Сән саласында ер адамдарға да орын бар. Мұны 25 жастағы визажист Нұрсұлтан Оразғалиев өз мысалында дәлелдеп келеді. 6 жыл бұрын ақша табу үшін сұлулық салондарын жағалап, тәжірибе жинаған ол қазір Қазақстандағы топ-визажистер қатарында. Жақында Нұрсұлтан 10 мыңдаған адам қатысқан бет әрлеушілер марафонында үздік ондыққа кіріп, Мәскеуде визажистер додасына қатысып келді. Ол Tengrinews.kz тілшісіне өзі, мамандығы мен ресейлік шоу, Қазақстандағы сән салондарының жағдайы және бет әрлеудегі қазіргі трендтер туралы айтып берді.
Сән саласында ер адамдарға да орын бар. Мұны 25 жастағы визажист Нұрсұлтан Оразғалиев өз мысалында дәлелдеп келеді. 6 жыл бұрын ақша табу үшін сұлулық салондарын жағалап, тәжірибе жинаған ол қазір Қазақстандағы топ-визажистер қатарында. Жақында Нұрсұлтан 10 мыңдаған адам қатысқан бет әрлеушілер марафонында үздік ондыққа кіріп, Мәскеуде визажистер додасына қатысып келді. Ол Tengrinews.kz тілшісіне өзі, мамандығы мен ресейлік шоу, Қазақстандағы сән салондарының жағдайы және бет әрлеудегі қазіргі трендтер туралы айтып берді.
Нұрсұлтан Тәуелсіздік қарсаңында дүниеге келген, соның құрметіне Тұңғыш Президент есімі қойылған. Өзі Тараздікі, Алматыға оқуға түсіп, арман қуып келген, осы жерде визажбен айналыса бастаған.
"Бала кезімнен бет әрлейтін заттарға қызығып, әйел адамның сұлулығын ерекше жақсы көріп, қалай жасайды екен деп қызығатынмын. Студент кезімде ақшалай қатты қиналып, "Қолымнан не келетін еді?" деп, тәжірибем болмаса да сұлулық салондарын жағалап жұмыс іздегенмін. Сол кезден бері 6 жыл өтті", - дейді ол.
Мэйк-ап артист бастапқыда таңдаған мамандығын ешкімге айтпағанын да жасырмады. "Адамның адал еңбекпен тапқан нанын ер не әйел жұмысы деп бөлу дұрыс емес", - дейді ол.
"5-6 жыл бұрын ер адамдарға өте ерсі көрінетін сала еді. Бірақ бүгінде мен сияқты мамандардың арқасында адамдардың ойын өзгерттік деп ойлаймын. Ер адам бәрібір әйел сұлулығын өзгеше ішкі жан дүниесімен сезінетін сияқты.
Адамдар тиіскен кездер де болды, жасырып, ешкімге айтпайтынмын. Адамның адал еңбекпен тапқан наны ердің, әйелдің жұмысы деп бөлген дұрыс емес. Ең бастысы қоғамға зияның тимей, адамдарға аз да болса бақыт сыйлаған сәттер керемет", - дейді Нұрсұлтан Оразғалиев.
Нұрсұлтанның ресейлік байқауда жасаған образдары
Оның Instagram-дағы парақшасынан қазақстандық жұлдыздарға жасалған мэйк-аптармен қатар, "Аватар", "Чудо женщина", пират образдарын көруге болады. Мұның бәрін ол ресейлік әйгілі визажист Гоар Аветисянның бет әрлеушілер марафонына қатысқанда жасаған.
Осы жұмыстарының арқасында ол Ресейдегі шоуға жолдама алып, мықты деген визажистермен сайысқа түсіп келді. Бомба жарылып, мылтық атылып жатқан полигонда әскерли фешн стильде, кейін әр түрлі елге тән қалыңдық образын жасады.
"Мыңдаған адамның ішінен мені таңдап Мәскеуге ұшып бардым, елімді таныту мен үшін үлкен мәртебе. Өте қиын болды, қатты стресс алдым десе болады. Жол, эмоция, уайым қажытып жібереді. Бұрын соңды аватар сияқты образдар жасамаған едім, бірақ сайыс болғандықтан намысты бермей барынша тырыстым. Өте керемет шықты. Шоудан алған тәжірибе өте көп, қаншама адам мені танып, өнерімді көрді", - дейді ол.
"Қазақстан сұлулық саласынан алдыңғы орындарда деп айта аламын"
Нұрсұлтан Оразғалиевтің айтуынша, еліміздегі салондар ресейлік салондардан асып түспесе кем емес.
"Түсірілім кезінде Гоар Аветисянның өз салонында болдық. Сапа жағынан бізден асып түседі десем артық болады. Бізде де өте керемет салондар жетеді. Негізі көп адам салон үшін емес, маманның өзі үшін келеді. Бағасы бізге қарағанда айтарлықтай қымбат, оларда той-томалақ аз ғой. Қазақстанды сұлулық саласы жағынан алдыңғы орындарда деп айта аламын, өйткені біздің арулар сұлу болуға әрдайым ұмтылып, трендтерден қалыспайды", - дейді ол.
Мэйк-ап артист макияждағы бүгінгі трендтерді де айтып берді.
"Қәзіргі таңда қатты бояну трендтен кетіп жатыр, көбі табиғи қас, жеңіл макияж сұрайды. Бұрыңғыдай қатты контур сызып, адам танымастай өзгерту жоқ. Барынша жеңіл жасап жас көрсету - басты міндетіміз. Сонымен қатар, қазір көзді үлкейту емес, керісінше ұзартып, түлкі көз эффектін жасау трендте. Бірақ не дегенмен де әркімнің қалауын орындаймыз", - деді ол.
Суреттер: Нұрсұлтан Оразғалиевтің жеке мұрағатынан
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!