Ауғанстанда тәліптердің бақылауына өтпеген бір ғана провинция қалды, ол - Панжшер. Осыдан 25 жыл бұрын тура осы жерде тәліптер жеңіліп, Ауғанстанды толықтай ала алмаған еді. Бүгінде де бұл жер радикал күштерге тойтарыс беретін орынға айналуы әбден мүмкін. Панжшер провинциясының тарихы мен күші туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.
Ауғанстанда тәліптердің бақылауына өтпеген бір ғана провинция қалды, ол - Панжшер. Осыдан 25 жыл бұрын тура осы жерде тәліптер жеңіліп, Ауғанстанды толықтай ала алмаған еді. Бүгінде де бұл жер радикал күштерге тойтарыс беретін орынға айналуы әбден мүмкін. Панжшер провинциясының тарихы мен күші туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.
Панжшердің стратегиялық маңызы
Панжшер атауы дари тілінен аударғанда "бес арыстан" дегенді білдіреді. Аңыз бойынша, XI ғасырдың басындағы Сұлтан Махмуд Газневидің бес өкілі бір түнде сенімнің арқасында өзенге бөгет салған екен. Бұл бөгет әлі бар. Панжшер елдегі 34 провинцияның бірі. "Sputnik Қырғызстан" мәліметінше, онда 150 мыңға жуық адам тұрады, халқының 98,9 пайызы тәжіктер.
Панжшер провинциясында осы аттас шатқал бар. Ол Ауғанстанның солтүстік-шығысында орналасқан. Оны геологиялық тұрғыдан аңғар десе де болады, өйткені әдеттегі шатқалдардан кіші. Кабулдан солтүстікке қарай 120 шақырым жерде тұр. Панжшер өзенінің кең алқабы Ауғанстанды оңтүстік пен солтүстікке бөледі. Бұл аймақтың ерекшелігі - Панжшер өзені салаларының күрделі жүйесінде, ол тар шатқалдар арқылы өтеді де соғыс кезінде таптырмас пана бола алады. Оны партизандық соғыс үшін тамаша арена деп те айтады.
Бұл жер 1975 жылы коммунистік режимге, содан кейін 1979-1989 жылдардағы Ауған соғысы кезінде Кеңес әскерлеріне қарсы қақтығыста негізгі орталықтарының бірі болған. Мұнда Панжшер арыстаны лақапатымен белгілі дала командирі Ахмад Шах Масудтың жасақтары орналасты. Шатқалға жақын жерде атақты Саланг асуы бар, ол арқылы Хайратон-Кабул тасжолы өтеді. Дәл осы жол КСРО-дан Ауғанстанға әскери және азаматтық мақсаттағы жүктерді жеткізетін автоколонналар үшін негізгі магистраль болған.
Wikipedia энциклопедиясындағы ақпаратқа сәйкес, Ауған соғысы кезінде Ахмад Шах Масудтың жасағына қарсы көптеген ауқымды операция жүргізілген. Алайда ешкім толық жаулап ала алмаған.
"Ең қиын жағдай Панжшер шатқалында болды. Бұл шатқал Ауғанстанды екіге бөліп, елдің батыс шекарасынан Қытайға дейін созылады. Душмандарды әйгілі Ахмад Шах Масуд бастайтын... Сол кезде, 80-жылдары ол біздің бірнеше шабуылымызға сәтті тойтарыс берді", - деген еді 1985-1986 жылдары 40-ншы армияның қолбасшысы генерал Родионов.
Алқап табиғи қорғанысымен құнды, ол 1990-жылдардағы азаматтық соғыста "Талибан" ықпалына түскен емес.
© REUTERS
Енді қазір бұл жер тәліптерге тойтарыс беретін діңгек болуы мүмкін екені айтып жатыр. Тарихта мұндай оқиға екінші рет қайталанып отыр. 1996 жылдың қыркүйегінде тәліптер Кабулды басып алғаннан кейін үкімет әскері мен президент Раббани осы шатқалды паналаған болатын. "Талибан" жақтастары Ауғанстанды толық бақылауға алғанын ресми түрде мәлімдегенімен, 100 шақырымдық шатқалда қарсылас күштер жасақталды, бұл ұйымға түпкі мақсатына жетуге, бүкіл елге үстемдік етуге мүмкіндік бермеді.
Бірақ бұл жолы жағдай басқаша. 1996 жылы Панжшер, Бадахшан және Тахар мен Парван провинцияларының бір бөлігі тәліптерге қарсы күштердің бақылауында болса, қазір бұл аймақтар негізінен "Талибан" қолында.
"Бірақ ең маңызды фактор - 1990 жылдары қорғаныс министрі Раббани мен Ахмад Шах Масуд басқарған сияқты біртұтас антитәліптік қолбасшылардың болмауы", - делінген Sputnik Тәжікстан порталында.
Жақында Кеңес Одағы мен "Талибанға" қарсы күресте тәжірибесі бар арнайы күштердің бұрынғы қолбасшысы генерал Вадуд Хан "Sputnik Тәжікстанға" берген сұхбатында былай деген:
"Ауғанстандағы кейінгі 40 жылғы соғыста Панжшер стратегиялық шатқал саналды. Панжшер - Ауғанстанның кілті. Бұл шатқалды кім алса, сол Ауғанстаннан орын табады. "Талибан" мұны түсінеді, сондықтан оның айналасын тарылтып жатыр. Үкімет Панжшердегі қарсылық күштерімен жұмыс істемейді. Алайда "Талибанмен" күресте және Ауғанстанды құтқаруда шатқалға күштерді шоғырландырып жатқан адамдар да бар".
Панжшерде қазір не болып жатыр?
15 тамызда үкімет күштері мен халықтан жиналған жасақ Панжшердің шекарасына жиналғаны хабарланды. "Sputnik Тәжікстан" ақпараты бойынша, қазір шатқалда 20-ға жуық әскери база бар, ал бұған дейінгі "Талибанмен" өткен шайқастарда олардың сына сегіз ғана болғаны атап өтілді.
БАҚ-тағы соңғы деректерге сүйенсек, Панжшерде тәліптермен қақтығыс басталып кетті. Өзін Ауғанстанның уақытша президенті деп жариялаған бұрынғы вице-президент Амрулла Салехкенің әскері Кабулдан солтүстікке қарай Панжшерде "Талибан" қозғалысының қарулы күштерімен соғысып жатыр. Бұл туралы сейсенбіде Al-Alam телеарнасы Бейруттан хабар таратты.
Ақпарат бойынша, Салехкенің қарулы күштері Парван провинциясындағы Чарикар аймағын басып алып, тәліптерді шығарды. Айта кетейік, Чарикар мен Саланг туннелі арқылы Кабулды Балхтың солтүстік-батыс провинциясының әкімшілік орталығы Мазари Шарифпен байланыстыратын стратегиялық тасжол өтеді.
Сонымен қатар, 2014-2020 жылдары Ауғанстанның вице-президенті лауазымын атқарған ұлттық ислам қозғалысының жетекшісі маршал Абдул-Рашид Дустум Панжшер шатқалына 10 мың әскер жібергені хабарланды. Барлау мәліметтері бойынша, Кабул, Парван және басқа да үкіметтік күштер мен халық көтерілістері Панжшерден пана іздегені де мәлім.
Бұған дейін саяси көшбасшылар, оның ішінде бұрынғы вице-президент Амрулла Салех және 1980-1990 жылдары ауған моджахедтерінің көсемі, дала командирі және қорғаныс министрі Ахмад Шах Масудтың 32 жастағы ұлы Ахмад Масуд "Талибан" қозғалысына қарсылық ұйымын жариялаған еді. Олар бейбітшілік туралы келіссөздерге ашық екенін де мәлімдеген. Алайда келіссөздер сәтсіз өтсе, қақтығыс болуы мүмкін деген болжам жасалды. Бірақ қарулы қақтығыста олар қанша уақытқа шыдайтыны белгісіз, өйткені Панжшер барлық жағынан қоршалған және халықаралық шекараға шығатын ресурстар аз.
© REUTERS
Өзін елдің уақытша басшысы деп жариялаған Ахмад Масудтың француз жазушысы, философ Бернард-Анри Леви La Règle du Jeu журналында жарияланған хатында ол тәліптерге қарсы күресте едерден көмек сұрады:
"Ауғанстанда күш көрсету басым. (...) Бәрі осымен бітті ме? Жоқ.
Әкем, командир Масуд, біздің ұлттық батыр, маған мұра қалдырды және бұл мұра - ауған бостандығы үшін күрес. Бұл енді менің күресім. Мен және менің серіктерім қанымызды беруге дайынбыз. Біз барлық азат ауғанды, құлдықтан бас тартқандардың бәрін Панжшерге қосылуға шақырамыз. Барлық аймақ пен тайпа жұртына айтарым: бізбен бірге соғысыңдар! Шетелде тұратын, бірақ жүрегімізге жақын ауғандарға айтарым: сіздің Панжшерде әлі берілмеген отандастарыңыз бар екенін біліңіз. Бізге бостандық үшін күресте көмектескен басқа елдерден сұрарым: "Қымбатты достар, бізге тағы бір рет, бұрынғыдай көмектесе аласыздар ба?" Кейбіреудің сатқындығына қарамастан, біз әлі де сенеміз".
Ахмад Масуд 1940 жылғы Еуропаны ауғанның қазіргі жағдайымен салыстырды. Елдің жеңілісі, Панжшерді қоспағанда, аяқталды, ал жеңілгендер өз қателіктерінен тәліптермен ынтымақтастықты бастайды.
"Бүгін мен генерал де Голль француз әскері жеңілгеннен кейін не айтқанын ойладым: "Франция ұрыста жеңілді, бірақ соғыста емес". Біз, ауғандар, тіпті шайқаста жеңілген жоқпыз, өйткені Кабул соғысқан жоқ. Біз бірге Ауғанстан тарихының жаңа бетін жазамыз. Құдайдың көмегімен біз жеңеміз", - деп қорытындылады ол.
Ahmad Massoud : « Nous allons écrire ensemble une nouvelle page de l’éternelle résistance des opprimés contre la tyrannie. »
— La Règle du jeu (@laregledujeuorg) August 16, 2021
Pour lire l’appel à la résistance du fils du Commandant Massoud, confié à La Règle du jeu.? #Afghanistan #Talibans https://t.co/MJAgjATpYE