ПОДЕЛИТЬСЯ
12 октября 2020 | 16:47
Қырғызстандағы көтеріліс: билікке кімдер келді?
Қырғыз елінде парламент сайлауының нәтижесіне байланысты митинг осыдан бір апта бұрын басталды. Сол уақыттан бері елде біраз өзгеріс пен жаңа кадрлық тағайындаулар болды. Бішкектің мэрі ауысып, халық жақтаған оппозиционер Садыр Жаппаров премьер-министр болып тағайындалды. Жаңадан тағайындалған қырғызстандық шенеуніктер туралы не белгілі? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қырғыз елінде парламент сайлауының нәтижесіне байланысты митинг осыдан бір апта бұрын басталды. Сол уақыттан бері елде біраз өзгеріс пен жаңа кадрлық тағайындаулар болды. Бішкектің мэрі ауысып, халық жақтаған оппозиционер Садыр Жаппаров премьер-министр болып тағайындалды. Жаңадан тағайындалған қырғызстандық шенеуніктер туралы не белгілі? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
Алмаз Бакетаев - Бішкек мэрінің міндетін атқарушы
6 қазанда Бішкектің экс-мэрі Азиз Суракматов өтініш жазып, өз еркімен отставкаға кетті. Сол күні ереуілшілер қаланың жаңа мэрін өз бетінше тағайындап алған еді. Ол - парламент сайлауында жеңіліп қалған "Республика" партиясының үміткері Жоошбек Коеналиев. Бұл туралы қалалық муниципалитет хабарлады. Ал 7 қазанда Бішкек мэрінің міндетін уақытша атқарушы болып бірінші вице-мэр Алмаз Бакетаев тағайындалды.
Алмаз Бакетаев 1971 жылы 20 қаңтарда Талас қаласында туған. 1993 жылы Фрунзе Политехникалық институтын, 1995 жылы Қырғыз мемлекеттік ұлттық университетінің кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру институтын аяқтаған. Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. 2013 жылдың мамыр айынан 2018 жылдың қыркүйегіне дейін қаржы министрінің орынбасары болған. 2018 жылы 27 қыркүйекте Бішкек вице-мэрі болып тағайындалған.
Таалайбек Омуралиев - Қарулы Күштер Бас штабының басшысы
Бұған дейін Қырғызстанның Қарулы Күштер Бас штабының басшысы Райимберди Дуйшенбиев болған. 9 қазанда ел президенті Сооронбай Жээнбеков Дуйшенбиевті қызметінен босатып, оның орнына Таалайбек Омуралиевті тағайындады.
Омуралиев 2011-2014 жылдары Қырғызстанның Қорғаныс министрі болған. 2014 жылы Қырғыз республикасының Әскери проратурасы Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштер Бас штабының әскери қызметшілеріне қызметтік пәтерлерді үлестіруді тексерді. Тексеріс нәтижесі бойынша, қадағалау органы Омуралиев Таалайбекке "Билігін асыра пайдалану", "Қызметтік жалғандық" және "Салақтық" баптары бойынша айып тақты.
Таалайбек Омуралиев © elgezit.kg
2017 жылдың желтоқсанында Бішкектің Первомай аудандық соты Омуралиевке генерал атағынан айыру және қомақты айыппұл салу туралы сот шешім шығарған болатын. Алайда 2018 жылдың маусымында Бішкек қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы соттың алдыңғы шешімін қайта қарастырып, Омуралиевтің генерал шенін қалдырды.
"Ақ үйдің тас-талқаны шықты". Бішкектегі жаппай тәртіпсіздік қалай өрбіді?
Садыр Жапаров - премьер-министр
10 қазанда оппозиционер Садыр Жапаров Қырғызстанның премьер-министрі болып тағайындалды. Жаңа премьер Жогорку Кенештің кезектен тыс отырысында "елдегі алдағы жағдайға байланысты бар жауапкершілікті өз мойнына алатынын" айтты. Сонымен қатар, Жапаров барлық саясаткерді Қырғыз халқының алдында кешірім сұрауға шақырып, президент Сооранбай Жээнбеков отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген болатын.
"Әзірше мен министрлер кабинетінің қазіргі мүшелерімен жұмыс істеуге дайынмын. Бірақ болашақта өзгерістер болады, міндетті түрде жас мамандар келеді", - деді ол.
Садыр Жапаров саяси карьерасын 2005 жылы "Қызғалдақ революциясынан" кейін бастаған. Сол жылы Жапаров Жогоргу Кенешке депутат болып тағайындалды. 2005-2010 жылдары билік еткен Құрманбек Бакиевтің жақтасы болған.
Садыр Жапаров © Қырғыз Жогоргу Кенешінің баспасөз қызметі
2012 жылы Жапаровты қылмыстық қудалау басталды. Осыдан сегіз жыл бұрын Орталық Азиядағы ең биік таулы алтын кен орны "Құмтөрді" мемлекеттендіру мақсатында өткен митинг кезінде наразы тұрғындар Бішкектегі Ақ үйді басып алмақ болған. Саясаткер Қамчыбек Ташиев пен Жапаровқа Қырғызстанның Қылмыстық кодексінің 295-бабы бойынша айып тағылған еді. 2013 жылдың наурызында Бішкектің Первомай аудандық соты оларды кінәлі деп танып, бір жыл алты айға бас бостандықтарынан айырған. Алайда сол жылы маусым айында қалалық сот саясаткерлерді ақтап, сот залында босатып жіберген.
2013 жылдың 27 маусымында Құмтөрде тағы бір жаппай тәртіпсіздік болып, митингіге шыққандар сол кездегі облыс губернаторы Эмилбек Қаптағаевты кепілге алмақ болған. Үкімет оны Садыр Жапаров пен Кубанычбек Қадыров ұйымдастырды деп кінәлаған. Тәртіпсіздіктің басшылары ұсталды, алайда Садыр Жапаров өзінің қатысы жоғын айтып, елден кетіп қалған. Біраз уақыт Кипрде тұрды. 2017 жылы Қырғызстанға қайтуға тырысқан. Осыдан үш жыл бұрын қырғыз-қазақ шекарасында ұсталды. Эмилбек Қаптағаевты кепілге алу ісі бойынша ол 11 жыл, 6 айға бас бостандығынан айырылған еді.
Жапаров 6 қазан күнгі митинг кезінде Қамчыбек Ташиевтің басшылығымен босатылып шығып, Бішкектің орталығына келіп, сөз сөйледі.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Показать комментарии
Читайте также