ПОДЕЛИТЬСЯ
15 сентября 2020 | 13:01
"Екінші толқынмен күресу қиын болып тұр". Қай елде карантин қайта күшейді?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропада алдағы айларда қайтыс болғандар саны көбеюі мүмкін екенін ескертті және вакцинаға үміт артпауды сұрады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропада алдағы айларда қайтыс болғандар саны көбеюі мүмкін екенін ескертті және вакцинаға үміт артпауды сұрады.
"Қазір адамдар мұндай жағымсыз жаңалық естігісі келмейді, оларды түсінемін. Бірақ қазан және қарашада қайтыс болғандар саны артады", - деді ДДҰ Еуропа аймақтық бюросының директоры, бельгиялық дәрігер Ханс Анри Клуге.
Бірқатар елде коронавирус жұқтырғандар саны көктемде болған "пиктен" асып түсті. Сондықтан Еуропа елдері локдаун жариялауды бастады.
Tengrinews.kz тілшісі карантин қатаңдатылған елдер туралы баяндайды.
Венгрия 1 қыркүйекте шектеулерді күшейтті
Еуропалық одақ елдірінің ішінде Венгрия алғаш болып, карантинді күшейтті.
Күздің алғашқы күнінен бастап шетелдіктер үшін бір айға шекарасын жапты. Ал өз азаматтары тест тапсырып, нәтижесі теріс болу керек немесе 14 күн карантинге жату керек.
"1 қыркүйектен бастап Венгрия территориясына шетел азаматтарына кіруге тыйым салынады", - деді премьер-министр әкімшілігінің басшысы Гергей Гуляш.
Венгрия пандемиямен айтарлықтай жақсы күресе алды деуге болады. Қазір елдегі коронавирус жұқтырғандар саны 13 153-ке жетті. 4 117 науқас жазылды. Алайда соңғы күндері ауырып қалғандар саны артты. Өткен тәулікте 844 адам вирус жұқтырды. Олардың көбі шетелден ауырып келген.
Арменияда 2021 жылғы 11 қаңтарға дейін карантин
Армения үкіметі республика территориясында 11 қыркүйектен бастап 2021 жылғы 11 қаңтарға дейін карантин жариялады.
іnterfax мәліметінше, Карантиннің ұзартылуына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус пандемиясы, әлемдегі ахуалдың ушығуы, Арменияда ауру жұқтырғандардың көбеюі, ДДҰ-ның коронавирустың екінші толқыны туралы хабарламасы себеп болған.
Үкіметтің шешіміне сәйкес Армения азаматтығы жоқ адамдарға құрлықтық шекара арқылы кіруге тыйым салынады. Тек дипломатиялық қызметкерлер, қайтыс болған адамдардың туысы, халықаралық жүк тасымалын жасайтын азаматтарға елге кіруге болады, тек олар медициналық тексерістен өтеді.
Қоғамдық және бұқаралық шараларға 60 адамнан артық қатысуға болмайды. Коммерциялық ұйымдарда, білім мекемелерінде эпидемиологияға қарсы шаралардың орындалуын қадағалаушы органдар реттейді. Митинг, жиындар өткізу үшін жеке гигиена құралдары болу керек және қатысушылардың арасында 1,5 метр қашықтық сақталу керек. Армения тұрғындары қасына жеке куәлігін алып жүруге міндетті.
10 қыркүйекте Армения премьері Никол Пашинян елде коронавирус пандемиясына байланысты жағдай тұрақталып жатқанын, алайда жалпы білім беру мекемелері ашылғаннан кейін қауіп күшейгенін атап өтті.
Соңғы мәліметтер бойынша Арменияда коронавирус жұқтырғандар саны 45 969-ға жетті. 41 693 науқас жазылды.
Израильде жалпыұлттық локдаун жарияланды
Израильде еврей жаңа жылы Рош а-Шан мерекесі кезінде жалпыұлттық карантин енгізілді.
Израильде наурыз айында тәуліктігіне жаппай коронавирус жұқтырғандар саны мыңға жуықтайтын. Алайда індеттің екінші толқыны қатты соққы берді, деп жазады РИА Новости. Қарапайым құралдармен коронавирустың бетін қайтару қиын болып кетті. Себебі қазір Израильде күн сайын 4 мыңға дейін адам жұқтырып жатыр. Бұл дүние жүзі бойынша ең жоғары қарқын болып тұр. Сондықтан билік наурыз-сәуірдегідей үш апта жалпыұлттық локдаун жариялады.
"Бұл шаралар бізге қымбатқа түсетінін білемін. Бұл біз үйреніп кеткен мереке емес. Әрине, әулетімізбен жиналып атап өте алмаймыз. Бұл бизнеске, кәсіпкерлікке, сайып келгенде, бәрімізге әсер етеді", - деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.
Карантин 18 қыркүйекте Рош а-Шан мерекесі қарсаңында басталады. Ең маңызды шектеулердің бірі - өз үйінен жарты шақырым жерден алысқа шықпау керек. Азық-түлік және дәріханалар ашық, ал мәдениет, демалыс, сауда орындары жабылады.
Украина да шекарасын бір айға жапты
Украина билігі 28 тамыздан бастап шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін бір айға шекарасын жапты.
Украинаның СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай шешім елде COVID-19 жұқтырғандар санының көбеюіне байланысты шығарылған.
Тек бұл шектеулер Украина азаматының баласы не ата-анасы, ерлі-зайыпты болса, оқуға келетін азаматтар, босқын деп танылғандарға қатысы жоқ. Ресми делегация, дипломатиялық қызметкерлер, украиналық әскери қызметкерлерді дайындайтын НАТО елдерінің әскери инструкторлары да елге кіріп-шыға алады.
Украинадағы ресми статистикаға сүйенсек, пандемия басталғалы 157 мың адамның коронавирус жұқтырған. 69 543 науқас жазылған.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Показать комментарии
Читайте также