РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
24 декабря 2019 | 14:33

Тарихшылар қазақтың 600 батыры 50 мың жоңғарды жеңгеніне қандай дәлел айтады?

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Орбұлақ шайқасы". Фото lgorod.kz сайтынан "Орбұлақ шайқасы". Фото lgorod.kz сайтынан

Tengrinews.kz порталы тарихтағы шайқастар туралы толығырақ баяндайтын циклдық мақалаларын жариялауды бастайды. Мұндағы мақсат - қазақ батырларының ел мен жерді сақтап қалу үшін жасаған ерліктерін ұмытпау. Алғашқысы материалымызды Орбұлақ шайқасына арнаймыз.


Tengrinews.kz порталы тарихтағы шайқастар туралы толығырақ баяндайтын циклдық мақалаларын жариялауды бастайды. Мұндағы мақсат - қазақ батырларының ел мен жерді сақтап қалу үшін жасаған ерліктерін ұмытпау. Алғашқысы материалымызды Орбұлақ шайқасына арнаймыз.

Жәңгірдің неге 600 жауынгері ғана болды?

Әңгімені Жоңғар хандығының құрылуынан бастасақ. XVII ғасырдың 30-жылдары бытырап жүрген ойрат тайпалары бірігіп, Жоңғар хандығының негізін қалаған. Жоңғар мен қазақ әскерінің алғашқы шайқасы 1635 жылы болып, жау тұтқиылдан шабуылдаған.

Ал екінші шайқас - Орбұлақ шайқасында қазақ әскері аз ғана қолмен жаудың қалың әскерін жеңген. Сол кезде Қазақ хандынының қолын басқарған Жәңгір 600 жауынгермен жоңғардың Батыр қонтайшысының 50 мың сарбазын тас-талқан еткен.

Бұл тұста Жәңгір ханның қолы неге аз деген сауал туындауы мүмкін? Бұл туралы нақты деректер жоқ. Бірақ тарихшы Мұхаметжан Тынышбаевтың пікірі бойынша, ол кезде "Жәңгір өкіметі әлі күшейген жоқ". Сол жылдары Жәңгір әлі хан болып сайланбауы да мүмкін. Себебі біз жоғарыда айтқан алғашқы шайқас кезінде Жәңгір сұлтан болған екен.

Дегенмен Жәңгірдің қоластында қазақтың мықты батырлары болған - Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Алшын Жиембет жырау, Қаңлы Сарбұқ, Найман Көксерек, Дулат Жақсығұл, Суан Елтынды.

Қазақтар жауды алғаш рет ор қазып күткен

"Орбұлақ шайқасы" 1643 жылдың жазында болған. Тарихшы Азат Бақытұлы шайқастың неден басталғанын түсіндіріп өткен.

"Қақтығыстың басты себебі -  енді пайда болған жоңғар мемлекетіне территория керек болды. Жоңғар да, қазақ та - көшпелі халық. Яғни, бұл елдер үшін жер аумағының үлкен болуы өте маңызды. Сөйтіп, жоңғар хандығының негізін қалаған Батыр қонтайшы елу мың әскерімен қазақ шекарасына басып кірді", - дейді ол.

Енді қазақтың 600 әскері жаудың 50 мың сарбазын қалай жеңді деген сұраққа жауап іздейік. Тарихшылардың сөзінше, қазақ қолының бұл шайқаста жеңіске жетуіне географиялық орын мен Жәңгір ханның қулығы көмектескен. Бұл жерде шайқастың Жоңғар Алатауының етегінде Орбұлақ өзенінің бойында болғанын айта кетейік.


"Орбұлақ" шайқасы. Сурет e-history.kz сайтынан

Дерек бойынша, жоңғар әскері жолай қос таудың ортасынан өтуі керек болған. Ал Жәңгір хан әскерінің бір бөлігін сол таулардың ортасындағы терең сайға орналастырады. Мұнда бұрын қазақ әскері қолданбаған айла болған. Қазақ батырлары ор қазып, жауды сонда күткен. Ал қос таудың үстінде жоңғарларды қазақ садақшылары, тасатқыштары күтіп тұрған. Сондай-ақ бұл шайқаста қазақтар орыстардан сатып алған тапанша тәрізді қаруларды қолданған екен.  

Қазақ әскері қолдан улы түтін жасаған

Шежіреші Асан Тұрабаевтың айтуынша, қазақ қолы ор ішінде жауды улы жебемен қарсы алған. Адамды бұл улы жебе жанап кетсе, бірден өледі екен. Сондай-ақ қазақтар Сасықтеке гүлінің түтінін пайдаланған. Гүлді суға қайнатып, шүберекті малып алады да, жағып жібергенде түтіні уға айналады екен. Сөйтіп, жоңғар әскері шабуылдаған кезде оларды улы түтін мен улы жебелер күтіп тұрған. Ал қазақтардың өзі улы түтіннен қорғану үшін аузы-басын тұмшалап алған.

Ресейлік тарихшы Алексей Левшин өз еңбегінде Жәңгір ханның тапқырлығын жазған: "Ол ашық шайқастан қашып, аздаған адамның бір бөлігін екі таудың арасымен сайға орналастырды. Олар жерді терең етіп қазып, биік қорған дуалын жасады, ал жауынгерлердің екінші бөлігі таудың арғы жағында тығылып отырды. Жоңғарлар қорғанға таяп келіп, оған шабуыл жасады".

Қазақтардың тосыннан шабуылдайтынын күтпеген жоңғар әскері он мың сарбазынан айырылып, кейін шегінуге тура келген. Сол тұста Жәңгір сұлтанға Жалаңтөс Баһадүр бастаған 20 мың қол әскер көмекке келеді.

Көптеген дерек бойынша, Орбұлақ шайқасында 10 мың қолынан айырылған Батыр қонтайшы шегініп бара жатқан жолда ауылдарға шабуыл жасап, 10 мың қазақты тұтқынға алып кеткен екен.

Бүгінде шайқас болған Алматы облысындағы Алтынемел асуында қазақ сарбаздарының жеңісінің құрметіне орнатылған ескерткіш бар.


"Орбұлақ шайқасының" ескерткіші. © alashainasy.kz

2017 жылы Алматы облысындағы Орбұлақ шайқасы болған жерге тасбелгі қойылды. Тасбелгіге орнатылған QR-код пайдалану арқылы "Орбұлақ" шайқасы туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға болады.


"Орбұлақ шайқасына" арналған тасбелгі. ©Алматы облыстық коммуникация қызметі

Жәңгір "Салқам" атанып, жоңғарлар іштей қырқыса бастады

Орбұлақ шайқасы жайлы алғашқылардың бірі болып жазған тарихшы Иоганн Эбергард Фишер екен. Одан кейін шайқас туралы орыс тарихшылары - Алексей Левшин, Илья Златкин, Владимир Моисеев, Александр Чулошниковтер де жазған.

Шайқас жайлы мынадай тағы бір дерек бар: Тобыл әскербасшысы Р. Куракин Жоңғар хандығына елшілерін жіберген. 1644 жылы сол елшілер хабарламасында былай деген: "Біз барғанда қонтайшы ұлысында болған жоқ… 50 мың әскермен Қазақ ордасының Жәңгір сұлтанымен, Жалаңтөспен және Алатау қырғыздарымен соғысуға кеткен екен".

Бұл шайқас қазақтардың жұдырықтай жұмылып, кез келген жаумен шайқаса алатынын көрсетті. Ал тапқырлығымен көзге түскен Жәңгір "Салқам", яғни, айбатты деген құрметке ие болған. Бұл жеңіліс жоңғарлардың да өміріне әсерін тигізбей қоймайды. Ойрат тайпалары өзара қырқыса бастады. "Орбұлақ" шайқасы тарихта қазақ әскерінің ең ірі жеңістерінің бірі болып қалды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети