Былтырғы АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесі бойынша жеңіске жеткен бұрынғы вице-президент және сенатор Джо Байден жаңа қызметке кірісе сала бірқатар заңға өзгеріс енгізді. Көбі экс-президент Дональд Трамптың кезінде қабылданған заңдардағы өзгеріс. Tengrinews.kz тілшісі Байден қабылдап, өзгеріс енгізген заңдарына шолу жасады.
Былтырғы АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесі бойынша жеңіске жеткен бұрынғы вице-президент және сенатор Джо Байден жаңа қызметке кірісе сала бірқатар заңға өзгеріс енгізді. Көбі экс-президент Дональд Трамптың кезінде қабылданған заңдардағы өзгеріс. Tengrinews.kz тілшісі Байден қабылдап, өзгеріс енгізген заңдарына шолу жасады.
Өлім жазасы алынуы мүмкін
АҚШ президенті Джо Байден өлім жазасын федерал деңгейде жоюға ниеттеніп отыр. Бұл туралы бірнеше БАҚ жазды.
The Star басылымының мәліметінше, Байден АҚШ Әділет министрлігіне жаңа жазаларды жоспарлауды тоқтатуды тапсырған. Джо Байден өлім жазасына ашық түрде қарсы шыққан алғашқы президент екені айтылған.
Алайда Ақ үйдің баспасөз хатшысы Дженнифер Псаки Байденнің өлім жазасына қатысты жоспары туралы сұрақтарға жауап берген жоқ.
Байден өзінің сайлау науқаны кезінде "федералды деңгейде өлім жазасын алып тастау туралы заң қабылдауға және штаттарды федерал үкіметтің үлгісімен жүруге шақыруға" уәде еткен.
Айта кетейік, 2021 жылдың басында АҚШ-та әйел адамға 1953 жылдан бергі алғашқы өлім жазасы орындалды. 52 жастағы Лиза Монтгомериге Индиана штатындағы Терре-Хот түрмесінде өлім инъекциясы салынды.
Антимиграциялық заңдардағы өзгеріс
3 ақпанда Байден Трамптың көші-қон саясатындағы бұйрықтарын жою туралы жарлыққа қол қойды. Яғни құжатқа сәйкес, АҚШ-Мексика шекарасында екі жақта қалған ата-аналар мен балалардың қосылуы қарастырылған. Байденнің әкімшілігі Трамптың президенттігі кезінде мигранттардың басын қосу үшін жұмысшылар тобын құруды қарастырды, оны ұлттық қауіпсіздік министрі Алехандро Майоркас басқарады.
Жаңа президент Дональд Трамп енгізген көші-қон саласындағы жарлықтарды АҚШ қауіпсіздігіне қарсы деп танып, "жаман саясатты" жоятынын мәлімдеді.
Фото: Reuters
COVID-19-ды "қытайлық вирус" деп атауға тыйым салады
Биыл 27 қаңтарда АҚШ президенті Джо Байден үкіметтік құжаттарда "қытайлық вирус" терминін қолдануға тыйым салатыны белгілі болды. Джо Байденнің әкімшілігі мен АҚШ-тың Ұлттық саясат жөніндегі кеңесі АҚШ-тың азиялық тұрғындарына қарсы жеккөрушілік қылмыстардың өршуіне байланысты нәсілді қорлайтын терминдерге қатысты бұйрық әзірлеп жатыр.
Бұл директиваға коронавирусқа қатысты ксенофобиялық сілтемелерді зерттейтін Әділет департаменті мен АҚШ Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету департаментінің нұсқаулары кіреді. Нәсілдер немесе елдер ерекшелігі аталатын кез келген мәлімдемені қолданыстағы саяси құжаттан, директивтен және Трамп әкімшілігі жариялаған мемлекеттік веб-сайттардан алып тастауға бұйрық беріледі.
Мексикамен шекарадағы қабырға құрылысы тоқтауы мүмкін
France 24 басылымының мәліметінше, Байден Трамптың бірқатар шешімін қайтарып алу үшін 17 жарлыққа қол қоймақ. Оның ішінде, Байден Мексикамен шекарадағы қабырға құрылысын қаржыландыруды тоқтатуға ниетті және құрылысқа кеткен ақшаны қайда бағыттау керегін қарастырады. Айта кетейік, қабырға Трамптың сайлау алдындағы уәделерінің бірі болған.
Джо Байденнің жоспарына сәйкес, жарлықтар Дональд Трамп енгізген біржақты шараларды алып тастауға бағытталған, қалғаны денсаулық сақтау және пандемия салдарынан туындаған экономикалық дағдарысты шешуге арналған.
Қырғызстандықтарға визалық шектеу алып тасталды
Бұл туралы 21 қаңтарда АҚШ-тың Қырғызстандағы елшілігі хабарлады. Байден 20 қаңтарда қырғызстандықтар үшін елден иммигранттардың келуін тоқтата тұрған иммиграциялық және Green Card (Diversity Visa) беру шектеулерін алып тастау туралы Жарлыққа қол қойды.
БАҚ мәліметінше, иммиграцияға шектеу африкалық және мұсылман елдеріне де алынып тасталған. Оның ішінде, Иран, Йемен, Ливия, Сирия, Сомали және Чад бар.
Айта кетейік, барлық тыйым мен шектеуді 2017 жылы елдің экс-президенті Дональд Трамп енгізген болатын.
Трансгендерлерге әскерге баруға рұқсат берілді
26 қаңтарда Байден қайтадан трансгендерлерге әскерге баруға рұқсат берді. Президент қол қойған құжатқа сәйкес, АҚШ Қарулы күштерінде қызмет етуге жарамды кез келген америкалық әскерге баруға мүмкіндік беріледі.
"Бұл бұрын қолдауға ие болған позицияны қалыпқа келтіру. Жалпы мен бұған дейін болған жағдайды қайтадан қабылдап жатырмын. Трансгендер әскерилер егер олар барлық тұсынан квалификацияланған болса, олар өз үкіметі үшін АҚШ қарулы күштерінің қатарында қызмет ете алады", - делінген сайтта.
Айта кетейік, 2016 жылы Ақ үйді Барак Обама басқарған кезде трансгендерлердің әскер қатарына шақырылуына ресми түрде рұқсат болған. Алайда артынша экс-президент Дональд Трамп енді ғана қызметіне кіріскен кезде, 2017 жылы трансгендерлерге әскерге баруға тыйым салған болатын.
Еске салайық, АҚШ-тағы кезекті президент сайлауы 2020 жылдың 3 қарашасында өтті. Праймериз кезінде екі негізгі кандидат сайланды: Трамп - Республикалық партияның атынан болса, бұрынғы вице-президент және сенатор Байден - Демократиялық партияның атынан.
7 қарашада бірнеше БАҚ Джо Байден президент болып сайланғанын хабарлады. Ал 15 желтоқсанда Байденнің президент болып сайланғаны расталды. Жаңа президентті ұлықтау рәсімі биыл 20 қаңтарда болып, экс-президент Дональд Трамп әйелімен бірге Ақ үйден кетті.