ПОДЕЛИТЬСЯ
12 марта 2020 | 12:53
"118 елге тарап, 120 мың адам жұқтырған". Коронавирус туралы дәл қазір не белгілі?
Әлемде коронавирус тарап жатқанына төртінші ай. Вирус бүгінде пендемия деп жарияланды. 120 мыңнан аса адам вирус жұқтырды. Көп қала жабылды, көп ел арасында рейстер тоқтатылды. Tengrinews.kz тілшісі коронавирус туралы соңғы жаңалықтарға шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Әлемде коронавирус тарап жатқанына төртінші ай. Вирус бүгінде пендемия деп жарияланды. 120 мыңнан аса адам вирус жұқтырды. Көп қала жабылды, көп ел арасында рейстер тоқтатылды. Tengrinews.kz тілшісі коронавирус туралы соңғы жаңалықтарға шолу жасады.
120 мыңнан аса адам вирус жұқтырған
Соңғы мәліметтер бойынша, жаңа коронавирус COVID-19 жұқтырудың жалпы саны 121 564 адамға жеткен.
Бүгінде коронавирус 4368 адамның өмірін жалмаған. Оның 3 мыңнан астамы - қытайлық Хубэй провинциясында. Екінші орында - Италия. Бұл елде 827 адам қайтыс болған. Олардан бөлек Иранда 354, Оңтүстік Кореяда 61, Испанияда 54 адам қайтыс болған.
Бүгінде әлемде 65,8 мың адам коронавирустан құлан таза айыққан.
Вирус әлемнің 118 еліне тараған
11 наурыздағы мәлімет бойынша, коронавирус әлемнің 118 елде тараған. Жер бетіндегі адам тұратын құрлықтың бәрінде коронавирус бар. Әрине, ең көп жұқтырғаны - Қытайда. Осыған байланысты Азияның көп елі жаңа вирустан зардап шегіп жатыр.
Мысалы, Иранда 9000 адам вирус жұқтырған. Ал Оңтүстік Кореяда 7775 вирус жұқтыру дерегі тіркелген. Жапонияда қазір 1264 адамнан коронавирус анықталған. Сингапур мен Гонконгта 100-ден аса вирус жұқтыру дерегі бар.
© Reuters
Ал Еуропада коронавирустан қатты зардап шеккен ел - Италия. Бұл елде 12 462 адам вирус жұқтырған. Испанияда 2231, Германияда 1908, Францияда 1784 вирус жұқтыру дерегі тіркелген. Швейцарияда 613, Норвегияда 598 адамнан коронавирус анықталған.
Оңтүстік Америка елдерінен АҚШ-та 1,3 мың адам коронавирус жұқтырған. Канадада бұл көрсеткіш - 93.
Ал Солтүстік Америкада вирус көп тарай қоймады: ең көбі Бразилияда - 25, Эквадорда - 15, Чилиде - 13, Аргентинада -12.
© Reuters
Африка елдерінде вирус қатты тарай қоймаған. Ең көбі - Алжирде. Бұл елде 20 вирус жұқтыру дерегі тіркелген. Оңтүстік Африка Республикасында 7 адам вирус жұқтырған. Нигерия мен Конгода бір-бір адамнан коронавирус табылған.
Ал Аустралияда 112 коронавирус жұқтыру дерегі анықталды.
Қазақстанға жақын елдерден Қытайдан бөлек, Ресейде 20 адам вирус жұқтырған. Беларусьте 6, Украинада бір адамнан вирус табылды.
Вирус жұқтырған шенеуніктер
Коронавирустан ирандық шенеуніктер көп зардап шекті. Наурыздың басында Ирандағы ықпалды орган шенеунігі Мохаммад Мир-Мохаммадидің қайтыс болғаны хабарланған. Ол Иранның жоғарғы көшбасшысы жанындағы кеңесші органның қабылданған шешімдердің орындылығын анықтау жөніндегі кеңестің мүшесі болған.
Мохаммад Мир-Мохаммади. Фото: ifpnews.com
Одан бірнеше күн бұрын коронавирустан Иранның Ватикандағы бұрынғы елшісі Хади Хоссровшахи 81 жасында қайтыс болған еді. Кейін Иранның Сириядағы бұрынғы елшісі 68 жастағы Хоссейн Шейхолисламның да коронавирустан көз жұмғаны белгілі болды.
Олардан бөлек, Иран денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ирадж Харирчи мен Иран әйелдер және отбасы істері жөніндегі вице-президенті Масуме Эптекар коронавирус жұқтырған. Өткен аптада Иранның өнеркәсіп және сауда министрі Рыза Рахмани де вирус жұқтырғаны хабарланған.
Сонымен қатар, бүгінде Еуропа Одағының екі шенеунігі вирус жұқтырғаны белгілі. Олардың бірі жақында Италияға барып қайтқан, ал екіншісі 27 мемлекеттің елшісімен бір кездесуге болған.
Надин Доррис. Фото:gov.uk.
Сондай-ақ, Францияның мәдениет министрі Франк Ристер де коронавирустың жаңа түрін жұқтырды. Ал кеше Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрінің орынбасары Надин Доррис коронавирус жұқтырды деген диагнозбен ауруханаға жеткізілгені белгілі болды. Сонымен қатар, кеше Грузия қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Юрий Нозадзеден коронавирус анықталды.
Вирустың спортқа әсері
Спорт жанкүйерлеріне де коронавирус салдары әсер етіп жатыр. Жаздың басты додалары - Токио Олимпиадасы мен футболдан Еуропа чемпионатының уақыты шегерілуі мүмкін. Төртжылдықтың басты додасы бір немесе екі жылдан кейін өтуі де ықтимал.
Одан бөлек, футболдан Еуропаның топ-лигалары көрерменсіз өтеді. Испания чемпионатының екі туры, Германия чемпионатының төрт матчы, Франция чемпионатының 15 сәуірге дейінгі ойындарында трибуно бос болады. Ал Англия Премьер-лигасында футболшыларға қол алысып, амандасуға тыйым салынды.
© Reuters
Италия ұлттық Олимпиада комитеті елдегі барлық спорт жарысын 3 сәуірге дейін тоқтатты. Футболдан Италия чемпионаты маусымды осылай аяқтауы да мүмкін. Сондай-ақ, кеше "Ювентус" қорғаушысы Даниеле Ругани коронавирус жұқтырғаны хабарланды.
Коронавирусқа байланысты көршілес Ресейде де сақтық шарасы қатты қолға алынды. 10 сәуірге дейін футболдан Ресей чемпионатының Мәскеудегі матчтарына 5 мыңнан көп жанкүйер бара алмайды. Ауыр атлетикадан Мәскеуде сәуірде өтуі керек болған Еуропа чемпионаты маусымға шегерілді.
Өткен айда "Астана" велокомандасы қатысып жатқан "БАӘ туры" коронавирус салдарынан тоқтап қалған болатын.
Күннің жылуы вирусқа әсер етпеуі мүмкін
Кеше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) жаңа коронавирусты пандемия деп жариялады.
"Біз COVID-19 пандемия ретінде сипатталуы мүмкін деген бағалауға келдік", - делінген Twitter-дегі ДДҰ бетінде.
Пандемия - бұл әлемдік ауқымдағы жаңа аурудың таралуы. Әдетте пандемия бүкіл халықтың едәуір бөлігін зақымдайтын жаппай сипат алған ауруды білдіреді.
© Reuters
Қазір барлық ел коронавируспен күресіп жатыр. Германия канцлері Ангела Меркель елдің 70 пайызы коронавирус жұқтыруы мүмкін деген болжам айтты. Ал бұл - 58 миллион адам.
Пандемия бойынша ғалымдардың болжамы әр түрлі. Мысалы, қытайлық эпидемиолог Чжун Наньшань коронавирустың маусым соңына дейін әлемге таралатынын мәлімдеген.
© Reuters
Ұлыбританиядағы Ланкестер медициналық мектебі мен Глазго университетінің, АҚШ-тағы Флорида университеттерінің бес ғалымы арнайы зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде ол коронавирус жұқтырған адам оны орташа есеппен тағы 3,6-4 адамға тарататынын мәлімдеген.
Германиялық Роберт Кох институтының зерттеушілері коронавирус күннің жылуымен өзі тоқтайды деген болжамға келген. Бірақ ДСҰ төтенше жағдайлар бағдарламасының атқарушы директоры Майкл Райан коронавирус динамикасының ауа райындағы әсерін нақты болжау мүмкін емес екенін айтады.
Показать комментарии
Читайте также