Дүние жүзі бойынша COVID-19 жұқтырғандардың саны 5 миллионға жуықтады. Шамамен 2 миллионға жуық адам аурудан айығып шықты. Бірақ коронавирусқа қарсы нақты препарат та, вакцина да әзірше жоқ. Көптеген ел COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеп, кейбірі оны сынақтан сәтті өткізген. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа қарсы жасалып жатқан вакциналар туралы соңғы мәліметтерге шолу жасады.
Дүние жүзі бойынша COVID-19 жұқтырғандардың саны 5 миллионға жуықтады. Шамамен 2 миллионға жуық адам аурудан айығып шықты. Бірақ коронавирусқа қарсы нақты препарат та, вакцина да әзірше жоқ. Көптеген ел COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеп, кейбірі оны сынақтан сәтті өткізген. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа қарсы жасалып жатқан вакциналар туралы соңғы мәліметтерге шолу жасады.
АҚШ - макакаларды тәжірибеден өткізді
АҚШ - коронавирусқа қарсы түрлі вакцинаны сынақтан өткізіп жүрген ел. Елде COVID-19-ға қарсы вакцина адамға да, жануарларға да жасалды. Мәселен 14 мамырда АҚШ-та макакаларға жүргізілген тәжірибе сәтті аяқталған. Ол Оксфордтың денсаулық институтының молекулалық биологтары мен медицина қызметкерлері ChAdOx1-nCoV-19 коронавирус инфекциясына қарсы әзірлеген вакцинасы.
Мамандар тәжірибені алдымен тышқандарға, артынша адамға тән коронавирус белгілері байқалған бенгал макакаларын сынақтан өткізген. Ғалымдар алты маймылға вирус біршама бөлігін салып, иммунитеттің пайда болуын күткен. Сосын зерттеушілер жануарларға шынайы коронавирусты жұқтыруға тырысқан.
"Бір рет салынған ChAdOx1 nCoV-19 вакцинасы маймылдарда гуморалдық және жасушалы иммунитеттің пайда болуына әкелген. Біз вакцина салынған, SARS-CoV-2 жұқтырған жануарларда вирус жүктемесі азайғанын байқадық. Вакцина салынған жануарларда пневмония анықталмады", - дейді мамандар.
Ал бүгін тағы бір америкалық Moderna биотехнологиялық компаниясы коронавирусқа қарсы вакцина клиникалық тәжірибеден бірінші фаза бойынша сәтті өткенін мәлімдеді. Препаратты сынақтан өткізуге адамдар ерікті түрде сәуірден бастап қатыса бастаған. Компания мәліметі бойынша, mRNA-1273 вакцинасын қабылдаған адамдарда антидене саны дәрінің мөлшеріне байланысты өсе бастаған. Алғашқы кезеңдерде препарат қауіпсіз болған, ол асқынусыз өткен. Компания клиникалық сынама өткізудің финалдық кезеңі шілдеде басталады деп жоспарлап отыр екен.
© REUTERS
Қытайда вакцинаның бес түрі сынақтан өтіп жатыр
Қытайлық ғалымдар COVID-19-ға қарсы бірден бес түрлі вакцинаны сынақтан өткізіп жатыр. Тәжірибеге 2,5 мыңдай ерікті қатысқан.
Сынақтың бірінші фазасына 539 адам қатысқан. Оның нәтижесі де көңіл көншітерлік: вакцина қауіпсіз және сынаққа қатысқандарда антидене пайда болған. Екінші кезеңге 2036 адам қатысқан. Бүгінде вакцинаның әсері мен қауіпсіздігі әлі де зерттеліп жатыр.
"Клиникалық сараптама жүргізу барысында кері әсер байқамадық. Жоспар бойынша, егер бәрі сәтті аяқталса, шілдеге қарай аталған вакциналардың екінші кезеңінің нәтижесін аламыз", - дейді елдің денсаулық сақтау бойынша мемлекеттік комитеті бсшысының орынбасары Цзэн Исинь.
Италия - коронавирусты бейтараптандыратын вакцина әзірледі
Бүгінде Италияда COVID-19 жұқтырған 225 886 адамның 127 мыңнан астамы аурудан айығып шыққан. Италиялық ғалымдар да вакцина әзірлеуде шетелдік әріптестерінен қалыс қалмаған.
Италияда адам жасушасындағы коронавирусты бейтараптандыратын, яғни, жойып жіберетін вакцина әзірленді. Лаззаро Спалланцанидағы жұқпалы аурулар емханасында тышқандарға жүргізілген тәжірибе оң нәтиже берген. Ал адамдардың сынақтан өтуі күзде басталады. Бұл туралы The Independent жариялаған.
© REUTERS
Ғалымдардың сөзінше, тышқандарға бір рет препаратты салғаннан кейін вирусты "бұғаттайтын" антидене пайда болған. Жалпы бес вакцина әзірленген. Оның бәрі сәтті аяқталған. Екеуі вирус адам жасушасына ену үшін пайдаланатын ДНҚ ақуызына негізделген вакцина.
ДДҰ қазақстандық вакцинаны тіркеді
COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеген қазақстандық ғалымдар инактивтелген немесе "өлтірілген" вакцинаны клиникаға дейінгі сынақтан өткізе бастады. Бұл туралы кеше, 18 мамырда Білім және ғылым министрлігі мәлімдеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың вакцинасын тіркеп, өзінің ресми сайтына орналастырды. Вакцина клиникаға дейінгі сынаққа рұқсат етілген, коронавирусқа қарсы вакцина кандидаттарының тізіміне енді. Қазақстандық вакцина еліміздің аумағында ауырғандардан бөлінген вирус штамы негізінде жасалған. Енді ғалымдар бірқатар клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар өткізуі тиіс.
"Осылайша Қазақстан ресми түрде коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеушілердің қатарына енді",- деп мәлімдеді БҒМ.
Еске салайық, Worldometers мәліметінше, дүние жүзі бойынша COVID-19 жұқтырғандардың саны 4 911 703-ке жетті. Оның ішінде 1 919 588 адам аурудан айығып шықса, вирус құрбандары - 320 453 адам. Алғашқы үштікте АҚШ (1 550 339 науқас), Ресей (299 941 науқас) және Испания (278 188 науқас) тұр.
19 мамырдағы жағдай бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 6751-ге жетті. Оның ішінде 3515 адам аурудан айықты, 35 адам қайтыс болды.