Дүние жүзінің көп елінде қазір коронавирус өршіп тұр. Кей елде пандемия басталғалы антирекордтар тіркеліп жатыр. Кейінгі аптада дүние жүзінде 2,4 миллион адам COVID-19 жұқтырған. Бұл да антирекорд болып отыр. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа байланысты соңғы уақытта тіркелген антирекордтар туралы баяндайды.
Дүние жүзінің көп елінде қазір коронавирус өршіп тұр. Кей елде пандемия басталғалы антирекордтар тіркеліп жатыр. Кейінгі аптада дүние жүзінде 2,4 миллион адам COVID-19 жұқтырған. Бұл да антирекорд болып отыр. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа байланысты соңғы уақытта тіркелген антирекордтар туралы баяндайды.
Бір аптада 2,4 миллион науқас
Кейінгі аптада дүние жүзі бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 2,4 миллионға артты. Бұл - пандемия басталғалы бері жоғары көрсеткіш. Деректі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялады.
Ұйымның мәліметінше, коронавирус жұқтырғандар жағдайлар күрт көбейіп жатыр, тек қайтыс болғандар саны айтарлықтай көп емес, тұрақты. Кейінгі 7 күнде вирустан 36 мыңнан аса адам көз жұмды. Шамамен оның алдындағы аптамен көрсеткіштер жақын.
"18 қазандағы жағдай бойынша 40 миллионнан аса адам жұқтырған және 1,1 миллионнан аса науқас қайтыс болғаны туралы хабарлама келді", - деп көрсетті ДДҰ ақпараттық бюллетенде.
© Reuters
Ең ауыр эпидемиологиялық жағдай Солтүстік және Оңтүстік Америкада болып отыр. Бұл аймақта 12-18 қазан аралығында 798 мыңнан аса тұрғын коронавирус жұқтырған. Ал олардың жалпы саны 18,8 миллионнан асқан. Жеті күнде 16 мыңнан аса өлім жағдайы тіркеліп, жалпы қайтыс болғандар саны 608 мыңнан асты.
Еуропада алдындағы аптамен салыстырғанда ауру жұқтырғандардың өсімі 25 пайыз болды. 927 мың адам жұқтырып, жалпы науқастардың саны 8 миллионнан асты. Апта ішінде 8 мыңнан аса науқас қайтыс болып, көз жұмғандардың саны 256 мыңнан асқан.
Ресей
Енді соңғы уақытта антирекорд тіркеліп жатқан кей елге тоқталайық. Ресейде эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Таяуда солтүстік көршімізде де бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны бойынша антирекорд тіркелді.
20 қазанда Ресейде 16 319 адамнан COVID-19 анықталған. Пандемия басталғалы бұл Ресейде тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш саналады. Оның ішінде бір Мәскеудің өзінде 5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған.
© Reuters
Жалпы, Ресейде соңғы уақытта коронавирус қатты тарап жатыр. Мысалы, 19 қазанда 15 982 адамнан вирус табылған, оның алдындағы күндері де тәулік сайын 15 мыңға жуық науқастан COVID-19 анықталып отырған.
Бұл Ресейде коронавирус тұрғысында ең күрделі кезең саналады. Себебі қазаннан бері тәулік сайын вирус жұқтырғандар саны 15 мыңнан түспей тұр. Ал вирус қатты тарады деп саналған көктемде ең үлкен тәуліктік көрсеткіш 12 мыңнан аспаған еді.
Қазіргі уақытта Ресейде барлығы 1 431 635 адам коронавирус жұқтырған. Оның 108 мыңнан астамы аурудан жазылған. 25 мыңға жуық ресейлік коронавирустан қайтыс болған.
Украина
Қазақстанға жақын орналасқан тағы бір ел Украинада да жағдай тұрақтамай тұр. Кеше елде вирус жұғу мен адам өлімі саны бойынша антирекорд тіркелді.
Дәлірек айтқанда, кеше Украинада 6 719 адамнан коронавирус табылған. Бұл - пандемия басталғалы елдегі ең жоғарғы көрсеткіш. Күз басталғалы елде вирус қатты тарап жатыр. Соңғы уақытта Украинада тәулік сайын 5-6 мың адамнан COVID-19 табылып отыр.
© Reuters
Сонымен қатар, 19 қазанда Украинада коронавирустан 113 адам қайтыс болып, бұл антирекорд екені хабарланған. Ал кеше бұл бұл антирекорд жаңарды. Елде кейінгі бір тәулікте вирустан 141 науқас көз жұмған.
Пандемия басталғалы Украинада 315 826 адамнан коронавирус табылған. Оның 132 мыңнан астамы аурудан жазылған. 5 927 адам қайтыс болған.
Грузия
Қазақстанға жақын тағы бір Грузияда да жағдай осындай. Грузияда қатарынан төрт күн бойы антирекорд тіркеліп келеді.
17 қазанда елде алғаш рет бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны мыңнан асып, 1 192 адамнан COVID-19 табылған. Артынша, 1186, келесі күні 1194 адам коронавирус жұқтырған.
Ал кеше Грузияда бұл антирекорд жаңарды. Елде 1 351 адамнан коронавирус анықталған.
© Reuters
Тағы бір айта кететін мәселе - коронавирустан елдегі адам өлімі. Жалпы, Грузияда бұл көрсеткіш бойынша жағдай жақсырақ болған. Жаздың үш айында елде коронавирустан алты адам ғана көз жұмған.
Ал күз басталғалы бұл көрсеткіш ұлғая бастады. 19 қазанда адам өлімі бойынша антирекорд тіркелді. Бұл күні Грузияда коронавирустан 15 адам қайтыс болған.
Пандемия басталғалы Грузияда 21 208 адамнан COVID-19 табылған, оның 9 мыңнан астамы аурудан жазылған. 172 науқас көз жұмған.
Польша
Пандемия басталғалы Польшада эпидемиологиялық жағдай тұрақты болған. Күн сайын вирус жұқтырғандар саны мыңға жетпейтін. Ал қазан басталғалы елде барлық антирекорд жаңарды.
Қазанның басында Польшада тәулік сайын 4 мыңнан аса адам вирус жұқтырды. Ал қазір жағдай ушығып кетті. Алдымен 15 қазанда бір тәулікте коронавирус табылғандар саны бойынша антирекорд қойылды. Бір күнде 8 099 польшалық COVID-19 жұқтырған.
© Reuters
Ал 20 қазанда бұл антирекорд жаңарды. Елде бір тәулікте 9 622 адамнан вирус анықталған.
Сонымен қатар, 16 қазанда Польшада коронавирустан адам өлімі бойынша да антирекорд тіркелген. Бұған дейін елде күніне 20-30 адам, көп дегенде 70 адам қайтыс болған еді. ал 16 қазанда 132 поляк коронавирустан көз жұмған.
Бүгінгі таңда Польшада барлығы 193 мыңнан аса адамнан COVID-19 табылған. Оның 96 мыңға жуығы аурудан жазылса, 3 721 адам қайтыс болған.