РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
23 апреля 2018 | 09:37

Елімізде қыз-келіншектердің киім кию стандарттарын бекіту қажет пе?

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

© altyn-orda.kz © altyn-orda.kz

Биыл наурыздың соңында Тәжікстан билігі елдегі қыздар мен әйелдерге арнап киім киюдің стандарттарын енгізді. Құжатта қыздар мен әйелдердің қай жерге, қай кезде не киіп, не кимеуге болатыны анық көрсетілген. Бұл стандарт тым ашық киімдерді, сондай-ақ, галош пен қара түсті тым жабық киімдерді киюге жол бермейді. Сонымен қатар, үлгілердің басым бөлігінде ұлттық нақыштағы киімдерге, ою-өрнектер мен әшекейлерге баса назар аударылған.


Биыл наурыздың соңында Тәжікстан билігі елдегі қыздар мен әйелдерге арнап киім киюдің стандарттарын енгізді. Құжатта қыздар мен әйелдердің қай жерге, қай кезде не киіп, не кимеуге болатыны анық көрсетілген. Бұл стандарт тым ашық киімдерді, сондай-ақ, галош пен қара түсті тым жабық киімдерді киюге жол бермейді. Сонымен қатар, үлгілердің басым бөлігінде ұлттық нақыштағы киімдерге, ою-өрнектер мен әшекейлерге баса назар аударылған.

Бұл құжат ресми бекітіліп, әлемдік БАҚ-қа жарияланғалы бері қазақстандық оқырмандар да бұл тақырыпты қозғай бастады. Әлеуметтік желілерде бұған қатысты пікір жазғандардың бір сыпырасы "тамаша, бізге де осындай стандарт қажет" десе, енді бір тарап мұндай стандарттарды "адам құқығын шектеу" деп бағалады.

Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі мамандардың пікіріне құлақ асты.

"Киімді заңмен емес, жаймен кигізу керек"

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Ерке-нұр" сән үйінің директоры, модельер Фарида Мерхамитқызының айтуынша, мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елінде бар. Яғни, ұлттық нақыштағы киімдерді тек сахналық емес, күнделікті киетін киімге айналдырған елдер жетерлік және сол елдердің тәжірибесіне сүйенуге әбден болады.


© instagram.com/aya_bapani

"Әр ұлтқа өз ұлтының киімі әрдайым жарасып тұрады. Бұл стандарттың да бастапқы мақсаты сонда болған деп ойламын. Қазақстанда да әйелдер ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті киюге дағдыланса жақсы болар еді. Дегенмен, заңмен немесе стандарттармен күштеу дұрыс деп айта алмаймын, күштеуге болмайды. Еуропалық стильде киініп үйреніп қалған ел үшін бірден стандарттағы киімдерге көшу қиынырақ болады. Сондықтан, бұл дағдыны біртіндеп енгізген дұрыс. Дағды қалыптасу үшін дәстүр қажет. Қандай дәстүр дейсіз ғой? Қазақстанға ұлттық киім фестивалі мен ұлттық киімдердің апталығы жетіспейді", - дейді Фарида Мерхамитқызы.

Маманның айтуынша, жылына бір күнді белгілеп, жыл сайын сол күні ұлттық киімдердің фестивалін өткізіп, насихаттау бұл мәселеде оң нәтижеге апарады.

"Мысалы, Қытайда қазір ұлттық киім киетіндер көбейген және оларды ешкім мәжбүрлемеген. Ал Жапонияда жыл сайын ұлттық киімдердің апталығы, Бразилияда карнавал өтеді және оған бүкіл әлемнен туристер барып, көреді. Бізге де осындай дәстүр қажет", - дейді ол.

Қоғамдық санада бекітілген стандарт ресмилікті қажет етпейді

Тележүргізуші, журналист, "Жанат Бақыт" сән үйінің басшысы Жанат Бақыттың айтуынша, қыз-келіншектердің дұрыс киінуі үшін қоғамдық сананы мектеп пен БАҚ-тан бастап реттеу қажет.

"Әйелдердің киіміне қатысты стандарттардың болғаны жақсы, қолдаймыз. Біздің елде ұлттық киім жылына екі күн - 22 және 23 наурызда ғана киіледі. Қоғамдық санада "ұлттық киім - сахнаның ғана киімі" деген ұғым қалыптасқан. Ал сол сана дұрыс қалыптасу үшін мектептегі ұстаздардың, телеарнадағы жүргізушілердің үлгі болып, дұрыс киінгені маңызды. Себебі мектептегі бала да, экранның арғы жағындағы халық та еліктегіш келеді", - дейді Жанат Бақыт.


Жанат Бақыт. © instagram/zhanat_bakyt

Айтуынша, қазір қазақстандықтардың да арасында ұлттық нақыштағы киімдерді құп көретіндер көбейген.

"Соңғы біраз жылдармен салыстырғанда жағдай оңалған. Бұрынғыдай жартылай жалаңаш киініп, кеуделерін, сандарын жарқыратып жүретіндер сирек кездеседі. Әуежайларда да көпшілік ұлттық киімді, тым болмаса өрнегі бар бұйымдарды тағып жүреді, көріп, көзің тояды. Стандарттарымыз болмаса да, қыз-келіншектеріміздің үстіндегі киімнің бір бұрышында қазақтың оюы тұрса жақсы болар еді", - дейді ол.

Стандартты киім кез келгенге жараса бермейді

Осылайша, сән әлемінің мамандары қыз-келіншектерді стандартпен киіндіріп, қоғамды тәрбиелеуге шақырды. Алайда, бұл мәселенің құқықтық бағдарына күмәнмен қараған маман да табылды.

Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхит өңірі бойынша вице-президенті (WCC-APR) Айжан Бекқұлованың айтуынша, қыз-келіншектердің киім кию стандарттарын бекіту миға қонымсыз дүние. Себебі стандартты киім кез келгенге жараса бермейді.

"Мысалы, Түркіменстанда мемлекеттік қызметкерлер бірдей киім киеді. Қалай ойлайсыз, бәріне бірдей жарасып, керемет болып тұра ма? Қыз-келіншектердің бірдей болып жүруі бізге қажет пе? Ұлттық киімнің өзі біреуге жарасса, біреуге жараспайды. Әрине, әйелдердің дұрыс киінуі қай елдің қоғамы үшін де маңызды. Бірақ, ұлттық нақыш пен заманауи тренд дұрыс трансформациялануы тиіс", - дейді Айжан Бекқұлова.


© instagram.com/aya_bapani

Маманның айтуынша, әйелдердің дұрыс киіну үшін стандарттарды бекітіп, оның ішінде ұлттық нақыштағы дүниелерге басымдық беру үшін осы саланың хас шеберлері болуы тиіс, ал біздің елде сауатты дизайнерлер көп деп айту өте қиын.

"Бұл мәселе түптеп келгенде дизайнерлерге келіп тіреледі. Қазіргі қоғам еуропалық дайын киім-кешектерді алып үйренген қоғам, оған тағар айып та жоқ. Себебі, өзімізде жоқ, сауатты, сапалы, дұрыс жасалған қолжетімді дүние қашан да сұранысқа ие болады. Ал бізде тіккен киіміне қошқар мүйіз оюын жапсырып қоятындар кездеседі. Ол оюды киімге басуға болмайды, соны білмейтін "мамандар" бар. Осыдан кейін қалайша стандартқа балап қоюға болады? Ал егер дизайнерлер дұрыс жұмыс істеп жатса, әңгіме бөлек", - дейді маман.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети