жаза қолданатын елдер
Таяуда Алматыда полицейлер маскасыз жүрген тұрғындарға 83 мың теңге көлемінде айыппұл салғаны хабарланған. Азия мен Еуропа елдерінде көшеде маска тақпағандарға қандай жаза қолданылады? Қай елде маскасыз жүргендерді түрмеге қамауы мүмкін? Tengrinews.kz тілшісі шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Таяуда Алматыда полицейлер маскасыз жүрген тұрғындарға 83 мың теңге көлемінде айыппұл салғаны хабарланған. Азия мен Еуропа елдерінде көшеде маска тақпағандарға қандай жаза қолданылады? Қай елде маскасыз жүргендерді түрмеге қамауы мүмкін? Tengrinews.kz тілшісі шолу жасады.
Ресей
Ресейде коронавирус бойынша жағдай мәз емес. Оңтүстік көршімізде 789 мың адам коронавирус жұқтырған. Елде ең көп зардап шегіп жатқан - Мәскеу. Ресей астанасында 235 мыңнан аса адамнан COVID-19 табылған.
Сондықтан өңірде көшеге маскасыз шығуға тыйым салынған. Әйтпесе, айыппұл. Қалада 1 маусымнан бастап маска-қолғап режимі енгізілген.
© РИА Новости
Мәскеу бақылау басқармасының басшысы Евгений Данчиковтің айтуынша, көлік ішінде маска-қолғап режимін бұзғандарға 5 мың рубль (29 мың теңге - авт. еск.) айыппұл салынады. Ал көшеде және ғимарат ішінде маскасыз жүргендердің айыппұлы - 4 мың рубль (23 мың теңге).
"1 маусымнан бастап тұрғындар үйден тыс кез келген жерде: дүкенде немесе жұмыста, серуендеуге шыққанда, таза ауада спортпен шұғылданғанда маска киюі керек. Кез келген ғимаратқа кірген кезде тек маска емес, сонымен қатар, қолғап қажет. Егер қала тұрғыны белгіленген талаптарды бұзса, ол әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Көшеде маскасыз жүрсеңіз, полиция қызметкерлері 4 мың рубль көлемінде айыппұл салуы мүмкін", - деді Данчиков ТАСС-қа берген сұхбатында.
Катар
Ал Катарда маска тақпағандар оңай құтылмайды. Катар ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 18 мамырдан бастап бұл елде көшеге маскасыз шығуға тыйым салынған.
Дүние жүзіндегі ең бай мемлекеттердің бірі саналатын Катарда 108 мың адам коронавирус жұқтырған. Бірақ ресми мәлімет бойынша, бүгінде оның 105 мыңы аурудан жазылған.
Фото aa.com.tr сайтынан
Елде COVID-19 тарауының бәсеңдеуіне Катардағы айыппұл да әсер етуі мүмкін. Себебі бұл елде маскасыз жүргендерге 200 мың риал (22 миллион теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Министрліктің Twitter-парақшасына сүйенсек, бұл жазаның соңы емес. Өйткені, Катарда маска режимін бұзғандар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Катарда тек автокөлік ішінде жалғыз болсаңыз ғана, маска тақпауға рұқсат берілген.
Франция
Француздар да қазір коронавируспен күресіп жатыр. Елде 178 мың коронавирус жұқтыру дерегі тіркелген. Науқастардың 80 мыңға жуығы ғана аурудан жазылған.
Сондықтан, үш күн бұрын, 20 шілдеден бастап Францияда жабық ғимараттарда маска тағу міндеттелді.
© Reuters
BFM TV мәліметі бойынша, жабық ғимараттарда маска тақпаған тұрғындарға 135 еуро (65 мың теңгеге жуық) көлемінде айыппұл салынады. Бұл ереженің сақталуын бақылау үшін тексерістер жүргізіледі екен.
Франция денсаулық сақтау министрі Оливье Веранның айтуынша, дүкен, жабық базарлар, банктер мен жабық спорт орталықтарында маскамен жүру қажет. Кинотеатр, театр мен мейрамханаларда да маскасыз жүруге болмайды. Тек тамақ ішіп отырған кезде ғана масканы шешуге рұқсат берілген.
Германия
Германияда 204 мың адамнан COVID-19 табылған. Бүгінде оның 189 мыңы аурудан жазылған. Бұл елдегі ахуалдың тұрақтануына германиялықтардың медициналық қауқарынан бөлек, елдегі режим де әсер еткен секілді.
Мысалы, сәуірдің аяғынан бастап Германияда маска тақпағандарға айыппұл салынды. Бұл ел федералды жерлерге бөлінеді, сондықтан әр аймақта айыппұл көлемі әр түрлі.
Елде "Маска режимін" енгізу себептерінің бірі - Йета қаласы. Германияда алғаш болып тұрғындарды маска киюге міндеттеген осы қала еді. Режим енгізілген соң өңірде эпидемиологиялық жағдай жақсарған. Қала шенеуніктері жаңа ережелер енгізілгеннен кейін коронавируспен күресте айтарлықтай жетістіктерге жеткенін айтады.
© Reuters
Мекленбург-Померанияда қоғамдық орында маска тақпағандар 25 еуросынан (12 мың теңге) қағылады. Ал Гессенде маска тақпағандарға ескерту жасалып, екінші рет ереже бұзса, 50 еуро (24 мың теңге) айыппұл салынады. Баварияда айыппұл 150 еуроға (72 мың теңге) дейін барады.
Германияда жұмысшылар маскасыз жүрсе, кәсіпорындар мен дүкендерге 5 мың еуро (2,4 миллион теңгеге жуық) көлемінде айыппұл салынады. Егер ереже үш рет бұзылса, қожайыны түрмеге қамалуы мүмкін.
Түркия
Түркия билігі бүгінде шекарасын ашып, туристер қабылдап жатыр. Бірақ бұл елде коронавируспен күрес жоқ дегенді білдірмейді.
Birgün мәліметінше, Түркияда да қоғамдық орындарда маскамен жүру қажет. Әйтпесе, заң бойынша жазалануыңыз мүмкін. Елдегі басты ережелердің бірін бұзсаңыз, 900 лира (54 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады. Жабық ғимаратта да, ашық жерлерде де маскамен жүруге талап қойылған.
© Reuters
Жергілікті БАҚ мәліметінше, түркиялық 81 провинцияның билігі алаңдар, көшелер, саябақтар, баубақшалар, ауылшаруашылық аудандары, қоғамдық көліктер мен кеңселер сияқты орындарда маска киюді талап етеді. Ал бұрын елде маска тақпағандарға тек ескерту жасалатын.
Бүгінде Түркияда 222 мың адам COVID-19 жұқтырған, оның 205 мыңы аурудан жазылған.
Показать комментарии
Читайте также