ПОДЕЛИТЬСЯ
06 августа 2020 | 12:47
"Халық үрейлі". Ливандағы қазақстандық студент жарылыстан кейінгі жағдайды айтты
Ливан астанасы Бейруттағы қайғылы жағдай салдарынан қайтыс болғандар саны 113-ке жетті. Төрт мыңнан аса адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Қайғылы жағдай 4 тамыз кешкі уақытта болған. БАҚ беттерінде жарылыстың болуының түрлі себебі айтылады. Алайда оған қатысты нақты ақпарат әлі де жоқ. Елдегі қазіргі жағдай қандай? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Ливанның Триполи қаласында тұрып жатқан қазақстандық Шоқан Уәлиев айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ливан астанасы Бейруттағы қайғылы жағдай салдарынан қайтыс болғандар саны 113-ке жетті. Төрт мыңнан аса адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Қайғылы жағдай 4 тамыз кешкі уақытта болған. БАҚ беттерінде жарылыстың болуының түрлі себебі айтылады. Алайда оған қатысты нақты ақпарат әлі де жоқ. Елдегі қазіргі жағдай қандай? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Ливанның Триполи қаласында тұрып жатқан қазақстандық Шоқан Уәлиев айтып берді.
Шоқан Уәлиев бүгінде Триполи университетінің 3-курс студенті. Ол Ливанға түбегейлі кетпегенін, тек білімін шыңдау мақсатында көшіп кеткенін айтады. Оның сөзінше, жарылыс 4 тамыз кешкі сағат 18:00 шамасында болды.
Қаладағы қазіргі жағдай
"Жарылыстан бұрынғы жағдай туралы айтсам, елдегі коронавирустың алғашқы толқыны қатты болды. Науқастар саны мыңға жетті. Содан соң карантин жарияланып, адамдар көп жиналатын жерлер мен қоғамдық орындар жабылды. Карантин режимі мамырдың ортасында аяқталып, тұрғындар қалыпты өмір сүре бастаған болатын. Екінші толқын кезінде күніне коронавирус жұқтырған 50-60 адам анықталып жатты. Бірақ карантин енгізілмеді. Адамдар күнделікті өмір сүрді.
Жарылыс кешкі сағат 18:00 шамасында болды. Басында қалай болғаны, қанша адам болғаны белгісіз болды. 2-3 сағатта жан-жаққа хабар жетті. Ливандықтар бірден қолдау көрсетіп, жергілікті қорлар ақша жинап, барлық жерде қан тапсыру басталды. Желідегі топтарға адамдардың тізімі, кімге қай топтағы қан керек деген секілді ақпарат келе бастады. Бүгін біздің университетке де келді", - дейді Шоқан.
Бейруттағы жойқын жарылыс: оқиға қалай болды?
Адамдардың көңіл күйі мүлде жоқ. Әдетте адам көп жүретін көшелер қаңырап қалған.
"Халық үрейде. Бүгін аза тұту күні болды. Триполи шағын қала болғанымен 1 миллион халқы бар. Адамдар тығыз орналасқан, жарылысқа дейін көшеде, әсіресе, орталықта адам көп жүретін. Ал қазір көшеде ешкім жоқ, тым-тырыс. Әдетте адам толы жүретін ойын-сауық орталықтары, кафелер, жалпы көңіл көтеру орталықтарының барлығы жабық. Құдды бір бәрі қаланы тастап кеткен секілді. Халықтың тыныштығынан сондай сезім туады. Қазір тұрғындар Бейрут халқына қалай көмектессек, қол ұшын созсақ деп уайымдап отыр. Әркім ақшалай болса ақшалай, заттай болса, заттай көмектесіп жатыр", - дейді кейіпкеріміз.
Әзірге биліктің Бейрут тұрғындарына қалай көмектесіп жатқаны белгісіз. Шоқанның айтуынша, қазіргі сәтте жергілікті халыққа моральдық қолдау аса қажет.
"Біз Ливанның солтүстігінде тұратындықтан қалада нақты не болып жатқанын білмейміз. Бірақ бүгін желіде уәзірлердің, президент пен министрлердің оқиға орнында жүргені туралы видеолар тарады. Көмектесеміз деп уәде берген көрінеді. Ал жалпы нақты не жасап жатқандарын, қандай материалдық көмек берілгенін білмеймін. Қазір ең бастысы - халыққа моральдық қолдау қажет секілді", - дейді Шоқан.
Жарылыс салдарынан химиялық заттар ауаға ұшқандықтан, елдің Денсаулық министрлігі Бейрут тұрғындарын басқа қалаларға көшіру туралы шешім қабылдаған екен.
"Себебі жарылыс кезінде ұшқан химиялық заттар 3 күндей ауада қалады екен. Жалпы Бейрут тұрғындарына бүкіл қаладан, шет елдерден, оның ішінде, Түркиядан және Франциядан көмек келіп жатыр. Емханалар толып қалған. Науқастарды басқа қалаларға да жіберіп жатыр. Оларды Триполи қаласына да әкеліп жатыр. Біз тұратын пәтердің жанында аурухана бар, сол жерге де түнімен жараланған науқастарды алып келді. Аурухананың ішіне, карантин болмаса да, коронавирусқа байланысты сақтық шарасы аясында, себепсіз кіргізбейді. Бірақ желіде тараған видео бойынша, ауруханада адам көп, бәрі қорыққаннан ауруханаға жүгіре берген.
Әрине, біз Бейрутқа барып, шамамыз келгенше көмектескіміз келді. Бірақ біздің университет ол жерде химиялық заттар өріп жүргендіктен баруға тыйым салды. Тек арнайы мамандар жүр", - дейді қазақстандық студент.
Жарылыстың себептері
Шоқан Уәлиевтің айтуынша, жарылыстың қасақана жасалғаны туралы нақты мәлімет жоқ.
"Оны ешкім нақты айта алмайды. Бірақ, көпшілікке тараған мәлімет бойынша, сол жарылғыш заттар тұратын қоймада дәнекерлеушілердің (сварщик) жасаған қателігінен өрт шығып, артынан осындай үлкен апатқа алып келген болуы мүмкін. Одан бөлек, WhatsApp-та неше түрлі ақпарат тарап жатыр. Оның бәрі, меніңше, жалған. Себебі нақты дәлел жоқ. Сондықтан, меніңше, жоғарыда атап өткен нұсқа дұрыс секілді", - дейді кейіпкеріміз.
Бейрут. Жарылыстан кейінгі көрініс
Шоқан Ливандағы қазақстандық студенттерге алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтады.
"Себебі жарылыс болғаннан кейін Қазақстан консулдығы брден хабарласып, қал-жағдайымызды білді. Қандай да бір көмек керек болса, қол ұшын созуға дайын екенін жеткізді. Сондықтан Ливандағы қазақстандық студенттерге алаңдаудың қажеті жоқ", - дейді Шоқан.
Айта кетейік, жарылыс кезінде Қазақстанның Ливандағы консулдығының ғимаратына зақым келген болатын. Сонымен қатар, сол күні жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін жұмыс орнында қалған консул жеңіл жарақат алған.
Показать комментарии
Читайте также