РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
18 марта 2019 | 16:07

Түркиядағы тіршілік, студенттерге деген құрмет және ысырапсыз той - Ыстамбұл қазағының өмірі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Жазира Ташматова © zhazira_tashmatova Жазира Ташматова © zhazira_tashmatova

Түркияда 15 мыңға жуық этникалық қазақ өмір сүріп жатыр. Ыстамбұлда 200-ден аса қазақ отбасы бар. Солардың ішінде бұл елге бес жыл бұрын барған Жазира Ташматова да бар. Қазір ол - Түркияның Еге университетінің докторанты, түркология саласының маманы. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Жазира Түркиядағы білім беру, Ыстамбұлдағы өмір мен сондағы қазақтардың тіршілігі туралы баяндады.


Түркияда 15 мыңға жуық этникалық қазақ өмір сүріп жатыр. Ыстамбұлда 200-ден аса қазақ отбасы бар. Солардың ішінде бұл елге бес жыл бұрын барған Жазира Ташматова да бар. Қазір ол - Түркияның Еге университетінің докторанты, түркология саласының маманы. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Жазира Түркиядағы білім беру, Ыстамбұлдағы өмір мен сондағы қазақтардың тіршілігі туралы баяндады.

"Ғылыми жетекшім қатаң талап қойды"

Қызылордалық келіншек Түркияға білім қуып барғанын, мақсаты түркологияны терең зерттеу болғанын айтып берді.

"Арманым - түркология саласының қазанында қайнау болды. Несін жасырайын, Советтік түркологиядан кейін, қазіргі таңда бұл салада әзірге түрік елі мықты болып тұр. Мысалы, мұндағы түркітану бөлімдерінде кейбір түркі халықтарының тілдері жоқ дегенде бір семестрден оқытылады. Бүгінгі таңда Түркияда қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын 19 жоғары оқу орны бар. Мәселен, Кеңестік жүйеде жазылған диссертацияларда ортақ мәдени мұралардың факсимиль нұсқасы қоса жарияланбай келді. Сәйкесінше, ортақ мұраны қазақ, өзбек, татар, әзірбайжан сынды түркі халықтары әрқайсы өзіне тартып, әркім өз қазанында қайнап, әрбірі әр терінің пұшпағын илеп келді.

Бұл да бір Кеңестік идеологияның бір түрі болған шығар, кім білсін. Менің де арманым - "Түркі халықтарының тілдері" мамандығы бойынша докторантураны Түрік елінде жалғастыру, өзге жүйені көру, танып білу, жақсысын, керегін үйрену еді. Türkiye Bursları деген Түркия Үкіметінің шәкіртақысын жеңіп алып, докторантураға оқуға кеттім", - дейді Жазира.


Түркия Республикасының екінші президенті Исмет Инөнiнiң Хэйбели аралындағы үйi

Алайда білім қуып келіп, мұнда тұрмысқа шығып қалып қоямын деген ойды арқаламағанын айтады. Оның басты мақсаты білім алып, кейін елге оралу болған.

"Мұнда келген бойда түркиялық ғылыми жетекшімнің де ең басты қойған шарты осы болды: Түркияда қалып қоймау, түрік азаматына тұрмысқа шықпау. Оның үстіне алды-артын білмейтін, оң-солын танымайтын бозөкпе жаста емеспіз. Ғылыми жетекшімнің талаптарын құптаймын. Сонша баптап, ғылымға баулып өсірген соң, оқуды таусып елге оралған соң, өз елімізде де жолын жалғастыратын, екі елдің мәдениет, ғылым саласындағы көпір болғанымызды қалайды. Әрине, бағдарламаның да негізгі көздеген мақсаты Түркияда білім алып болған соң өз еліне оралып қызмет етуді көздейді. Бірақ елге келіп міндетті "отработка" жасау деген шарттары жоқ", - деп әңгімеледі ол.

"Жолдасым қазақша меңгеріп алды"

Жазира түркиялық жергілікті қазақ азаматымен Ыстамбұлдағы жергілікті қазақтардың басқосуында танысқан. Бастапқыда жолдасы қазақша аздап түсінгенімен, жақсы сөйлей алмағанын айтады. Ал қазір қазақша ән тыңдап, фильмдер қарап, қазақшасы едәуір ілгерілепті.

"Қай жерде болса да адамның адамнан айырмашылығы жоқ қой. Әрине, адам болған соң аласы да құласы да болады. Дегенмен, Түркия қазақтары діни сауатты. Баланы жастайынан құран курстарына береді. Бұл да Ыстамбұл сияқты үлкен мегаполисте жат ағымдарға еріп кетпеудің өзіндік тәрбиелік құралы болса керек", - дей келе ол Түркияның жергілікті қазақтары мен біздің салт-дәстүрде айтарлықтай өзгешеліктер жоқ екенін байқаған.

"Әр елдің салты басқа…" демекші, Қазақстанның да әр аймағында да әр түрлі кішігірім өзгешеліктер өзімізде де кездеседі. Мұны әр аймақтың ерекшелгі деп білемін. Сонысымен мәдениетіміз молая түседі. Оның үстіне біз орыс мәдениетінен біраз нәрсені сіңіріп өстік. Түркия қазақтары да бір уақыттары қиын-қыстау көш заманында Қытайдан Тибет асып Пәкістанда біршама уақыт қалғаны бар, қазіргі түрік қоғамына сіңіп, өмір сүргені бар, мұндағы қазақтардың да бірнеше мәдениетті сіңіріп алуы заңды құбылыс. Мысалы, Түркия қазақтарына Пәкістан асханасынан біраз дүние енген. "Тәркәри" тағамы, лавашты "чәпати" деп атауы, ескі қазақтың тұз қосылған сүтті шайінен бөлек, қалампыр, қара бұрыш, зімбір қосып ішуі де Пәкістаннан келген дәстүр болса керек. Себебі Үнді, Пәкістан елдерінде дәмдеуіштер қосылған сүтті шайды "масала" дейді. Біздің қазақтардың шай мәдениетінде ауа райына байланысты сүтті шайдан бөлек, қаймақты, тұз қосылған, бидай ұны мен сары май қосылған шай түрлері болды", - дейді түрколог маман.

Жолдасы Жазираны қазақстандық мерекелермен құттықтап, бұл мерекелерді атап өтуіне еш қарсылығын білдірген емес екен.

"Мұндағы қазақтардан маған ұнаған нәрсе - өз өмірлерін өздері жеңілдетіп алған. Мысалы, қазақ қоғамында өтетін жиын-тойдың өзіндік жүйесі қалыптасқан. Бір реттік қолданылатын қазақы оюлы дастархан мен бір реттік қолданылатын пластик табақ, қасық-шанышқылар қолданылады. Бай-бағлан мен әкім-қараға да сол бір дастархан жайылады. Біздегідей кейбір тойлардағыдай алтын жалатылған табақтар мен күміс қасықтар, ас та төк дастарханды, сынап жатқан бірін көрмейсіз, бір сөзбен айтқанда ысырапшылдыққа жол жоқ", - дейді ол.

Оның айтуынша, Түркиядағы қазақтардың ауызбіршілігін той-жиынды көппен көтеруінен көруге болады екен.

"Мәселен, той иесі той өтетін қазақ қоғамының ақысын, қонақ асын (ет, палау) көтерсе шай дастарханға қойылатын түрлі тәтті, жылы-жұмсақты тойға келуші сондағы әрбір қазақ үйінен бір нәрсе пісіріп әкеледі. Солайша бір-бірінің қызықшылықтарын бірге бөліседі. Біршама уақыт үнді-пәкістан, түрік қоғамының ықпалы да жоқ емес, дастархан мәзіріндегі түрлілік пен қазақы ет тағам да өзгеріске ұшыраған. Қамырдың орнына күріш басып палау жасап, үстіне асылған етті қолданады. Сондай-ақ, бауырсақты әлі күнге дейін тоң майға пісіреді. Тоң майға пісірілген бауырсақ ұзын жолға бұзылмай ұзақ сақталады деген ескі қазақтардың көш психологиясынан қалған әдет болса керек", - дейді ол.

Ыстамбұлда үй жалдау Астана мен Алматыға қарағанда арзандау

"Ыстамбұл Түркияның ең қымбат, ең адам көп ірі мегаполисі болып есептеледі. Содан ба, көп түріктің бұл қалада өмір сүруге жүрегі дауалай бермейді", - дейді Жазира. Дегенмен, Ыстамбұл мүмкіндіктер қаласы екенін атап өтті.

"Еңбек етемін деген әр адамға екі қолға бір күрек табылады. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген барлық адамды кездестіруге болады. Түркияның астанасы Анкара болса, мәдени бас қаласы Ыстамбұл дер едім. Өзім бес жыл Измирде тұрсам да, Ыстамбұлға келгелі Түрік елінде жүргенімді енді сезініп жатқандаймын", - деп әңгімелейді Жазира.

Алайда екі елді салыстыра келе үй жалдау ақысы Алматы мен Астанада қымбаттау көрінгенін айтады.

"Мысалы, Алматы мен Астанада қаланың ішіндегі бір бөлмелі пәтерді жалдау ақысы 80-90 мың теңге болса, бұл бағаға Ыстамбұлдың ішінен 2-3 бөлмелі үйді табуға болады. Ал Ыстамбұлдың шеткі аймақтарында бұл бағадан да арзанын табасың. Басқа да шет елдеріндегідей мұнда да үй жалдау барысында депозит деген нәрсе бар. Мұнда да азық-түлік, көкөністің бағасы доллардың өсуіне байланысты шарықтап тұрады. Алайда мемлекет тарапынан арнайы шаралар қолданып, әр аймақта әкімшіліктің қолдауымен екі есе арзан бағамен жәрмеңкелер өткізіліп тұрады. Соған сай жекелеген кішігірім кәсіпкерлердің де бағасын төмендетуіне ықпал етіп, бағаны бақылауда ұстайды", - дейді Жазира.

Медициналық сақтандырумен көзілдірік тегін аласыз

Сонымен қатар, Жазира Ташматова Түркияның әлеуметтік саласындағы ерекшеліктерге де тоқталып өтті.

"Мұнда да кіріс көзі аз, тұрмысы төмен отбасыларға Үкімет тарапынан тағайындалған әлеуметтік жәрдемақылар бар. Әлеуметтік жәрдемақылар ішіне баспанамен қамту, азық-түлік, жесір қалған әйелдер үшін, көмірмен қамтамасыз ету, баласы әскерде қызмет ететін отбасыларға көмек, мектеп қабырғасында оқитын оқушы, оқушылардың түскі тамағы мен кітапқа берілетін көмек, мүгедек жандарға берілетін көмек, аяқ асты жұмыссыз қалғанда мемлекет тарапынан берілетін үш айлық көмек, жаңа туылған нәрестелерге берілетін әлеуметтік жәрдемақы түрлері бар", - деп атап өтті Жазира.

Медицина бойынша Түркияда әлеуметтік қорғау мекемесі бар екен. Ол біздің елдегі медициналық сақтандыру сияқты.

"Медициналық сақтандыруы бар кез келген азамат мемлекеттік аурухана, емханалардан тегін медициналық көмек ала алады. Жеке ауруханада қаралу мұнда өте қымбат. Егер медициналық сақтандыруыңыз болса, мемлекет жарты ақысын өсіреді. Дәріханаларда да медициналық сақтандыруыңыз болса, дәрі-дәрмекті де жарты бағасына, медициналық сақтандыру бойынша қолжетімді көзілдірікті тегін алуыңызға болады", - дейді Жазира.

Түркияда неге студентке құрмет жоғары?

Жазира Түркияның білім беру жүйесі біздікінен біршама ерекшеленетінін айтып өтті.

"Мұнда мемлекеттік балабақшалар жоқ. Жеке балабақшалардың бағасы өте қымбат. Мұнда оқу жүйесі бастауыш, орта мектеп, лицей деп үшке бөлінеді. Түрік азаматтарына мемлекеттік жоғары оқу орнында оқу тегін. Бірақ біздікіндей Үкімет тарапынан берілетін шәкіртақысы болмайды. Сәйкесінше, мемлекеттік жоғары оқу орнына тегін түсу де өте қиын. Жылына ең кемі 15-20 мың доллар төлейтін жеке университеттер бар", - дейді ол.


Суреттер Жазира Ташматованың жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, мемлекеттік жатақханалар қолжетімді бағада және таңғы, кешкі ас тегін екен. Бағасына қарай университтің де жатақханалары болады.

"Бір қызығы, Түркияда жеке студенттік жатақханалар да өте көп. Бағалары да адам басына жалдамалы бір үйдің айлық бағасына тең. Түрік кәсіпкерлері де түрік студенттерге көптеген шәкіртақы тағайындап жатады. Жалпы, Түркияда студентке құрмет өте жоғары. Арнайы кафе, тамақтану орындарында студенттерге арналған арнайы қалта көтерер менюлер, жеңілдіктер қарастырылған. Мұнда оқытушылар студенттердің тек білім сапасын ғана бағалайды. Сондықтан ба түрік студенттер жатпай-тұрмай сабақ оқып, үнемі стрессте жүреді" - дейді Жазира.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети