1942 жылдың 15 мамырында Boeing фирмасының жолаушылар ұшағы алғаш рет әуеге көтерілген. Айта кетейік Boeing ұшақтарының сәтсіз сапарлары да көп болған. Осы уақытқа дейін екі жүзден аса ұшақ апатқа ұшырап, мыңдаған адам қаза тапқан. Tengrinews.kz тілшісі Boeing ұшақтарының тарихында болған ең жойқын апаттарға шолу жасады.
1942 жылдың 15 мамырында Boeing фирмасының жолаушылар ұшағы алғаш рет әуеге көтерілген. Айта кетейік Boeing ұшақтарының сәтсіз сапарлары да көп болған. Осы уақытқа дейін екі жүзден аса ұшақ апатқа ұшырап, мыңдаған адам қаза тапқан. Tengrinews.kz тілшісі Boeing ұшақтарының тарихында болған ең жойқын апаттарға шолу жасады.
© Reuters
Биылғы 10 наурыз. Эфиопия астанасы Аддис-Абебтен ұшып шыққан Boeing 737 MAX 8 ұшағы Дэбрэ-Зэйт қаласының маңында апатқа ұшырады. Салдарынан бірде-бір адам аман қалмады. Ұшақта 157 адам болған, оның 8-і экипаж мүшесі. Бұл жағдай әлем жұртының қабырғасын қайыстырды.
Әуе кемесінде 35 елдің азаматы болғаны хабарланды. Ұшақ әуеге көтерілісімен бірнеше минуттан кейін апатқа ұшыраған. Flightradar24 порталының хабарлауынша, ұшу кезінде оның жылдамдығы тұрақсыз болған.Осыдан кейін шамамен әлемнің 30-ға жуық әуе компаниясы Boeing 737 MAX ұшағынан бас тартатынын мәлімдеді. Оның ішінде қазақстандық SCAT әуе компаниясы да бар.
© Reuters
2018 жылдың қазан айы. Lion Air әуекомпаниясының Boeing 737 MAX ұшағы Джакартадан Панкалпинангке бағыт алған. Ұшақ әуежолдан ұшып шыққаннан кейін бірнеше минуттан соң радардан таса болды. Ұшақтың бөліктері Тынық мұхиттың батысында орналасқан Ява теңізінде табылған.
© Reuters
Ұшақта 181 жолаушы және экипаждың 8 мүшесі болған, амал не, барлығы қаза тапты. Бұл рейсте Индонезияның бірнеше шенеунігі болған. Сукарно Хатта әуежайының механиктері ұшақ рейстен бұрын тексеріліп, одан ешқандай ақау табылмағанын және апаттың себебі деп ауа ағынын бақылайтын сенсордың істен шығуы мүмкін екендігін айтқан. Бұл Boeing 737 MAX сериясының алғашқы ірі апаты еді.
© twitter.com/ritakhoury10
2018 жылдың мамыры. Сантьяго де лас Вегас аймағында мексикалық Global Air әуекомпаниясының Boeing 737-201 Advanced ұшағы апатқа ұшырады. Ол әуежайдан ұшып шыққанда 2 шақырымға жетпей, құлаған.
Boeing Куба астанасы Гаванадан Ольгинге бағыт алған. Ұшақта 107 жолаушы мен экипаждың 6 мүшесі болды, апаттан тек бір адам тірі қалған. Айта кетейік, бұл ұшақ 39 жыл бойы қолданыста болған. Ұшақтың құлағанын жерден көрген куәгер оның бір қозғалтқышының жанғанын айтыпты.
© vesti.ru
2016 жылдың наурыз айы. Boeing ұшағының тағы бір жантүршігерлік апаты Дондағы Ростов қаласында орналасқан әуежайда болды. Бұл күні ауа райы қолайсыз болып, FlyDubai әуекомпаниясына тиесілі Boeing 737-800 ұшағының экипаж мүшелері екі сағат бойы әуежайға қонуға шаралар жасайды. Үшінші рет қонуға әрекет жасаған ұшақ әуе кеңістігіне көтерілу барысында құлаған.
Ұшақ асқан жылдамдықпен ұшу және қону алаңына құлаған. Бортта 55 жолаушы және экипаждың 7 мүшесі болған. Амал не, ешқайсысы аман қалмаған. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, сол күні ауа райы қонуға қолайлы болған. Кейінірек апаттың себебі экипаж мүшелерінің қателігінен болды деп хабарланды.
Құлаған ұшақ апаттан үш жыл бұрын
2012 жылдың сәуірі. Bhoja Air әуекомпаниясына тиесілі Boeing 737-236 ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан жүзден аса адам қаза тапқан. Ұшақ Пәкістандағы Джинна әуежайынан ұшып шыққан. Исламабад қаласындағы әуежайға қонғысы келген Boeing әлдебір себептермен ғимаратқа соғылған. Әуе кемесі толықтай жанып кеткен. Бортта 121 жолаушы және экипаждың 6 мүшесі болған, ешқайсысы аман қалмады.
2014 жылдың қаңтар айында Азаматтық авиация органының өкілдері экипаж мүшелерінің Boeing-пен ұшуға тәжірибесі жеткіліксіз болғанын мәлімдеген. Оған қоса ауа райының қолайсыздығы ұшқыштарға кедергі болған.
Айта кетейік, қазіргі уақытта шамамен 40 мемлекет Boeing 737 MAX ұшақтарынан бас тартты. АҚШ Президенті Дональд Трамп бұл ұшақтарды пайдалануды тоқтату жайлы бұйрық шығарған. Boeing компаниясы өз алдына әлем бойынша ұшып жүрген бұл ұшақтың 371 данасын пайдаланбауға ұсыныс жасапты.