Мектеп оқушыларының арасында коронавирус жұқтырғандар көбейіп жатқан елдер бар. АҚШ және Германияда мамандар мектептер COVID-19 таралуының жаңа ошағына айналып барады деп алаңдап отыр. Tengrinews.kz тілшісі сабағын офлайн режимде бастаған елдердегі оқушылардың жағдайын баяндайды.
Мектеп оқушыларының арасында коронавирус жұқтырғандар көбейіп жатқан елдер бар. АҚШ және Германияда мамандар мектептер COVID-19 таралуының жаңа ошағына айналып барады деп алаңдап отыр. Tengrinews.kz тілшісі сабағын офлайн режимде бастаған елдердегі оқушылардың жағдайын баяндайды.
Соңғы деректер бойынша, дүние жүзінде коронавирус жұқтырғандар саны 23,4 миллионға жетті. 15,2 миллион науқас аурудан жазылды, 809 мың адам қайтыс болды.
The Guardian басылымының мәліметінше, АҚШ-та оқу жылы басталғаннан кейін балалар арасында коронавирус жұқтыру жағдайы көбейді. Америка педиатрия академиясы және Балалар ауруханалары қауымдастығының жаңа зерттеуі шілде айының соңғы екі аптасында кәмелет жасына толмаған 97 мың бала ауырып қалғанын көрсетті.
Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, мектепті ертелеу ашқан аймақтар алаңдатқан. Джорджия округіндегі мектепте екінші сынып оқушысының коронавирусты анықтауға тапсырған тесті оң болып шыққан. Содан кейін оның мұғалімі және сыныптастары екі аптаға үйдегі карантинге жіберілген.
Сол кезде Джорджия Денсаулық сақтау министрлігі жеті жасар бала COVID-19 жұқтырып қайтыс болғанын растады. Бала штатта көз жұмғандардың ішіндегі ең кішкентайы және басқа аурулары болмаған.
Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің Филдинг қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің құрметті деканы Линда Розенсток ауру жұқтырғандар көбейген сайын арасында балалар да көбейіп жатқанын атап өтті.
"Бұл АҚШ-та қазір басылмай жатқан пандемияны көрсетеді. Егер ауру өршіп жүрген жерде мектептерді ашатын болсаңыздар, онда балалар арасында жұқтырғандар да көбейеді", - деді ол.
Ал Америка Құрама штаттарында 5,74 миллион адам COVID-19 жұқтырған. 3,22 миллионға жуық америкалық айықты, 177 мың науқас көз жұмды.
ВВС агенттігі Германияда мектептер вирус таралуының жаңа ошағы болып жатқанын жазды. Неміс мектептерінің көбі екі апта бұрын сабағын бастаған. Берлиндегі 825 мектептің 41-інде балалар коронавирус жұқтырғаны анықталды.
Олардың арасында бастауыш сыныптан бастап жоғары сынып оқушылары бар. Жүздеген оқу мен мұғалім үйдегі карантинге жіберілді.
Германияда осы уақытқа дейін 235 мың адамның коронавирус жұқтырған, 9 277 науқас қайтыс болған. 209 600 германиялық аурудан айыққан.
Естеріңізде болса, Израиль Білім министрлігі де мектепте коронавирус жұқтырғандардың көбейгенін хабарлаған еді. Холон қаласында 7-сынып оқушысынан COVID-19 анықталғаннан кейін 4 сыныптан 120-дан аса оқушы үйдегі карантинге жіберілген.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху карантин режимін жеңілдете бастағанда мектеп, кеңсе, дүкен, жағажай, мейрамханалар ашылған. Содан кейін Иерусалим гимназиясында 130-ға жуық адамның инфекция жұқтырғаны расталды. Жергілікті БАҚ мұғалім оқушылар мен ұстаздар арасында "супер-таратушы" болды деп жазды.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!