ПОДЕЛИТЬСЯ
08 апреля 2020 | 14:00
Коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 1,5 миллионға таяды. Алғашқы ондыққа шолу
Әлем бойынша коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 1 432 686 адамға жетті. 209 елге тарап үлгерген COVID-19-дан қайтыс болғандардың саны 90 мыңдай болып қалды. Қытайдың Ухан қаласынан тараған вирустан көбіне Еуропа елдері зардап шегіп отыр. Tengrinews.kz тілшісі коронавирус зиянын келтірген алғашқы ондықта тұрған елдерге шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Әлем бойынша коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 1 432 686 адамға жетті. 209 елге тарап үлгерген COVID-19-дан қайтыс болғандардың саны 90 мыңдай болып қалды. Қытайдың Ухан қаласынан тараған вирустан көбіне Еуропа елдері зардап шегіп отыр. Tengrinews.kz тілшісі коронавирус зиянын келтірген алғашқы ондықта тұрған елдерге шолу жасады.
АҚШ - 400 544 адам
Америка Құрама Штаттары - коронавирус індетін жұқтырған адам саны бойынша бірінші орында тұр. Елде барлығы жарты миллионға жуық адам COVID-19 жұқтырған. Нақтырақ дерек келтірсек, 400 540 адам.
АҚШ-та алғаш коронавирус 15 ақпанда тіркелген. Уақыт өте келе коронавирус жұқтырғандардың саны арта түспесе, азайған жоқ. Бүгінде АҚШ-тың көптеген қаласы мен біраз штатында COVID-19 тіркелген. Коронавирустан қатты зардап шеккен - Нью-Йорк. Барлығы 143 мыңға жуық адам вирус жұқтырып, 5 489 адам қайтыс болған.
5 мыңнан аса адам коронавирустан қайтыс болған. АҚШ медицинасы неге ақсап тұр?
Испания - 141 943 адам
Испанияда коронавирус індеті өршіп тұр: вирусты жұқтырған 141 мыңнан аса адам анықталған. COVID-19-дан жазылып шыққандар да бар. Бүгінде коронавирус жұқтырған адам саны бойынша екінші орында тұрған Испанияда 43 208 адам жазылып шыққан. Испаниядағы жағдай қиын. Себебі, өткен түннің өзінде бірден 743 адам қайтыс болған. Жалпы коронавирустан көз жұмғандардың саны - 14 045.
Италия - 135 586 адам
Италияда коронавирус дерегі алғаш ресми 15 ақпанда тіркелді. Бастапқыда 3 адам коронавирус індетін жұқтырғаны белгілі болды. Бір аптадан кейін 157 адам, ал бір айдан кейін 28 мыңға жуық адам коронавирус індетін жұқтырып үлгерді. Бүгінде 60 миллионнан аса тұрғыны бар Италияда барлығы 135 мыңнан аса адам коронавирус індетін жұқтырған. Италия COVID-19 жұқтырған адам саны бойынша үшінші орында тұрғанымен қайтыс болған адам саны бойынша алдыңғы екі елді басып озып отыр. Коронавирус 17 127 италиялықтың өмірін қиған.
"Біз коронавирустан қорықпаймыз" деп флешмоб өткізген Италия неден қателесті?
Франция - 109 069 адам
109 609 адам. Бұл - Батыс Еуропадағы ең ірі ел Францияда коронавирусты жұқтырғандардың саны. Францияда алғаш коронавирус 15 ақпанда бірден 12 адамнан анықталған. 6 сәуірде ел бойынша эпидемиядан қайтыс болғандардың "рекордтық" көрсеткіші тіркелді: бір күнде 833 адам қайтыс болды. Францияда вирус жұқтырып, жазылып шыққандар да жоқ емес. Барлығы 19 337 науқас жазылып шыққан.
17 наурызда ел президенті Эммануэль Макрон халыққа үндеуінде Еуроодақ коронавирусқа байланысты ішкі шекараны жабатынын және француз халқы эпидемияға байланысты коммуналдық қызметтерден босатылатынын мәлімдеген.
"Менің сұрап отырғаным бұрын болмаған дүние екенін түсінемін. Бірақ жағдай осыны талап етіп отыр. Біз соғыстамыз", - деді Макрон.
Германия - 107 663 адам
Германия COVID-19 жұқтырған адам саны бойынша бесінші орында тұр. Елде алғашқы науқастар Еуропадағы коронавирус ошағы болып саналатын Италиядан келген адамдардан анықталған. Алайда Германияда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың саны алдыңғы елдермен салыстырғанда аз: 107 633 адамның 2 мыңнан асасы көз жұмған. Барлығы 36 мыңнан аса адам жазылып шыққан. Deutsche Welle мәліметінше, Берлин коронавируспен күресуге 1,137 триллион еуро бөлген екен.
Қытай - 81 802 адам
Бастапқыда коронавирус статистикасы бойынша бірінші орында тұрған Қытай бүгінде алтыншы орында. Елде коронавирус жұқтырған 81 802 адамның 77 279-ы жазылып шыққан. 7 сәуірде Қытайдың денсаулық сақтау бойынша ұлттық комиссиясы Қытайда коронавирус жұқтырғандардың саны едәуір азайып келе жатқанын мәлімдеген. Елге тек шетелден келген адамдар коронавирус тасымалдап жатқан көрінеді. Қытайдың денсаулық сақтау жүйесі бойынша ресми органдардың мәліметінше, коронавирус мыңға жуық шетелден келген адамнан анықталған.
Одан бөлек, ауру ошағы болып саналатын Ухан қаласы да 76 күн оқшауланудан кейін қалыпты өмір сүре бастаған. Қаладағы қоғамдық көліктердің қозғалысы қалыпқа келген.
Иран - 62 589 адам
Иран - коронавирус инфекциясынан зардап шеккен елдердің бірі. Елдегі жағдай мәз емес: 62 589 адам коронавирус жұқтырып, оның 3872-сі қайтыс болған.
Шариф атындағы Тегеран технологиялық университеті елдегі коронавирусқа байланысты қорқынышты болжам жасап отыр. Оқу орны егер ирандықтар белгіленген ережеге бағынбаса, ол Иранның денсаулық сақтау жүйесі ауыр жүк болуы мүмкін. Оқу орны нәтижесінде 4 миллион адам коронавирус жұқтырып, оның 3,5 миллионы қайтыс болады деген болжам жасап отыр.
Ұлыбритания - 55 242 адам
Ұлыбританияда коронавирус жұқтырған 55 242 адамның тек 135-і жазылып шыққан. Алғашында коронавирус 15 ақпанда 9 адамнан анықталып, бұл көрсеткіш күн сайын өсе бастады. Бір айдың өзінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 10 есе (9529 адам) өскен.
Түркия - 34 109 адам
Түркияда алғаш коронавирус 11 наурызда Еуропадан келген адамнан анықталған. Алғашқы науқаспен жақын байланыста болған адамдар бірден оқшауланған. Елдегі екінші жағдай да бірінші науқаспен байланыста болған адамнан анықталған. Сөйтіп, бір айдың ішінде Түркияда коронавирус жұқтырғандардың саны 21 мыңға жеткен. Бүгінгі статистика бойынша, елде барлығы 34 109 адам вирусты жұқтырып үлгерсе, оның тек 1,5 мыңы жазылып шыққан.
"Болжамдар қорқынышты". Түркия коронавируспен қалай күресіп жатыр?
Түркиядағы коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны Италияға қарағанда қарқынды өсіп келеді деген болжам бар. Бұл туралы профессор Майкл Танчум Twitter желісіндегі парақшасында жазған.
Швейцария - 22 253 адам
Коронавирус індеті бойынша ондықты аяқтайтын - Швейцария. 8 сәуірдегі жағдай бойынша, барлығы 22 253 адам коронавирус жұқтырып, оның 821-і қайтыс болған. Швейцарияда коронавирусты көбіне әйел адамдар жұқтырған, алайда қайтыс болғандардың 64 пайызы ер адамдар екен.
Шенген аймағына кіретін көрші елдермен шекара ашық болуы елде коронавирустың тез тарауына әкеліп соққан. Швейцарияға да коронавирус Еуропадағы ауру ошағы болып саналатын Италиядан келген. Алғаш коронавирус жұқтырған адам 25 ақпанда анықталған. Коронавирусқа байланысты елде сәуірдің аяғына дейін адам көп жиналатын іс-шараға тыйым салынған.
© REUTERS
Айта кетейік, Қазақстанда 704 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. COVID-19 жұқтырған науқастар бойынша үштікте: Нұр-Сұлтан (222 адам), Алматы (119 адам) және Қызылорда облысы (69 адам). Барлығы 51 адам жазылып шығып, 6 науқас қайтыс болды.
Показать комментарии
Читайте также