АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны жарты миллионға таяп қалды. Бұл ел қазір вирус жұқтыру дерегі бойынша әлемде көш бастап тұр. Tengrinews.kz тілшісі АҚШ-тағы вирус жағдайы мен ел билігінің аурумен қалай күресіп жатқанына шолу жасады.
АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны жарты миллионға таяп қалды. Бұл ел қазір вирус жұқтыру дерегі бойынша әлемде көш бастап тұр. Tengrinews.kz тілшісі АҚШ-тағы вирус жағдайы мен ел билігінің аурумен қалай күресіп жатқанына шолу жасады.
Бір күнде 30 мың адам вирус жұқтырады
АҚШ-та COVID-19 жұқтырудың алғашқы дерегі 20 қаңтарда тіркелді. Содан бес күн бұрын Уханнан келген 35 жастағы ер адамнан вирус табылған. Басында вирус штаттарда баяу тарады. Алғашқы деректен соң бір айдың ішінде елде 14 қана адам вирус жұқтырған. Ақпанның соңғы күнінде АҚШ-та алғаш рет коронавирустан адам қайтыс болды.
Кейін наурызда олардың саны арта түсті. 11 наурызда елде вирус жұқтырғандар саны мыңнан асты. Бір аптадан сәл асқаннан кейін коронавирус диагнозы қойылғандар саны 12 мыңға жетті. Сол сәттен бастап елде вирус қанатын кең жая бастады. Нәтижесінде 26 наурызда АҚШ коронавирус жұқтырғандар саны бойынша бірінші орынға шықты. Келесі күні елде COVID-19 диагнозы қойылған 100 мың адам болды.
© Reuters
Америкалықтар 200 мың көрсеткішіне тысм тез жетті. Бар болғаны алты күннен соң 212 814 адам коронавируспен ауырды.
8 наурыздағы дерек бойынша, қазір АҚШ-та 434 698 адам коронавирус жұқтырған. 14 787 адам вирустан көз жұмған. 22 891 науқас құлан таза айыққан. Қазір елде орта есеппен күніне 30 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталады.
Кеше АҚШ бір тәулікте коронавирустан адам өлімі бойынша антирекорд орнатты. 8 сәуірде елде 1965 мың көз жұмған.
124 мың мектеп жабылды
Елде коронавирус тарай бастағанда билік қадамы ұзақ күттірмеді. 29 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирусқа қарсы жедел жұмыс тобын құрды. Оны елдің денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрі Алекс Азар басқарады.
Екі күннен соң Трамп жаңа қаулыға қол қойды. Енді АҚШ-қа өз азаматтарынан басқалар және Қытайдан келгендер кіре алмайды. Осылайша, соңғы 50 жылда алғаш рет АҚШ-қа кіруге карантиндік тыйым салынды.
Наурыздың ортасында көптеген америкалық және шетелдік әуекомпания ішкі және халықаралық рейстердің басым бөлігін тоқтатты.
© Reuters
24 наурызда АҚШ-та 124 мың мектеп жабылды. Онда 55 миллион оқушы білім алып жатқан. Сондай-ақ, Гарвард, Корнелл және Оңтүстік Каролина университеті секілді танымал жоғары оқу орындары сабақ өткізуін тоқтатты.
Елде алғаш болып Калифорния мен Нью-Йорк штаттарына карантин жарияланды. 19 наурызда алғаш болып Калифорния жабылды. Онда мейрамханалар, кафелер, сауда үйлері, клубтар мен фитнес-залдар жабылды. Екі күннен соң осындай оқиға Нью-Йоркте тіркелді. Бүгінде елдің 43 штатына карантин жарияланған.
6,6 миллион адам жәрдемақыға өтініш қалдырған
Трамптың соңғы қаулысынан соң АҚШ-та 30 сәуірге дейін коронавирусқа қарсы шаралар жалғасады. Ақ үй басшысының айтуынша, үкімет қолданған шаралар болмаса, 2 миллионға жуық америкалық коронавирус құрбаны болуы мүмкін еді.
АҚШ президенті әкімшілігінің коронавируспен күрес бойынша координаторы Дебора Брикстің сөзінше, елде коронавирустан 100 мыңнан 240 мың адамға дейін қайтыс болуы мүмкін.
Елде қазір басқа проблема белең алып келеді. Көптеген жұмыс орны жабылған соң, америкалықтар жұмыссыз қалып жатыр. Наурыздың аяғында 6,65 миллион америкалық тұрғын жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш қалдырған. Бұл осы көрсеткіш бойынша ел тарихындағы рекорд саналады.
© Reuters
Сонымен қатар, АҚШ-та ксенофобия мен нәсілшілдік қатты тарай бастаған. Елге коронавирус кірген соң, қытайлықтар мен елдегі азиаттарға деген жеккөрініш белең алған. Ал Media Matters for America ұйымы Fox News Channel арнасын нәсілшіл деп айыптаған. Себебі арна телеэфир кезінде "қытайлық вирус" деп жиі айтқан екен.
Нью-Йоркте үш мың адам қайтыс болған
Бүгінде АҚШ коронавирус ошағына айналса да, елде жағдай түзеліп келеді. Мұндай мәлімдемені АҚШ вице-президенті Майк Пенс жасады.
"Елдің бұрын адам өлімі көп болған аудандарында статистика тұрақтанып келе жатқанын байқадық", - деді ол Ақ үйдегі брифингте.
Пенстің сөзінше, Нью-Йорк, Нью-Джерси, Жаңа Орлеан, Детройт пен Чикагода жағдай жақсарып келеді екен. The New York Times мәліметінше, 7 сәуірдегі жағдай бойынша, бір Нью-Йорктің өзінде 3 мыңға жуық адам коронавирустан көз жұмған. Наурызда Нью-Йоркте мыңнан аса полицей вирус жұқтырғаны хабарланған. Трамп қалада вируспен күресу үшін мыңға жуық әскер жіберілетінін мәлімдеді.
Брифинг кезінде Трамп сәуірдің алғашқы екі аптасы ауыр өтетінін айтып, "әр америкалықты алдағы қиындықтарға дайын болуға" шақырған. "Біз өте ауыр екі аптадан аман өтуіміз керек", - деді АҚШ басшысы.