Жылдап оқып, маңдай теріңмен алған білімің болашақ наның болады дейтін заман емес. Мамандықты қызығушылығыңа қарай, жүрекпен таңдау керек, сонда ғана жетістікке жетесің деген сөзді де құлақ шалды. Біз бүгін назарларыңызға осының жарқын бір мысалын келтіргелі отырмыз - танымал fashion фотограф Айдын Ахмет.
Жылдап оқып, маңдай теріңмен алған білімің болашақ наның болады дейтін заман емес. Мамандықты қызығушылығыңа қарай, жүрекпен таңдау керек, сонда ғана жетістікке жетесің деген сөзді де құлақ шалды. Біз бүгін назарларыңызға осының жарқын бір мысалын келтіргелі отырмыз - танымал fashion фотограф Айдын Ахмет.
Шелек ауылының 31 жастағы тумасы Айдын Ахметтің экономика және логистика мамандығы бойынша екі дипломы бар. Бірнеше жыл бұрын кофеханада даяшы болып істеген, кейін бармен-бариста, ал соңғы жылы университетте оқып жүріп кофехананың әкімшілігінде қызмет атқарған. Қазір - танымал фотограф. Жақында сән әлемінің астанасы Миланға жол тартпақ. Кейіпкеріміз Tengrinews.kz тілшісіне мамандығы, өмірі жайлы және елден неге кететінін айтып берді.
Айдын суретке түсіруді бала кезден жақсы көреді екен. Бірақ, бір қызығы, оқуға диплом алу үшін ғана түстім дейді.
"Ата-анамды, жақындарым мен өзім әдемі деп таныған нәрселерді суретке түсіргенді жақсы көретінмін. Бірақ жасөспірім кезімде оқу орны мен мамандықты таңдағанда, болашақта кім болатынымды, немен айналысатынымды білмедім. Тек "диплом алсам" деген ой болды. Ал қазір бәрі басқаша, айналама көзқарасым өзгерді", - дейді ол.
Айдын Ахмет фото әлеміне қалай келгенін айтып берді.
"Жинаған біраз ақшам бар еді. ЦУМ-ға барып жаңа телефон сатып алдым, ішіндегі суреттерімді өзіме жүктеп алғым келді. 3 мыңға жуық фотоны қайта қарап отырып ойланып қалдым. Өзімнің барлық сұрағыма жауап тапқандай болдым, жаңа идея келді. Фотоға түсіру ұнайтынын түсіндім. Қарап отырсам, барлығын түсіріппін, даяшы, кофе, тағамдар, күннің батысы. Бірнеше күннен кейін фотографтың жұмысын іздей бастадым. Алғашқы тапсырысымды алдым. Басында мейрамханаларда істедім, одан ары той фотографы, қазір сән әлеміндемін", - дейді Айдын.
Жақсы талғам, жарықты дұрыс қолдана білу мен қозғалыстағы адамды анық түсіре алу және болашақ суретті елестете алу қабілеті Айдын Ахметтің кәсібилігін көрсетеді. Ол түсірген суреттердің арасында танымал қазақстандық әнші, актриса, модельдерді көруге болады.
Айдын Ахметтің суреттері танымал Vogue, L'Officiel Russia, L'Officiel Kazakhstan, The Business of Fashion (bof), ELLE CHINA және басқа журналдарда жарық көрген. Ол ресейлік және тәжік әншісі, тәуелсіз музыкант Manizha-ның ЯIAM альбомының мұқабасын түсірген. Сондай-ақ, оның объективіне Кендалл Дженнер, Белла Хадид, Джиджи Хадид сияқты әлемге танымал жұлдыздар түскен.
Manizha-ның ЯIAM альбомы
Фотографтың айтуынша, алғашқы уақытта біліктілігін арттырып, тәжірибе жинау үшін кез келген тапсырысты қабылдай берген. Ал қазір олай емес.
"Өзімнің ұзақ уақыт бойы дұрыс бағытта жүргенімді түсіндім. Іздегенімді fashion-индустриядан таптым. Сән және көше суреттерін сүйіп қалдым. Қазіргі таңда басқа түсірілімдер бойынша ұсыныстар түссе бас тартуым мүмкін. Көбіне студияда жұмыс істеймін, сырттағы түсірілімге де жеткілікті уақыт бөлемін", - дейді ол.
Айдын жақсы нәтиже көрсету үшін ең бастысы тәжірибе мен уақыт керектігін айтады.
"Қай салада болсын қиындықтар кездеседі. Менің жұмысымда фотоаппараттың тілін жетік білу қажет және төзім керек. Барлығы тәжірибе мен уақытқа байланысты. Бәсекеге қабілетті болу үшін әр фотографтың сурет түсіруде өз көрінісі болуы керек. Сонымен ғана біз басқалардан ерекшеленеміз. Мысалы маған қозғалыс үстіндегі, тірі, өзіндік қуаты бар суреттер ұнайды", - дейді ол.
Кадрды түсірген бір бөлек, ал ол суретке айналу үшін өңдеу жұмысы екінші бір маңызды мәселе. Себебі оған ұзақ уақыт жұмсайсың дейді ол.
"Қазір техника жақсы дамыған, іздесең неше түрлі фотостудияны да табуға болады. Әрдайым мінсіз кадр жасау мүмкін емес, керісінше барлық дерлік сурет өңдеуді қажет етеді. Себебі фото соның арқасында ашылады. Ал оған ұзақ уақыт қажет", - дейді ол.
© Суреттер Айдын Ахметтің жеке мұрағатынан
Айдын Ахмет енді көрме ұйымдастыруды ниеттеніп жүр екен.
"Ірі брендттермен жұмыс істеуді жоспарлап жүрмін. Шеберлігімді арттырғым келеді. Жаңа туынды жасауға ниеттімін. Көрмемді ашқым келеді. Қазір картина, абстракцияға қызығып жүрмін", - дейді фотограф.
Сондай-ақ, Айдын фотограф болғысы келетіндерге бір ауыз кеңес берді. "Қорқынышты жеңу керек. Идеяларыңды жүзеге асырып, ұнаған ісіңмен айналысқан жөн. Айтарым, тек ір-әрекет, басқа ештеңе емес", - деді ол.
Фотограф сөз соңында неліктен Миланға аттанып бара жатқанын түсіндірді. Айтуынша, бұл қалада дамуға зор мүмкіндік бар.
"Той фотографы болып жүргенімде, алғаш күндерден-ақ жанымдағыларға мен түсірген суреттер ұнады. Осылайша түрлі шараларға шақырту ала бастадым. Тапқан ақшамды оқуыма төлеп, фотоаппаратымды жаңартуға жұмсайтынмын. Ал қазір толығымен шығармашылықтамын, жоспарым мен уақытым да көп. Бұйырса биыл күзде Миланға көшемін. Ол жақта мұның алдында да жұмыс істегенмін. Маған Милан ірі жобаларымды жүзеге асырып, көп қаражат табуға мүмкіндік бергелі тұр. Себебі бірнеше айға алдын ақша тауып, қалған уақытымды шығармашылыққа арнағым келеді", - деп аяқтады ол.
Әңгімелескен Камила Долаева