ПОДЕЛИТЬСЯ
16 августа 2021 | 13:08
Содырлар келіп, президент қашты. Ауғанстанда не болып жатыр?
"Талибан" радикал қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған - ескерт.) Ауғанстанды өз билігіне алды. Кеше тәліптер ел астанасы Кабулды жаулап алды. Енді олар мемлекетте Ауғанстан Ислам Әмірлігін құрмақ. Tengrinews.kz тілшісі Ауғанстанда болып жатқан жағдайға шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
"Талибан" радикал қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған - ескерт.) Ауғанстанды өз билігіне алды. Кеше тәліптер ел астанасы Кабулды жаулап алды. Енді олар мемлекетте Ауғанстан Ислам Әмірлігін құрмақ. Tengrinews.kz тілшісі Ауғанстанда болып жатқан жағдайға шолу жасады.
Кейінгі күндері тәліптер Ауғанстанның 90 пайызын жаулап, тек Кабул үкіметте қалғаны хабарланған. Ал кеше тәліптер Кабулға кірді. Ауғанстан ІІМ сол кезде тәліптер "жан-жақтан келіп жатқанын", ешқандай ұрыс әрекеттері болмағанын хабарлаған. Бірақ тәліптерге соғыс керек те болмады, олар Кабулды бейбіт түрде басып алды.
Фото ©️ Reuters
Мұның алдында тәліптер тағы бір ірі қала Джелалабадты да осылай жаулап алған. Өңір губернаторы бейбіт түрде жеңілген болатын.
"Талибан" Кабулға кірген кезде биліктегілер халықты тыныштандырып, бәрі бақылауда екенін айтқан. Бірақ халық сене қойған жоқ. Кабул көшелерінде кептеліс болды, сөмкесін көтерген халық үйіне қашып жатты. Әуежайға жүгіргендер де көп болды.
Фото ©️ Reuters
"Кей адам кілтін көлігінде қалдырып, әуежайға қарай кетті", - деді тұрғындардың бірі.
Өз кезегінде "Талибан" өкілі Забиулла Мужжахид Tolo News телеарнасы эфирінде "Талибан" Ауғанстан астанасына кіру туралы өтініш алғанын, олар қаланың қауіпсіздігін бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
Артынша Al-Arabiya ауған БАҚ-тарына сілтеме жасап, тәліптер Кабулда президент сарайына басып кіргенін хабарлады.
Reuters агенттігінің хабарына қарағанда, "Талибан" өкілдері Ауғанстанда өтпелі үкімет болмайды деп мәлімдеді. Елдегі билік тікелей беріледі деп күтіледі екен.
Тәліптер Кабулдағы президент сарайында отыр. © Al-Arabiya
Washington Post газеті тәліптер ауған астанасын жаулап алу үшін бірнеше жыл дайындалып, бір күнде ғана басып кіргенін жазды.
Президенті елден кетіп қалды
Кеше Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Кабулдан кетіп қалды. Ашраф Ғани отставкаға кетуге келіскеннен кейін елден ұшып кетті. Оның ұшаққа мініп бара жатқан сәтін ирандық Тasnim агенттігі видеоға түсіріп алған.
Журналистер Ашраф Ғаниді оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Хамдулла Мухиб пен Әкімшілік басшысы Фазл Махмуд алып жүргенін хабарлап жатыр.
Ғанидің нақты қай елге ұшып кеткені әлі ресми хабарланбады. Бірақ ел президенті әйелі Рула және екі кеңесшімен бірге Өзбекстанға барыпты. Бұл туралы New York Times газеті анықтады, басылым дереккөзі Дохадағы келіссөзде Ауған делегациясының аты аталмаған мүшесі екені белгілі.
Ашраф Ғани. Фото ©️ Reuters
РИА Новости мәліметінше, Ашраф Ғанидың жеке күзетшісі Катардың АL-Jazeera телеарнасына экс-президент Ташкентке ұшып кеткенін растаған.
"Ғани әйелі, кеңсесінің директоры және Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Ташкентке ұшып кетті", - деп келтіреді басылым президенттің жеке күзетшісінің сөзін.
Ал Facebook желісіндегі парақшасында Ашраф Ғани қантөгістің алдын алу үшін өкілеттігінен бас тартқанын мәлімдеп, жазба жариялапты.
"Талибандар" мені тағымнан кетіру үшін түгелдей Кабулға шабуыл жасауға дайын екенін ұқтырды. Қантөгістің алдын алу үшін мен кетуді ұйғардым", - деп жазды Ғани.
"Талибан" жаңа мемлекет құрады
"Талибан" радикал қозғалысының содырлары жақын арада Ауғанстан Ислам Әмірлігі құрылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Associated Press агенттігіне қозғалыс өкілі айтты.
Тәліптер өкілінің айтуынша, бұл туралы содырлар басып алған Кабулдағы президент сарайында хабарланады. Агенттік ақпаратына сүйенсек, тәліптер өкілі аты-жөнін айтпауды сұраған, себебі оған БАҚ-қа ақпарат айтуға құзырет берілмеген.
Фото ©️ Reuters
Ауғанстан Ислам Әмірлігі бұрын да болды. 1996-2001 жылдары Ауғанстан аумағы "Талибан" бақылауында болған кезде мемлекет дәл осылай аталған еді. Сол кезде өзін әмірлік деп жариялаған мемлекетті Пәкістан, Сауд Арабиясы мен Түрікменстан секілді аз ғана ел мойындаған.
Ол кезде тәліптер билікке келгеннен кейін өз аумағында қатаң ережелер сақтаған болатын. Мысалы, қыздарға мектепке баруға тыйым салынды, ал әйелдерге үйден тыс жерде жұмыс істеуге немесе бүкіл денесін жабатын киімсіз және ер адамсыз көпшілік алдында көрінуге болмайтын. Тәртіп бұзушылар көпшілік алдында ұрып-соғылды немесе өлім жазасына кесілген болатын.
Фото ©️ Reuters
Ал алдағы уақытта Ауғанстан заңы қалай өзгеретініт белгісіз. Әзірше "Талибан" содырларына ауған халқын, жекеменшігін қорғауға бұйрық берілген.
"Талибан" саяси кеңсесінің өкілі Сухейль Шахиннің айтуынша, полиция мен әскери қызметмешілер қару-жарағын тапсырып, тәліптерге қосылса, кешірім алады.
Әлем елдері не дейді?
Ауғанстандағы жағдай бүкіл әлемнің назарында. АҚШ экс-президенті Дональд Трамп бұл елдегі жағдайды "АҚШ-тың - ең үлкен жеңілісі" деп бағалады.
Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Кабулдың құлауын "жантүршігерлік оқиға" деп атады. Ол америкалық күштер барлық америкалықты, сондай-ақ АҚШ-пен ынтымақтасқан ауғандарды елден шығару бойынша шара жүргізіп жатқанын атап өтті.
Мемлекеттік хатшы Ауғанстанда қалу АҚШ мүддесі емес екенін атап өтті.
Фото ©️ Reuters
Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.
"Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда", - деп жазды Тоқаев Twitter-де.
Бүгінде АҚШ, Франция, Германия, Украина, Италия мен Ұлыбритания секілді 60-қа жуық ел Ауғанстаннан шетелдіктерді қауіпсіз түрде шығару керегін айтып жатыр. Олар Ауғанстандағы жолдар, әуежайлар мен шекара өткелдерін ашық қалдыруға шақырған.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерреш "Талибан" мен Ауғанстандағы басқа да тараптарды халық қауіпсіздігін ойлауға шақырды.
Фото ©️ Reuters
Ал әзірше тәліптер Ауғанстанда соғысты тоқтатпақ. "Талибан" ресми өкілі Мұхаммед Наим "Әл-Жазира" телеарнасының эфирінде Ауғанстандағы соғыс біткенін айтты.
"Елімізде 20 жылға созылған соғысты аяқтадық", - деді Наим.
Оның айтуынша, енді ауғандар мен дипломаттар елде қауіпсіз бола алады. Ал Ауғанстанда алдағы уақытта билік формасы орнатылады. Бірақ әзірше елде жағдай әлі оңалмай тұр.
Показать комментарии
Читайте также