АҚШ-та кезекті президент сайлауы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы лауазымына екі негізгі кандидат бар - республикалық Дональд Трамп пен демократ Джо Байден. Пенсильвания штатындағы Филодельфия қаласында тұрып жатқан отандасымыз Дальмира Құлмағанбетова Tengrinews.kz тілшісіне биылғы президент сайлауы қалай өткенін баяндап берді.
АҚШ-та кезекті президент сайлауы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы лауазымына екі негізгі кандидат бар - республикалық Дональд Трамп пен демократ Джо Байден. Пенсильвания штатындағы Филодельфия қаласында тұрып жатқан отандасымыз Дальмира Құлмағанбетова Tengrinews.kz тілшісіне биылғы президент сайлауы қалай өткенін баяндап берді.
АҚШ-тағы сайлау әлі де жүріп жатыр. Себебі АҚШ-тың біраз штаты әртүрлі сағаттық белдеуде орналасқан.
"АҚШ-та сайлау таңертең Нью-Йоркте басталса, ол жақтың уақыты бойынша түнге қарай аяқталады. Батыс жақта орналасқан штаттарда ең соңынан аяқталады. Яғни сайлау әлі де болып жатыр. Нақты нәтижесі әлі шыққан жоқ. Әр штат бойынша нәтижелер ақырындап шығып жатыр", - дейді Дальмира.
АҚШ-тағы президенттік сайлау кезінде тек ел азаматтары дауыс бере алады. Дальмира егер сайлау мүмкіндігі болса, даусын кімге беру үшін жергілікті жүйені толық түсініп алу керегін айтады.
"Бұл қиын сұрақ. Шынымды айтсам, АҚШ-та бірнеше жыл тұрып келе жатқаныма қарамастан жергілікті жүйені, оның қалай жұмыс істейтінін терең түсінбей, оны айта алмаймын. Себебі америкалықтардың көбі әлі де түсінбейді. Америкадағы саясат қиын, әркімнің жеке пікірі бар деген секілді. Негізі Байден де жеңіп кетуі мүмкін. Бірақ бір нәрсені түсініп алу керек. АҚШ-тағы сайлау жүйесі қиын. Қазір штат бойынша сайлау жүріп жатыр. Яғни әр адамның даусы есептеліп жатыр. Бірақ тағы да сайлаушылар жүйесі бар. Әр штатта халықтың атынан шығатын өкілдер бар. Пенсильванияда, қателеспесем, 20-дан аса, Техас штатында 30-дан аса өкіл бар.
Әр штаттағы өкілдердің саны әртүрлі, ол жергілікті халықтың санына байланысты. Демек сол өкілдердің де даусын жинайды. Мысалы алты штаттың өкілінің үшеуі Трампқа дауыс беріп, ал бүкіл штат Байденге дауыс берсе, бұл жағдайда Трамп жеңіп кетеді. 2016 жылғы сайлауда солай болған. Төрт жыл бұрын Трамп Хилари Клинтоннан 3 миллион дауыс артта қалғанымен, өкілдердің даусының арқасында жеңіп кетті. Сондықтан қазір Трамп пен Байден бірдей келе жатыр. Бірақ Байден пайыз бойынша бірінші болғанымен өкілдердің даусының нәтижесін күту керек. Содан кейін ғана нақты нәтиже шығады. Байден жалпы дауыс беруде жеңіске жетіп, Трамп өкілдер арқылы жақсы дауыс жинаса, Дональд Трамп қайтадан президент болып сайланады", - деп түсіндірді Дальмира.
© Reuters
Биылғы сайлау ерекше өтті
Дальмираның сөзінше, биылғы сайлау 2016 жылғы сайлауға қарағанда өзгеше өтіп жатыр.
"Бір қызығы, Америкада сайлау үнемі кібісе жылына түседі екен. 2016 жылғы сайлауда Трамп ұтты. Биыл Трамп соңғы рет екінші рет президент болуы мүмкін деп жатыр. Төрт жыл бұрынғы сайлауды да көрдім. Ал биыл өзім дауыс бере алмасам да тереңірек зерттеп, сырттай бақылап жүрмін. Сонымен қатар, биыл карантинге байланысты сайлау ерекше өтіп жатыр. Әр штаттың өзінің шарты бар. Олар тәуелсіз мемлекет секілді, әрқайсының губернаторы ереже қабылдады. Биылғы сайлаудың ерекшелігі - адамдарда алдын ала яғни сайлауға дейін пошта бөлімшелері арқылы дауыс беру мүмкіндігі болды. Нақты қайсы екенін айта алмаймын, бірақ кей штатта көбіне солай болды. Одан бөлек, сайлау дәстүрлі түрде де өтті. Яғни адамдар сайлау учаскесіне барып, бюллетень толтырып, дауыс беру мүмкіндігі болды", - дейді отандасымыз.
Дальмира отбасымен © instagram.com/dal_mira
Дальмираның сөзінше, АҚШ-та сайлау әділ өтуі үшін ерекше жүйе жасалған.
"Бір байқағаным, АҚШ-тың әрбір азаматы сайлауға қатысу үшін алдын ала тіркеліп, сайлау күні бюллетенін толтырып, таңдауын жасағаннан кейін арнайы аппаратқа барады. Сол аппарат арқылы бюллетенін сканерден өткізеді. Осылайша екі реттік есеп жүргізіледі. Бұл адамдардың даусы жоғалып кетпеуі үшін және сайлау бұрмаланбауы үшін жасалады. Сонымен қатар, меніңше, ол қауіпсіздік және бәрі шынайы өтуі үшін жасалып отыр", - дейді Дальмира.
Америкалықтар сайлауға жауапкершілікпен қарайды
Дальмираның айтуынша, АҚШ азаматтары сайлау науқанына үлкен жауапкершілікпен қарайды.
"Ол Қазақстанмен салыстырғанда қатты байқалады. Адамдар сайлау күні таңертең ерте тұрып, дайындалып, әдемі киініп, отбасымен бірге барады.Халық сайлауға мереке секілді дайындалады. Сайлау учаскесінде "Мен таңдауымды жасадым" деген белгі тағады. Сол белгілермен олар міндетті түрде әлеуметтік желідегі парақшаларына "Мен бүгін өзімнің азаматтық парызымды орындадым" деген секілді жазба қалдырып, селфиге түседі", - дейді ол.
"Біз бұл сайлауда жеңіске жеттік" - Трамп
Жергілікті кәсіпкерлер митинг болуы мүмкін деп дүкендерін қоршап тастаған
Отандасымыз 2020 жыл - АҚШ үшін қиын жылдардың бірі болғанын айтады. Жергілікті кәсіпкерлер сайлау нәтижесі шыққаннан кейін митинг басталып кетуі мүмкін деп сескеніп отырған көрінеді.
"Себебі, өздеріңіз де хабардарсыздар, жақында жергілікті тұрғындар Black Lives Matter деген лозунгпен митингіге шықты. Сол кезде адамдар дүкендерді қиратып, тонағаннан кейін жергілікті кәсіпкерлер қорқып қалған. Одан бөлек, кей адамдар Трамптың нәсілдік бөлу көзқарасы бар деп ойлап, егер ол қайтадан президент болып сайланса оның саясатын қолдамайтындар нәтижемен келіспей, митингке шығуы мүмкін деп ойлайды. Сондықтан бірнеше штаттағы дүкендер, қымбат бутиктер витриналарын жауып тастады. Себебі митинг басталса адамдар да бәрін қиратып, тонап кетуі мүмкін", - дейді Дальмира.
АҚШ-та ағашпен қоршалған дүкендер © instagram.com/dal_mira
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!