Пандемия кезінде дүние жүзінде отставкаға кеткен денсаулық сақтау министрі баршылық. Бірі коронавирус жұқтырғанына байланысты қызметін босатса, ал тағы бірі карантин режимін бұзғаны үшін өз еркімен кеткен. Tengrinews.kz тілшісі қай елде денсаулық сақтау министрі отставкаға кеткенін баяндайды.
Пандемия кезінде дүние жүзінде отставкаға кеткен денсаулық сақтау министрі баршылық. Бірі коронавирус жұқтырғанына байланысты қызметін босатса, ал тағы бірі карантин режимін бұзғаны үшін өз еркімен кеткен. Tengrinews.kz тілшісі қай елде денсаулық сақтау министрі отставкаға кеткенін баяндайды.
Себеп: коронавирус жұқтырған
25 маусымда Қазақстанның сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов отставкаға кеткен. Бұл қызметте ол үш жылдан аса қызмет еткен болатын.
Елжан Біртанов. Фото:primeminister.kz
Отставкадан он шақты күн бұрын Біртанов коронавирус жұқтырған. Оның министр қызметінен кетуіне осы жағдай себеп болғаны кейін хабарланды.
"Бүгін мен Мемлекет басшысынан денсаулық сақтау министрі қызметінен босатуды сұрадым. Өкінішке қарай, коронавирус инфекциясын жұқтырып алдым, пневмония асқынып барады. Осыған байланысты емделуім керек", - деп жазды экс-министр.
Қазір денсаулық сақтау министрлігін Алексей Цой басқарады. Ал Біртанов мемлекеттік қызметке тағайындалмады.
Себеп: президентпен келіспеген
Ал Бразилияда көктемде бір ай ішінде екі бірдей денсаулық сақтау министрі отставкаға кеткен. Алдымен Энрике Мандетта қызметінен босатылған. Себебі министр Бразилия президенті Жаир Болсонару елде карантин енгізбей, дүкен, мейрамханалар мен мектептерді жаппаған болатын. Оған қарсы болған Мандетта 17 сәуірде қызметінен кеткен.
Энрике Мандетта. © REUTERS
Көп ұзамай президент өз жақтасы Нельсон Тейчті денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындап, оған шекараны ашып, сауда-саттықты қайда бастауды ұсынған.
Тейч бір ай ішінде елдегі ауруханаларға барып, вирустың таралуын тоқтататын шаралар қарастырған.
Нельсон Тейч. Фото: Scanpix
Бірақ Нельсон Тейч те ел президентімен келіспей, 15 мамырда қызметін босатқан. Осылайша, елде бір айда екі рет денсаулық сақтау министрі отставкаға кеткен.
Себеп: дәрігерлік жұмысқа оралу
Осыдан бір ай бұрын, 18 тамызда Польша денсаулық сақтау министрі Лукаш Шумовский өз еркімен қызметінен кеткен. Ол журналистерге берген сұхбатында министрліктен кетіп, дәрігерлік жұмысына оралғысы келетінін айтқан.
"Мен өз мамандығыма ораламын, мен - кардиологпын, институтқа, науқастарды емдеуге оралғым келеді", - деді Шумовский.
Лукаш Шумовский. © rp.pl
Бірақ оның пандемия кезінде қызметінен кетуін кейбірі сынға алған. Мысалы, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Бартош Арлукович Шумовскийді кемесінен қашқан капитанға ұқсатқан.
"Біз Еуропада пандемия жағдайында Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы қызметінен жасырын түрде кеткен жалғыз мемлекет шығармыз. Бұл капитанның батып бара жатқан кемеден қашуына ұқсайды. Ал адамдар бортта қалды", - деген еді сол кезде Арлукович.
Лукаш Шумовский министр қызметінен кетсе де, Сейм депутаты (Парламенттің төменгі палатасы) болып қала берді.
Себеп: ДДҰ-ға жалған ақпарат берген
14 маусымда Чили президенті Себастьян Пиньера елдің денсаулық сақтау министрі Хайме Маналичті отставкаға жіберген. Министр елдегі коронавирус жағдайына байланысты өз еркімен қызметінен кеткен.
El Mundo мәліметінше, кадрлық ауыс-түйіс Чилидегі коронавирустан қайтыс болғандардың нақты саны туралы жанжалға байланысты болған. Журналистік зерттеу көрсеткендей, елдің Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына коронавирустан өлім саны туралы мәліметтер жіберіп отырған, ал бұл елдің өзінде жарияланған ақпараттан айтарлықтай өзгеше болған.
Хайме Маналич. Фото: La Tercera
19 миллион тұрғыны бар Чилиде сол кезде 167 мың адам вирус жұқтырып, 3,1 мың науқас қайтыс болған. Алайда чилилік министрлік ДДҰ-ға 5 мыңнан аса адам көз жұмғанын хабарлаған.
Кейін денсаулық сақтау министрінің орынбасары Паула Даса ДДҰ-ға коронавирус жұқтырғандар ғана емес, жұқтыруы мүмкін деген мәліметті де жібергендерін айтып ақталған. Бірақ бұл жауап халық пен оппозицияға ұнамаған. Сондықтан олар министр Хайме Маналичті қызметінен босатуды талап еткен.
Себеп: карантин ережесін бұзған
2 шілдеде Жаңа Зеландияның денсаулық сақтау министрі Дэвид Кларк қызметін босатқан. Ол карантин режимін бұзғаны үшін өз еркімен кеткен.
Дэвид Кларк. Фото: Facebook
New Zealand Herald мәліметінше, сәуірде елде коронавирус жағдайы ушығып тұрған кезде Кларк отбасымен бірге жағажайға барып, қатаң карантин тәртібін бұзған еді. Министр сол кезде қызметінен кетпек болған. Бірақ Жаңа Зеландия премьер-министрі Джасинда Ардерн елдегі жағдайға байланысты Кларктің отставкасын қабылдамағанын айтқан еді. Тек ол қатар атқаратын қаржы министрі қызметінен босатқан.
Елдегі жағдай жақсарған кезде Дэвид Кларк қызметінен өз еркімен кетті. Енді қазір білім министрі Крис Хипкинс денсаулық сақтау министрі қызметін де атқарып жатыр.