ПОДЕЛИТЬСЯ
11 февраля 2019 | 13:29
Тұмшадан қашып, экологиясы таза жер іздеген Каринаның саяхаты
Карина Шерер - 23 жаста, Қапшағай қаласында дүниеге келген, бірақ отбасы жағдайына байланысты Ресейге көшіп, сонда мектеп бітіріп, отау құрып, кейін Қазақстанға оралған. Мамандығы - стилист. Қазір жолдасымен болашақта тұруға болатын ел іздеп, әлем шарлап жүр.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Карина Шерер - 23 жаста, Қапшағай қаласында дүниеге келген, бірақ отбасы жағдайына байланысты Ресейге көшіп, сонда мектеп бітіріп, отау құрып, кейін Қазақстанға оралған. Мамандығы - стилист. Қазір жолдасымен болашақта тұруға болатын ел іздеп, әлем шарлап жүр.
Бала кезден саяхаттауды армандаған Карина 19 елді аралап үлгерген және оның саны жылдан жылға артады деген арманы бар.
"Мені ешқашан шет елге барып, жай ғана қонақүйде демалу қызықтырмаған. Өзге халықтардың тыныс-тіршілігін көріп, мәдениетін бойыма сіңіре өмір сүргім келді. Осылайша өзімнің және жолдасымның жұмыс бабы саяхаттауға мүмкіндік берген соң, ойланбастан айшылық алыс жерге билет алдық. Басты мақсат - әлем аралап, өмір сүруге болатын ел табу. 19 мемлекетті араладық, енді ақпанда оның қатарын үш елмен толықтырамыз деген жоспар бар", - дейді ол.
Карина ұлты корей боса да, қазақтарға көбірек ұқсайтынын айтады. Оның анасы корей қызы, әкесі де корей, бірақ арғы тегінде қазақ, украин бар екен.
"Ата-анам ажырасқаннан кейін әкем Қазақстанда қалды, ал анам менімен бірге Ресейге көшіп кетті. Бірақ өмірімнің соңғы бес жылын Қазақстанда, Алматыда өткіздім. Керемет қала, мені бірден баурап алды. Анам "туған жер өзіне шақырып алды" деп үнемі қалжыңдайды", - дейді ол.
Алғаш рет ол шет мемлекетке 13 жасында шыққан. Айтуынша, қазір мүмкіндік болса саяхаттауға тырысады.
"Ата-анаммен Таиландқа бардық. Сол кезде мен үшін өзге әлем ашылғандай болды. Онда лас, кедей, бірақ бақытты, құндылықтары бөлек халықты көрдім. Ал қазіргі мақсат барлық елді аралау болғандықтан, мүмкіндік туса, жолдасыммен екі аптаға Доминикан немесе демалыс күндері Өзбекстанға ұшып кетсек те, бәрібір. Ел таңдамаймыз. Қазір бізді туристік қалалар емес, табиғаты, мәдениеті ерекше жерлер қызықтырады. ОАР, Жаңа Зеландия, Аустралияға баруды армандаймын", - дейді ол.
"Қанша халық өкілдерін көрсем де, жаныма өзіміздің мәдениет, азиялық тәрбие жақын. Кей келіспейтін сәттер болса да, бізде отбасы құндылықтарына, үлкен-кішіге құрмет, қамқорлық көбірек байқалады. Ондай, мысалы, Еуропада жоқ", - дейді келіншек.
Карина қазір Балиде жүр. Екі адамға күніне тамаққа орташа есеппен 70 доллар жұмсайды екен және бірнеше күнде келесі елге аттанбақ.
"Бали - әлемдегі экономикасы, әлеуметтік жағдайы, медицина мен білім беру деңгейі ең мықты ел болмаса да, бізге қатты ұнады, қетуге қимайсың. Бұл туралы күйеуіммен де сөйлестім, әзірше балаларымыз жоқ болған соң, мұның бәрі маңызды емес те шығар? Не болса да, осында қайта оралатынымызды сеземін. Балиде тұру қаншалықты қымбат деген сұрақты жиі қояды. Айтарым, барлығы адамға байланысты. Бірі мың долларға, екіншісі бес мың долларға өмір сүре алады. Ол тұратын үйіңе, жейтін тамағыңа байланысты. Екеумізге орташа есеппен жүріп-тұруға мың доллар, ал тамаққа күніне 70 доллар кетеді. Бұған көңіл көтеру, көлік жалдау, киім-кешек сатып алу бағасы кірмейді ", - дейді қазақстандық.
Қазір Қазақстанда да Beauty индустрия қарқынды дамып жатыр. Сол салада жүрген Каринаның айтуынша, стилистердің болашағы зор.
"Бүгінде қыздар келбетіне аса қатты мән береді. Киімге қарап 30 секундта адам туралы ақпарат алуға болады. Ол сенің визит-картаң. Сондықтан, сырт келбет арқылы өзіңді дұрыс көрсете алғаның жөн. Стилистердің болашағы зор деп айта аламын. Қай мамандықта болсын, ісіңді жақсы білсең, саған сұраныс көп болады деп ойлаймын", - дейді ол.
Карина Шерер экология нашар болмағанда отбасымен Алматыда қалуы да мүмкін еді.
"Мен үшін Алматы мінсіз қала. Оның тауларын сүйемін, климаты да жұмсақ, бірақ экологиясы жылдан жылға нашарлап барады. Ол денсаулыққа кері әсерін бермей қоймас. Осында "20 жылдан кейін не болады?" деген ой келеді. Алматыда тауға жақын маңда тұрдық. Бірақ бұл да мәселені шешпеді, тұмша тауға да жетіп қалды. Біздің балалар қандай ауамен дем алады? Ең алдымен жолдасыммен климаты, экологиясы жақсы, сапалы тағам ұсынатын ел іздейміз", - дейді ол.
"Көбі мемлекет халыққа қамқорлық көрсетпейді деп шағымданады, онда неге алдымен өзіңе қамқор болмасқа? "Біз жоқ жердің барлығы жақсы" деген сөз бар, онымен толық келісемін. Бізге шет елдерде өмір жақсы болып көрінеді, бірақ шын мәнінде, көшіп барсаң өзінің кемшіл тұстары мен қиындықтарын байқайсың. Айтарым, қазір бізде бар нәрсені өз қалауымызбен жасағанбыз", - дейді Карина.
Суреттер автордың жеке мұрағатынан
Сонымен қатар, Карина өзіне аса ұнаған және ұнамаған жерлерді атап берді. Олар:
Сеул - өте дамыған мегаполис. Қауіпсіздік үшін тіпті таксилердің жолаушыларға арналған артқы орнына шеткі айна орнатқан.
Нуса-Пенида - Индонезиядағы арал. Туристер қаптап үлгермеген, табиғаты адам қолынан зардап шекпеген жер.
Каппадокия - жүздеген үрмелі шарды көріп таңды атыру - керемет сиқырлы сезім.
Бірақ Берлин, Бейжің, Неаполь және Рим көңілімнен шықпады. Өте лас, сұр және жанға жылу бермеді.
Дайындаған Камила Долаева
Показать комментарии
Читайте также