ПОДЕЛИТЬСЯ
17 февраля 2020 | 14:53
Қытайда тараған вирус: ғалымдар қандай зерттеу жүргізіп жатыр?
Қытайдың Ухан қаласынан бастау алған қауіпті індет, коронавирустың жаңа түрінің (COVID-2019) тарағанына бір жарым айдан аса уақыт өтті. Алғашында вирустың бұл түрі неден шыққаны туралы түрлі пікір айтылды. Ғалымдар да күн сайын зерттеу жүргізіп жатыр. Зерттеушілер COVID-2019-ға қатысты қандай тұжырымдама жасады? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қытайдың Ухан қаласынан бастау алған қауіпті індет, коронавирустың жаңа түрінің (COVID-2019) тарағанына бір жарым айдан аса уақыт өтті. Алғашында вирустың бұл түрі неден шыққаны туралы түрлі пікір айтылды. Ғалымдар да күн сайын зерттеу жүргізіп жатыр. Зерттеушілер COVID-2019-ға қатысты қандай тұжырымдама жасады? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.
Коронавирустың жаңа түріне ресми атау берілді
Ухан қаласында белгісіз вирустың тарай бастағаны туралы Қытай билігі былтыр 31 желтоқсанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына хабарлаған. Мамандар қаладағы теңіз өнімдері базарынан алынған сынамаларды зерттеп, вирустың қайнаркөзі сол базарда сатылған жабайы жануарлар болғанын анықтаған.
Артынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдағы коронавирусты әлемдік деңгейдегі төтенше жағдай деп бағалады. Сондай-ақ, ұйым бұл вирусты уақытша 2019-nCoV деп атап, кейінірек ресми түрде COVID-2019 деген атау берді. Яғни, CO - коронавирус, VI - вирус және D ауруды білдіреді.
South China Morning Post хабарына қарағанда, 17 ақпандағы таңғы жағдай бойынша, бүкіл әлемде 71 326 адам коронавирустың жаңа түрін жұқтырған, қайтыс болғандардың саны - 1775 адам. Тағы 10 610 науқас ауруханадан шығарылған.
Әлем халқының 60 пайызы коронавирус жұқтыруы мүмкін
13 ақпанда Гонконгтың бас эпидемиологы, профессор Габриэль Люн осындай мәлімдеме жасады. Демек, Қытайдан тараған COVID-19 вирусы қарқынды тарауын тоқтатпаса 45 миллионнан аса адамның өмірін қиюы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейус коронавирустың Қытайдан тыс жерде тарауының бүгінгі жағдайы "мұзтаудың басы" екенін айтты. Гонконг профессорының айтуынша да қазіргі басты мәселе - сол "мұзтаудың" өлшемі мен көлемін анықтау болып тұр.
"Әлем халқының 60 пайызы - тым көп", - деп мәлімдеді Люн.
Габриэль Люннің айтуынша, коронавирустан өлім-жітім 1 пайыз болғанның өзінде ауру миллиондаған адамның өмірін қияды. Бүгінде Жер бетінде 7,57 миллиард адам бар, коронавирус кем дегенде 4,5 миллиард адамға жұғуы мүмкін, өлім-жітім 1 пайыз болғанның өзінде бұл 45 миллион адам қайтыс болады деген сөз.
Әлі 500 мыңға жуық адам жұқтыруы мүмкін
Ал Ұлыбританиялық ғалымдар Уханнан тараған аурудың негізінде математикалық модель құрастырып, осындай шешімге келген. Лондондағы гигиена және тропикалық ауруларды зерттеу мектебінің ғалымдары COVID-2019 вирустан кем дегенде 500 мыңға жуық адам жұқтыруы мүмкін деген пікірде. Зерттеушілердің сөзінше, таралып жатқан ресми мәліметтер шындыққа жанаспайды.
"Бананнан жұғады", "Мәйіттерді өртеп жатыр". Коронавирус туралы Қазақстанда тараған фейктер
Ұлыбританиялық зерттеушілердің айтуынша, вирустың жаппай тарауы ақпанның екінші жартысында өрши түседі.
"Негізі жағдай екіұшты. Сондықтан нақты бір күнді белгілеу мүмкін емес. Бізде бар мәліметтерге сүйене отырып, аурудың тарау шыңында Уханның 5 пайыз тұрғыны, яғни, 500 мыңға жуық адам жұқтыруы мүмкін", - дейді бағдарлама авторларының бірі Адам Кухарский.
Ұлыбританиялық ғалымдардың сөзінше, алдағы екі апта жалпы жағдайды реттеу үшін маңызды күндер. Вирус әрі қарай тарай ма, жоқ па екі апта аралығында белгілі болады.
Панголин - вирусты тасымалдаған болуы мүмкін
Бұған дейін вирус жарқанат сорпасы немесе жыланнан жұғуы мүмкін деген шешім шығарған қытайлық мамандар енді ауруды тасымалдаушылардың қатарына панголинді жатқызған. Себебі Қытай ғалымдары коронавирустың жаңа түрін жұқтырған адамның геномы мен басынан аяғына дейін қабыршақталған экзотикалық жануардың геномымен салыстырған. Нәтижесінде, вирустың ДНҚ құрылымы бірдей болып шыққан.
Панголиндердің қабыршағы дәстүрлі емес қытай медицинасында және аспаздықта кеңінен қолданылады екен. Сондықтан тұрғындар вирусты жануардан ас қорыту жолдары арқылы жұқтырған болуы мүмкін.
Коронавирусты тоқтататын дәрі табылған болуы мүмкін
РИА Новости мәліметінше, Шанхай фармакологиялық институтындағы ғалымдары Shuanghuanglian Koufuye деп аталатын дәрі коронавирусты тоқтатуы мүмкін екенін айтқан.
Препараттың құрамында жапон ұшқаты, байкал томағашөбі мен форсайтия өсімдігі бар. Қытай медицинасы бойынша, бұл үш өсімдік қызуды түсіріп, токсиндерді және адам ағзасының ішін мен сыртын тазалайды. Заманауи зерттеулерге сәйкес, Shuanghuanglian Koufuye вирусқа қарсы және антибактериалдық қасиеті бар, сонымен қатар, ағзаның иммундық қызметін арттырады екен.
Бүгінде бұл дәрі клиникалық сынамадан өтіп жатыр. Артынша Қытайдың мемлекеттік денсаулық сақтау комитеті коронавирусқа қарсы әсер етуі мүмкін тағы бір препаратты атаған. Ол - Huoxiangzhengqi koufuye деп аталатын дәрі.
Ұлыбритания сарапшыларының болжамы бойынша, Қытайда қауіпті індеттен әлі 3 мыңға жуық адам қайтыс болуы мүмкін. Бүгінде клиникалық сынамадан Ремдесивир деп аталатын тағы бір дәрі өтіп жатыр екен. Бұл америкалық Gilead Sciences компаниясының өнімі. Препарат SARS және MERS респираторлық синдромы кезінде жануарлар мен жасушаларға вирусқа қарсы жасалған сынама кезінде оң нәтиже берген.
Сондай-ақ, Ремдесивир препараты Эбола індеті кезінде клиникалық сынамадан өткен. Ал коронавирустың жаңа түріне қатысты америкалық ғалымдар препаратты жасуша деңгейінде сынама жасаған. Клиникалық зерттеулерге 761 науқас қатысады.
Показать комментарии
Читайте также