Bizben Podcast жобасының бұл жолғы қонағы - тіл маманы Назгүл Қожабек. Ол жоба жүргізушілерімен әңгімесінде қазақ тіліндегі мәселелер, журналистер жиі жіберетін қателер туралы айтты, - деп хабарлайды Tenginews.kz тілшісі.
Bizben Podcast жобасының бұл жолғы қонағы - тіл маманы Назгүл Қожабек. Ол жоба жүргізушілерімен әңгімесінде қазақ тіліндегі мәселелер, журналистер жиі жіберетін қателер туралы айтты, - деп хабарлайды Tenginews.kz тілшісі.
"Орыс тілінің фонетикасында "Хәрри" деп айту қиын. Сондықтан олар ағылшынның H әрпімен жазылатындарды Г деп өзгертті: Гарвард, Гитлер, Гамбург деді. Былай қарағанда, Гарри деу арқылы олар адамның атын ауыстырып отыр. Өйткені ағылшын тілінде "Гарри" деген де ат бар. Ал "Хәрри" деген мүлде бөлек есім. "Хәрри" деп алғанымыз дұрыс екенін білеміз", - дейді ол.
Тіл маманы қазір қазақ журналистері жиі жіберетін қателерге тоқталды. Мысалы, БАҚ-та жиі жазылатын "жаңалықпен бөлісті" емес, "жаңалықты бөлісті" болуы керегін баса айтты.
Сонымен қатар, ол "рақмет" пен "рахмет" туралы ойын айтты.
"Бұл фонетикалық ізденістердің нәтижесі. Дыбыстардың үйлесімі. Бір жылдары ғалымдар "х" мен "м" үйлеседі деп шешті. Сөйтті де, "рахмет" деген дұрыс деді. Одан кейін іздене келе, "Х" мен "м" үйлеспейді екен, "қ" болуы керек екен, бірақ "қ" мен "м" қатар тұра алмайды, сондықтан олардың арасына "ы" түсуі керек" деді. Жазылуы "рақмет" болса, айтылуы "рақымет" болуы керек деді. Қазір Ахмет Байтұрсыновтың есімін "Ақымет" деп жазатын ғалымдарымыз да бар. (...) Бірақ бұл қисынға келмейді, "рақмет" деген қазақтың сөзі емес, араб тілінен басталады. Қазір жастар "рақым ете қойыңыз" дейтін болған", - деді Назгүл Қожабек.
Еске салайық, бұған дейін Bizben Podcast жобасының қонақтары фактчекер-журналист Думақ Смақов пен тележүргізуші, актриса Жұлдыз Абдукаримова болған еді.