АҚШ-та 5-11 жас аралығындағы балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салу мақұлданды. Дүние жүзі елдері қазір балаларға екпе салуды бастап жатыр. Кей ел үш жастан бастап балаларға вакцина салуды бастаған. Tengrinews.kz тілшісі балаларға вакцина салуды мақұлдаған елдер туралы баяндайды.
АҚШ-та 5-11 жас аралығындағы балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салу мақұлданды. Дүние жүзі елдері қазір балаларға екпе салуды бастап жатыр. Кей ел үш жастан бастап балаларға вакцина салуды бастаған. Tengrinews.kz тілшісі балаларға вакцина салуды мақұлдаған елдер туралы баяндайды.
ДДСҰ не дейді?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балаларға вакцина салдыруға жазда рұқсат беріп қойған. Басында ДДСҰ балалар мен жасөспірімдерге коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға асықпауға шақырған. Себебі ұйым екпе бұл жастағы балаларға әлі тексерілмегенін алға тартқан еді.
Ал маусымның соңғы жағында ДДСҰ алғаш рет балаларға вакцина салдыруға болатынын мәлім етті. Жаңартылған кеңес сол кезде ұйым сайтында жарияланған еді.
Фото: elements.envato.com
ДДСҰ кеңесінде балаларға Pfizer вакцинасын салуға болатыны айтылған. Себебі Сарапшылар стратегиялық консультатив тобының мәліметінше, бұл вакцинаны 12 жастан бастап жасөспірімдерге салуға болады.
Бұл топтағы адамдарға жасалған сынақ 100 пайыз оң нәтиже көрсетіп, балалардың иммунитеті артқан. Бұл - 2 260 жасөспірім қатысқан сынақтың нәтижесі.
Әлем елдері балаларға қандай екпе салдырып жатыр?
Deutsche Welle мәліметінше, АҚШ-тың аурушаңдықты бақылау және алдын алу орталығы (CDC) 5-11 жас аралығындағы балаларға коронавирусқа қарсы Pfizer/BioNTech вакцинасын салуға шешім шығарды.
"Миллиондаған ата-ана балаларына екпе салуға тырысып жатыр, осының арқасында 28 миллиондай балаға COVID-19-ға қарсы вакцина алуға кеңес береміз", - делінген CDC директоры Рошель Валенски мәлімдемесінде.
Фото: elements.envato.com
Ол балаларға әдетте екпе салынатын ауруларға қарағанда COVID-19 қауіптірек екенін қоса айтты.
CNN мәліметінше, АҚШ-тан бөлек, бүгінде Еуропадағы бірқатар ел 12 жастан асқан балаларға вакцина салдырып жатыр.
Ал Deutsche Welle мәліметінше, Куба екі жасқа дейінгі балаларға да вакцина салдырған алғашқы ел болды. Ел үкіметі балаларға өздері өндірген Abdala және Soberana вакциналарын егіп жатыр. Бірақ бұл вакциналарды әлі ДДСҰ мойындамаған.
Чили, Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктерінде де балаларға вакцина салу мақұлданған. Мысалы, ТАСС ақпаратына сүйенсек, Чилиде алты жастан бастап Sinovac вакцинасын салдыруға болады. Ал Apnews.com мәліметінше, Қытайда Sinovac пен CoronaVac үш жастан асқан балаларға рұқсат етілген. Reuters мәліметіне қарағанда, БАӘ-де 3 жастан асқандарға Sinopharm егіледі, бірақ ел үкіметі бұл бағдарлама ерікті түрде екенін жаппай мәлім еткен.
Фото:zi.dn.ua
BBC мәліметінше, Франция, Дания, Германия, Ирландия, Италия, Испания және Польша секілді еуропалық елдер 12-15 жас арасындағы балаларға Pfizer/BioNTech вакцинасын салуды мақұлдаған. Қазанда Украинада да 12 жастан асқан балаларға осы вакцинаны салуға рұқсат етілді. 26 қазандағы жағдай бойынша, Украинада 12-17 арасындағы 13,5 мың бала екпе салдырған.
Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің хабарына қарағанда, көрші елде қыркүйекте 12-15 жас арасындағы балаларға Pfizer/BioNTech вакцинасын салдыруға рұқсат берілген. Қыркүйекте Өзбекстанға америкалық вакцинаның 1,2 миллион дозасы жеткізілген.
Қазақстанда қашан басталады?
Қазақстанда 12 жастан асқан балаларға вакцина салдыру мақұлданды. Балаларға Pfizer компаниясының вакцинасы салынады. Бірақ елге бұл екпе әлі жеткізілген жоқ. Денсаулық сақтау министі Алексей Цойдың айтуынша, Pfizer вакцина биылдың төртінші тоқсанында жеткізіледі. Алайда, нақты қай күні жеткізілетіні белгісіз.
"Pfizer вакцинасын жеткізу осы жылдың төртінші тоқсанында жоспарланған, кестелерді компания тексергеннен кейін біз нақты күндерді көрсетеміз. Вакцина алу тиіс тұрғындардың, атап айтқанда, жас санатына келетін болсақ, біріншіден, Қазақстанда Pfizer компаниясы мәлімдеген тіркеу куәлігі мен нұсқаулықта 12 жастан асқан балалар мен жасөспірімдер көрсетілген, олар Pfizer вакцинасын ала алады", - деді Цой.
Фото:elements.envato.com
Министрдің сөзінше, балаға вакцина ерікті негізде және ата-анасының келісімімен салынады. Елімізге Pfizer вакцинасының 4 миллион дозасы жеткізіледі, яғни бұл екпені 2 миллион адам сала алады. Оның ішіне 12-18 жас аралығындағы балалардан бөлек жүкті немесе бала емізетін әйелдер кіреді.
Ал Ресейде балаларға арнап шығарылатын "Спутник M" вакцинасына келер болсақ, бұл екпені Қазақстанға жеткізу жоспарда жоқ.
"Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында балаларға "Спутник V" ("Гам-КОВИД-Вак-М") вакцинасын салу бойынша ресми мәлімет жоқ", - деді министрлік өкілдері Tengrinews.kz сауалына.
Еске салайық, Қазақстанда бүгінге дейін 943 105 адамнан коронавирус анықталған. Оның 892 мыңнан астамы аурудан жазылған. Ал 7 559 996 адам вакцинаның екі дозасын да салдырған.