Кеше, 8 тамызға қарағанда түнде Қырғызстанда елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операция жүріп, салдарынан 50-ге жуық адам зардап шеккен. Tengrinews.kz тілшісі көрші елдің экс-басшысын ұстау операциясы жайлы шолу жасап шықты.
Кеше, 8 тамызға қарағанда түнде Қырғызстанда елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операция жүріп, салдарынан 50-ге жуық адам зардап шеккен. Tengrinews.kz тілшісі көрші елдің экс-басшысын ұстау операциясы жайлы шолу жасап шықты.
Атамбаевқа қандай айып тағылды?
20 маусымда Қырғызстан Парламенті Атамбаевқа бірнеше айып таққан болатын - экс-президент Бішкектегі Жылу электр орталығын жаңарту барысындағы жемқорлыққа, ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Азиз Батукаевті жалған медициналық анықтама арқылы босатуға, жерді заңсыз трансформациялауға және басқа да заңсыз әрекеттерге қатысы бар деп айыпталды. Бұл айыптарды депуттар комиссиясы дайындап, прокуратураға жіберген.
Егер сот Атамбаевтың кінәсін мойындаса, экс-президент өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ Атамбаев бірнеше рет тергеуге шақырылғанымен, елемей қойған.
Бір аптадан соң Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айырған еді.
Атамбаевтың үйіне шабуыл жасалды
Осы айыптардан кейін 7 тамызда Атамбаевты ұстау операциясы басталды. Әскерилер Алмазбек Атамбаевтың үйіне шабуыл жасаған. Ол кезде экс-президент резиденцияда болған екен. Нәтижесінде әскерилер мен экс-президенттің жақтастары арасында атыс басталған.
Көп ұзамай Желіде резиденция алдында басталған операцияның видеосы жарияланды. Оның кадрларынан Атамбаевтың шабуыл алдында өз үйінің ауласында болғаны көрінеді. Осы кезде әскерилер оқ ата бастайды. Қарулы күштер Атамбаевтың жақтастары резеңке оқпен атса, экс-президенттің тарапы ұрыс оқтарын қолданған.
Журналистердің мәліметінше, Атамбаевтың жақтастары кірген киіз үйге жарық-дыбыс гранатасы лақтырылған. Үй ішінде журналистер мен әйелдер де бар екені айтылды.
Операция барысында арнайы жасақ сарбазы қаза тапты
Басында атыс салдарынан 10 адам зардап шеккені хабарланған. Резеңке оқпен жараланғандардың арасында заңсыздыққа қарсы халық штабының бастығы Қияс Смалиев пен Жогорку Кенештің экс-депутаты Мирбек Мискенбаев бар екені жазылды. Сонымен қатар, портал тілшісі Аида Джумашова жарақат алған.
Ескерту! Келесі контентті психикасы тұрақсыздарға және балаларға көруге болмайды!
Кейін елдің Денсаулық сақтау министрлігі осы операциядан соң 48 адамның ауруханаға жеткізілгенін хабарлады, оның 15-і арнайы жасақ өкілдері. Операция кезінде оқ бронжилетінен өтіп, жүрегіне тиген бір әскери ауруханада көз жұмған. Арнайы қызмет өкілдерінің пікірінше, Атамбаевтың жақтастары оған снайпер винтовкасымен оқ атқан.
Сонымен қатар, Атамбаевтың үйі орналасқан Қой-Таш ауылына жедел жәрдем бригадасы шыққан. Бірақ дәрігерлер көлігіне Атамбаевтың резиденциясына жету қиынға соққан. Себебі оның жақтастары арнайы жасақ өтпесін деп жолды жауып тастаған. Денсаулық сақтау министрлігі Қой-Ташта осы операциядан зардап шеккендерге арнап медициналық бөлімше ашқанын мәлім еткен.
Суреттер 24.kg сайтынан
Оперция басталған кезде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков бір аптаға еңбек демалысында болған. Бірақ екі күн демалған соң Жээнбеков жұмысқа қайта кірісіп, Бішкекке оралған.
Атамбаев жақтастары әскерилерді кепілге алған
Артынша экс-президенттің жақтастары операциядан кейін арнайы жасақтың алты қызметкерін кепілге алғаны белгілі болды. Қырғызстандық БАҚ-тың мәліметі бойынша, ұсталған арнайы жасақ сарбаздарының кейбірі жарақат алған. Тағы біреулері талып қалған. Атамбаевтың жақтастары олардың қаруларын тартып алғаны айтылды.
"Олар үйде, тірі, жағдайлары жақсы", - деді Атамбаев жақтастарының штабындағылар.
Кейін Қырғызстан үкіметі Атамбаевтың өкілдерімен келіссөз бастады. Келіссөз барысында ішкі істер министрінің орынбасары кепілге алынғандарды босатуды талап еткен. Бірақ Атамбаевтың жақтастары оларды таңға дейін босатудан бас тартты. Олар талап қойып, соны орындаған соң ғана сарбаздарды босататындарын айтқан. Талап - Қой-Таш ауылына электр беру, телефон байланысы мен Интернетті қосу. Арнайы операция алдында ауылда электр сөніп, байланыс үзілген болатын.
"Біз террорист емеспіз"
Арнайы операция барысында арнайы жасақ Алмазбек Атамбаевты ұстады деген ақпарат тараған. Бірақ бұл жалған ақпарат болып шықты. Атамбаевтың қызы Әлия Шагиева әкесінің ұсталғаны жайлы хабарды жоққа шығарды.
"Біріншіден, менің әкем ешқайдан қашқан жоқ, оны ешкім ұстаған жоқ, ол қауіпсіз жерде деген барып тұрған жалған сөз. Ол әлі Қой-Ташта", - деп жазды Шагиева Instagram желісінде.
Ал бүгін таңда экс-президенттің өзі мәлімдеме жасады. Оны "Апрель" телеарнасы жариялады.
"Кұш құрылымындағыларға айтқым келеді: өз халқыңа оқ атпаңдар, мұның соңы жаман болады", - деді экс-президент.
Сондай-ақ, Атамбаев мәлімдемесінде бейкүнә адамдардың зардап шеккеніне өкініш білдірді.
"Бүгін мені ұстап әкетпек болды, бірақ өкінішке қарай, бейкүнә халық зардап шекті. Себебі мені ұстау үшін олар лаңкестікке қарсы "Альфа" арнайы жасаған жіберді. Біз террорист емеспіз. Мен де, халық та, үйімнің маңындағы адамдар да террорист емес", - деді Атамбаев.
Оның айтуынша, арнайы жасақ арнайы құралдарды ғана емес, жауынгерлік қаруды да қолданған.
"Өкінішке қарай, зардап шеккендер көп, ауыр жарақаттар алғандар да көп", - деді ол. Экс-президент өзін ұстауға қарсы шыққандардың барлығына алғысын жеткізді.
"Атамбаевтың аузын жабу үшін билік өз халқына оқ атуға дайын. Қарапайым халыққа, қырғызстандықтарға алғысым шексіз, олар жиналып, мені ұстап әкетуіне жол бермеді. Биліктегілерге ойлану керек, біз тізерлеп жүріп өмір сүретін халық емеспіз", - деді Қырғызстанның экс-президенті.
Операция болған үй қазір қандай жағдайда?
Желіде Алмазбек Атамбаев резиденциясының шабуылдан кейінгі жағдайы түсірілген видео жарияланды.
Кадрлардан қабырғадағы қан іздерін, бронжилет киген адамдарды, тастар мен патрондарды көруге болады. Атамбаевтың жақтастары резеңке оқтан алған жарақаттарын көрсетті.
Көрші елдегі жағдай Тоқаевтың бақылауында
Қазақстан Президенті Қырғызстандағы болып жатқан жағдайды мұқият бақылап отыр. Бұл туралы бүгін таңда Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісінде жазды.
"Мемлекет басшысы бауырлас көрші елдегі ахуал Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай жуық арада елдің қолданыстағы заңы аясында шешілетініне үміттенеді", - деп жазды ол.