РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
27 августа 2020 | 15:45

"Дүние жүзін екіге бөлуі мүмкін". ДДҰ коронавирусқа қарсы вакцина туралы не дейді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Reuters © Reuters

Пандемия басталғалы бері коронавирусқа қарсы түрлі вакцина әзірленіп жатыр. Бірақ олар 2021 жылға дейін болмауы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай ескерту жасады. Tengrinews.kz тілшісі ДДҰ өкілдерінің коронавирусқа қарсы вакцина туралы мәлімдемелерін жинады.


Пандемия басталғалы бері коронавирусқа қарсы түрлі вакцина әзірленіп жатыр. Бірақ олар 2021 жылға дейін болмауы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай ескерту жасады. Tengrinews.kz тілшісі ДДҰ өкілдерінің коронавирусқа қарсы вакцина туралы мәлімдемелерін жинады.

"Вакцина жақын арада табылмайды"

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа аймақтық бюросының төтенше жағдайлар жөніндегі аға маманы, доктор Кэтрин Смоллвуд шілденің ортасында вакцинаға қатысты мәлімдеме жасаған. Ол дүние жүзінде мамандар коронавирусқа қарсы вакцина іздеп жатқанын атап өтті. Алайда, алдымен оның қауіпсіздігі мен тиімділігіне көз жеткізу керек.

"Бүкіл дүние жүзі COVID-19-қа қарсы вакцина жасау үшін бірігіп жұмыс істеп жатыр. Халықаралық зерттеушілер тобы бір-бірімен және ДДҰ-мен тиімді және қауіпті вакцинаны жасау үшін бірлесіп жұмыс істейді", - деді Кэтрин Смоллвуд ұйымның баспасөз брифингінде.


© Reuters

Бірақ, оның сөзінше, вирустың емі жақын арада дайын болмайды.

"Вакцина табуға бағытталған барлық күш-жігерге қарамастан, ол жақын арада табылады деп күтуге болмайды. Бұл вакцина әрі қауіпсіз, әрі тиімді деп айтпас бұрын, біз бұл құралдармен жұмыс істеуіміз керек болады", - деп атап өтті бас маман.

Ол шілдедегі брифингінде 100-ден аса елден шамамен 15-20 кандидаттық вакцина іріктеліп, олар клиникалық сынақ кезеңіне жіберілгенін айтқан болатын.

"Вакцина көп адамға жетпеуі мүмкін"

Коронавирусқа қарсы вакцина дайын болғанымен, ол көптеген адамға жетпеуі де мүмкін. Мұндай болжамды ДДҰ сарапшысы Клаус Штор айтты.

Штордың сөзінше, 2021 жылдың басында дүние жүзінде коронавирусқа қарсы жарты миллиард екпе болады. Германия секілді дамыған елдер халқы арасында жаппай вакцинация жасай алуы мүмкін, алайда Чили, Аргентина, Бразилия секілді елдерге вакцина мүлде жетпеуі мүмкін. сол кезде дүние жүзі екіге бөлінуі мүмкін деген болжам айтылды.

"Әлем екіге бөлінеді: вакцинасы барлар мен жоқтар. Қажет инфрақұрылымы жоқ, халқы көп, бірақ денсаулық сақтау жүйесі нашар жұмыс істейтін елдерге қайдағы вакцина?", - дейі Штор.

Осылайша, сарапшының ойынша, инфекцияның дүние жүзі бойынша тарауы тоқтамайды да аурудың "қауіпті" толқыны басталады. Үшінші толқыннан кейін ғана адаамдардың 80 пайызы иммунитет пайда болғанын айта алады.


© Reuters

"Вакциналар байға да емес, кедейге де емес"

Клаус Штордың сөзін шілденің соңында ДДҰ төтенше жағдайлар бойынша бағдарлама директоры Майкл Райан жалғастырды. Оның айтуынша, вакциналар байлар мен кедейлерге арналады деп бөлінбейді.

Райан қазір ДДҰ вакциналардың әділетті таралуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатқанын айтты. Бірақ вирустың таралуын тоқтату негізгі фактор болып қала береді, өйткені бүкіл әлемде коронавирус жұқтырғандар саны артып жатыр.

"Бұл ауруға қарсы вакциналар байларға да емес, кедейлерге де емес - олар бәріне арналған", - деді ол.


© Reuters

Қазіргі уақытта бірнеше вакциналар клиникалық сынақтардан өтіп жатыр және олардың ешқайсысы қауіпсіздік мәселесін туындатпады, дейді Райан.

"Шынайы сценарий бойынша адамдар вакцинаны келесі жылдың бірінші жартысында ала бастайды", - деп қорытындылады ДДҰ сарапшысы.

"Коронавирус қарсы мінсіз құрал болмауы да мүмкін"

Тамыздың басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус бүгінде коронавирусқа қарсы тұра алатын мінсіз құрал жоғын, ол алдағы таңда да пайда болмауы мүмкін екенін мәлімдеді.

"Бірнеше вакцина әлі клиникалық сынақтың үшінші фазасында тұр, бәріміз соның ішінде тиімді вакцинаны анықтап, адамдардың ауру жұқтыруының алдын ала аламыз деп үміттенеміз", - дейді ол брифинг барысында.

Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирусқа қарсы мінсіз вакцина болмауы да мүмкін деген болжам айтты.

"Алайда бүгінде мінсіз құрал жоқ, ол пайда болмауы да мүмкін", - деді ДДҰ бас директоры.

Оның айтуынша, коронавирустың тарауын алдын алу үшін қажет шараларды қолдану керек.


© Reuters

"Вакцина саласындағы ұлтшылдық - жаман"

ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустың сөзінше, бүгінде дүние жүзінде коронавирусқа қарсы 200 үміткер вакцина бар. Оның алтауы клиникалық сынақтың озық кезеңінде тұр.

"Үміт бар, бірақ клиникалық сынақтың нәтижесін қолымызға алмайынша, бізде вакцина бар деп айта алмаймыз", - дейді Тедрос Адханом Гебрейесус.


© Reuters

Сонымен қатар, ұйым басшысы вакцинаны әзірлеп қана қоймай, оны бәріне тең бөліп беру, бәріне вакцинаға тең дәрежеде қол жеткізуге мүмкіндік беру қажет екенін айтты.

"Вакцинаны таратуға қатысты, ол жаһандық нарықтағы тауар екенін ескерген жөн. Бұл саяси шешім, біз де саяси басшылар осындай шешім қабылдағанын қалаймыз. Вакцина саласындағы ұлтшылдық - ол жаман және ол бізге көмектеспейді", - дейді ұйым басшысы.

ДДҰ денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бағдарламасының директоры Майкл Райанның айтуынша, бүгінде 165-ке жуық вакцина белгілі бір сынақ сатысында тұр.

"Вирустың қайта жұғуы вакцина пайдасыз дегенді білдірмейді"

Соңғы уақытта коронавирус адамға екінші рет жұғуы мүмкін екені ғылыми түрде дәлелденіп, кей адамнан COVID-19 қайта табылған болатын. Осыған байланысты вирус қайта жұқса, вакциналардың пайдасы жоқ деген пікірлер де айтыла бастады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше аурулар бөлімі техникалық тобының жетекшісі Мария Ван Керкхове вирусты қайта жұқтыру вакцина пайдасыз екенін білдірмейтінін айтты.

Мария Ван Керкхове коронавирусты қайта жұқтыру фактісі вакцинаның жұмыс істемейтінін білдірмейтінін атап өтті.

"Халық бұл вакцина жұмыс істемейді дегенді білдіреді деп ойлайды. Бірақ олай емес. Біз вакциналарды жасай береміз және бұл жолда керемет жетістіктерге жеттік. Иә, бізде вирусты қайта жұқтыру жағдайлары болуы мүмкін, бірақ бізде халықтың қайта ауруына жол бермейтін әдістер бар", - деді Ван Керкхове ДДҰ-ның Twitter желісіндегі онлайн-брифингте.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети