ПОДЕЛИТЬСЯ
05 мая 2020 | 14:53
"Шолақ белсенділер ақшаны маған аудара сал деді". Блогер су тасқынынан зардап шеккендерге 23 миллион теңге жинады
Танымал блогер Дәулет Төлеутайұлы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге арнап қаражат жинады. Айтуынша, бүгінде 23,6 миллион теңге жиналған. Енді сол ақшаны басшылар маған аудара сал деп айтып жатыр екен. Үй блогері Tengrinews.kz тілшісіне қаражаттың қалай жиналғанын, ол соманың қайда кететінін айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Танымал блогер Дәулет Төлеутайұлы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге арнап қаражат жинады. Айтуынша, бүгінде 23,6 миллион теңге жиналған. Енді сол ақшаны басшылар маған аудара сал деп айтып жатыр екен. Үй блогері Tengrinews.kz тілшісіне қаражаттың қалай жиналғанын, ол соманың қайда кететінін айтып берді.
Дәулет жиналған қаражаттты балалардың біліміне жұмсайтынын айтады.
"23,6 миллион теңге бір тәулікте жиналды. Шынымды айтсам, чек өте көп түсті. Біреуін көремін, біреуін көрмей қаламын. Өзім көргендер ішінен бір адамнан ең көбі 70 мың теңге түсті. Енді бұл қаражатты балалардың біліміне жұмсамақпын. Әрі ойланып, бері ойлана келіп, әділ шешім биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтетін түлектерге ноутбук сыйлау болды. Қазір тізім жасақталып жатыр. Болашақты да ойлауымыз керек", - дейді блогер.
Оның айтуынша, қаражатқа ноутбук аламын дегенде оны бәрі сынаған екен.
"Біткен іске сыншы көп. Басында ноутбук аламын деген кезде бәрі сынады. "Су басып жатқан адамдарға ноутбуктің не керегі бар? Далада отырған отбасыға керегі ноутбук па? Балалар далада қалай ноутбукпен сабақ оқиды" деді, даттағандар да бар. Оларға айтарым - таяз ойламауымыз керек. Бұл - балалардың болашағына жасалып жатқан қадам", - дейді Дәулет Төлеутайұлы.
Блогер интернетсіз ауылда ноутбуктің не керегі бар дегендерге жауап берді.
"Біреуі "Ауылда интернет жоқ болса, қайдағы ноутбук?" дейді. Биыл мектеп бітірген бала ертеңіне қалаға барады. Қалада бәрі бар. Кезінде мен де білім қуып жүргенімде ата-анам ноутбукті кредитке сатып алып берді. Сол себепті білімге құштар адамдарға бұл құрал болуы керек", - дейді ол.
Бір адамдар бұл қаражатты үй алуға немесе жөндеу жұмыстарын жасауға жұмса деп кеңес берген.
"Халық палаткада қалып қоймайды, бәрібір үйіне кіреді. Біреулер оны тамақ алуға жұмса деп жатыр. Менен басқа көп адам көмектесті, ешкім аштан қалып жатқан жоқ. Бірі үйді жөндеуге қаражат бер деп айтып жатыр. Қанша ауылды, үйді су басты. 23 миллион теңге қайсына жетеді? Мысалы, біреулер Нұр-Сұлтанда 23 миллион теңгеге бір, ары кетсе екі бөлмелі пәтер ғана ала алады. Бұл милилардтаған ақша емес, бәріне үй әперуге не оны жөндеп беруге жетпейді", - дейді Дәулет Төлеутайұлы.
Оның айтуынша, қаражатты маған аудара сал деген басшылар да табылған.
"Осы тізімді алу үшін басшыларға, сондағы мемлекеттік қызметкерлер, білім басқармасы, мектеп директорларына хабарласып жатырмыз. Ешкімнің аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, бірақ ақшаны менің есепшотыма аудара сал дегендер де бар. Біткен істен өз атын шығарғысы келетін шолақ белсенділер де шығып жатыр", - дейді блогер.
Дәулет енді су тасқынынан зардап шеккендерге қаражат жинамайтынын айтады.
"Бұл менің Мақтаарал халқына жинаған соңғы акциям болды. Мамырда "Қайырымды жұма" акциясы аясында көмектесуім керек жетім балалар, жалғыз басты әке, 11 балалы ана бар, соларға үй әперуді жоспарлап отырмын", - дейді Дәулет.
Показать комментарии
Читайте также