Қазақ тілінде әлі бір ізге қойылмай, екі түрлі нұсқада қолданылып жүрген сөздер бар. Бірі "рахмет" десе, қалғаны "рақмет" деп жазылып жүр. Біріне "туған күн", біріне "туылған күн". Tengrinews.kz тілшісі осы қай нұсқа дұрыс екенін білу үшін филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаевамен сөйлесті.
Қазақ тілінде әлі бір ізге қойылмай, екі түрлі нұсқада қолданылып жүрген сөздер бар. Бірі "рахмет" десе, қалғаны "рақмет" деп жазылып жүр. Біріне "туған күн", біріне "туылған күн". Tengrinews.kz тілшісі осы қай нұсқа дұрыс екенін білу үшін филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаевамен сөйлесті.
"Рақмет" пе, "рахмет" пе?
Орынай Жұбаеваның айтуынша, бүгінде көпшілік бұл сөзді үш түрлі нұсқада - "рахмет", "рақмет", "рақымет" деп жазып жүр. Бұл әркелкілік рахмет сөзінің сөздіктердегі берілуінен туындап отырғанын айтады.
"Академик Рәбиға Сыздықтың 2000 жылы жарық көрген "Қазақ тілінің анықтағышында" "рахмет" (айту) түрінде таңбаланған сөз 2013 жылғы "Орфографиялық сөздікте" рақмет, рақмет айту нұсқасында берілген. Алайда "рақмет" түрінде берілуі қате. Себебі қазақ тілінде дыбыстар қатар келіп, тіркесуінде өзіндік заңдылық бар. Қазақ тілінде сөз соңында үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі ғана (қарт, ант, салт, сарт, шарт, қаңқ, саңқ, кент, серт және т.с.с.) келеді. Мұндай дыбыстық тіркестерді Қ. Кемеңгерұлы "дауыссыз дифтонг" деп атаған еді. Басқа дыбыс тіркесі (қатаң мен қатаң, үнді мен үнді, қатаң мен үнді, ұяң мен ұяң, т.с.с.) қазақ тіліне жат. Сондықтан "қ" мен "м" дыбыстары қатар келе алмайды", - дейді ол.
Оның пікірінше, орфографиялық сөздік құрастырушылар қазақ тіліндегі дыбыстардың тіркесім заңдылығын ескеруі керек еді.
"Ахмет Байтұрсынұлы өзінің атын ешқашан "Ақмет" деп жазған емес, қазақша "Ақымет" деп жазған немесе орысша "Ахмет" деп жазған. Бұл орайда академик Рәбиға Сыздықтың "Қазақ тілінің анықтағышында" берілгендей "рахмет" түрінде, х әрпінен қашып, қ әрпін қолданған жағдайда "рақымет" түрінде жазылуы керек", - деді тіл маманы.
"Туған күн" бе, "туылған күн" бе?
Қазақ тілінде талас тудырып келе жатқан тағы бір сөз - "туған" мен "туылған".
"Бұл орайда академик Рәбиға Сыздықтың тұжырымын келтірсек, ғалым былай деген: "Бұл күнде туды, туылды деген жарыспа қатардың қолданыстары пікір таласын тудырып келеді. "Пәленше пәлен жылы туды" деп айтылып келген сөйлемді "туылды" деп жазу активтеніп барады. Егер тілдік жүйеге сәйкестікті қуаласақ, туылды тұлғасы дұрыс: туатын - ана, туылатын - бала. Туылу - ырықсыз етіс". Рәбиға Сыздық осылай айтқан", - деді Орынай Жұбаева.
Тіл маманының айтуынша, екі сөзді де қатар қолдануға болады.
"Қазіргі кезде туған сөзі мен туылған сөздері жарыса қолданылып жүр. Профессор Нұргелді Уәли туған сөзі туылған сөзінің орнына қолданылуын узустық норма ретінде көрсетеді. Себебі тілімізде туған-туысқан, туған ағасы, туған жері, туып-өсу сияқты қолданыстар қалыптасқан", - деді ол.
Екі түрлі нұсқада да жазылатын сөздер бар
Орынай Жұбаеваның айтуынша, қазақ тілінде екі нұсқада да айтылатын сөздер бар. Мысалы, 2000 жылы жарық көрген "Қазақ тілінің анықтағышында" да, 2013 жылғы "Орфографиялық сөздікте" айғай, айқай сөздері жарыспалы тұлғалар ретінде берілген. Қазіргі тілімізде екеуі де қолданылып келеді. Екеуі де қатеге жатпайды.
"2013 жылы жарық көрген "Орфографиялық сөздікте" "таңғалу" сияқты есім мен етістіктің тіркесінен құралған сөздер бірге жазылған. "Қал" етістігі осы позицияда ғана алдыңғы сөзбен бірігіп жазылған, басқа есімдермен бірікпеген, сол сияқты басқа көмекші етістіктердің ешқайсы да алдындағы есім сөзбен тіркесіп жазылмаған. Сөздік құрастырушылар таңғалу түрінде бірге жазылуын тіркестің бір ұғымды білдіруімен байланыстырады. Ендеше, не себепті таңғалу етістігінің синонимі - қайран қалу тіркесі біріктірілмей, бос аралықпен жазылған? Аң-таң қалды деген тіркесті қалай жазуымыз керек?
Тілде жүйе болуы тиіс: "қал" етістігі алдында тұрған есім сөзбен біріктірілсе, басқа көмекші етістіктер де бірге жазылуы тиіс. Сондықтан бұл орайда академик Рабиға Сыздықтың "Есімдер мен етістіктерден араласып құралған, бір мағына беретін тіркестердің әрбір сөзі бөлек жазылады: жұмыс істеу, қызмет ету, жәрдем беру, қол шапалақтау, ат қою, егін ору, жер қазу, жер өлшеу, іс жүргізу" деген қағидасын басшылыққа алуымыз қажет", - деді ол.
Тіл маманының айтуынша, қазір қолданыстағы сөздіктерде қате көп.
"Орфографиялық сөздік дұрыс жазу нормаларын, қиындық тудырып жүрген сөздердің дұрыс жазылуын көрсетумен қатар тіліміздің байлығын, көркемдігін де танытуы керек. Алайда 2005-2013 жылдары жарық көрген сөздіктерімізде берілген сөзтізбеде сөйлеу тіліне тән, жергілікті ерекшеліктер көп берілген. Әдетте орфографиялық сөздікті қандай да бір сөздің жазылуы күмән тудырған тұста пайдаланамыз. Алайда сөздіктен қазіргі кезде жиі қате жазылып жүрген (алдын ала - алдын-ала, кез келген - кез-келген, концептіні - концептті - концепті, алғышарт - алғы шарт, тұрғын үй - тұрғынүй, ғылымының кандидаты - ғылымдарының кандидаты, атсалысу - ат салысу, т.с.с.) сөздердің орнына көпшілік дұрыс жазып жүрген, қиындық тудырмайтын, тіпті жазу барысында көп қолданыла бермейтін сөздер мен тіркестер жиі берілген", - деді маман.