Якутиядан Мәскеуге Путинді орнынан алып тастау үшін жаяу шыққан шаманды алғашында ресейліктер шындап қабылдамаған. Жай ғана кезекті бір қалжың шығар деп ойлаған. Бірақ өзін жауынгер-шаман деп атаған адам бұл іске білек сыбана кіріскен секілді. Ол сапарға шыққан сәттен-ақ басынан қызықты оқиғалар өте бастаған. Сапар барысында оны қолдағандар табылып, тіпті шаманмен бірге жолға шыққандар да болған. Бурятия шекарасында "Тэнгэри" қауымдастығының бақсылары оған кедергі жасағысы келген. Ал Улан-Удэ аймағында оқиғаны мемлекеттік құрылым өкілдері өз бақылауына алған. Полиция өкілдері бақсының екі жүк көлігін тәркілеп, оның жақтастарын түрмеге қамаған. Tengrinews.kz тілшісі Ресей президентін орнынан босатуға бел буған бақсының кім екенін анықтап көрді.
Якутиядан Мәскеуге Путинді орнынан алып тастау үшін жаяу шыққан шаманды алғашында ресейліктер шындап қабылдамаған. Жай ғана кезекті бір қалжың шығар деп ойлаған. Бірақ өзін жауынгер-шаман деп атаған адам бұл іске білек сыбана кіріскен секілді. Ол сапарға шыққан сәттен-ақ басынан қызықты оқиғалар өте бастаған. Сапар барысында оны қолдағандар табылып, тіпті шаманмен бірге жолға шыққандар да болған. Бурятия шекарасында "Тэнгэри" қауымдастығының бақсылары оған кедергі жасағысы келген. Ал Улан-Удэ аймағында оқиғаны мемлекеттік құрылым өкілдері өз бақылауына алған. Полиция өкілдері бақсының екі жүк көлігін тәркілеп, оның жақтастарын түрмеге қамаған. Tengrinews.kz тілшісі Ресей президентін орнынан босатуға бел буған бақсының кім екенін анықтап көрді.
Әңгіме 50 жастағы Александр Габышев жайлы болмақ. Ол Якутия университетінің тарих факультетін тәмамдаған. 2019 жылға дейін ол туралы ешкім білмеген. 2019 жылдың көктемінде ол барша Ресейді дүр сілкіндірді. Қазір оны айналасындағылардың бәрі Шаман деп атайды. Ал ол өзін жауынгер-бақсы деп атайтын көрінеді.
Бақсы орта бойлы, арықтау келген, ұзын шашты азамат екен. Ол Мәскеуге сапарға жалғыз шықпаған. Оның жанында қолдаушы ондаған адам бар. Арасында жасы да, кәрісі де бар. Біреуі Габышев секілді якут азаматы болса, ендігі бірі Германиядан келген. Араларында Шешенстан мен Донбасс ардагері, түрмеде отырып шыққан азамат, мұғалім, ақындар мен тігіншілер де бар. Араларында тіпті Қазақстан азаматы да бар. Бірінің бақсымен жүргеніне екі айдан асса, ендігі бірінің топқа қосылғанына 2-3 күн болған. Александр Габышев өзі "армия" деп атайтын адамдар тобының көбейетініне сенімді. Олар күніне 15-20 шақырым жүріп өтеді.
Араларында Ворон лақапатымен белгілі Евгений есімді азамат алысқа қатынайтын жүргізуші, ол жол сілтеп отырады. Жол жүру бағытын анықтап отырып, келесі аялдамаларды белгілейді. Воронға жергілікті жүргізушілері де көмектеседі екен. Бақсының армиясына жергілікті халық келіп, ас әкеліп, тіпті қаражат жағынан да көмектеседі екен.
© znak.com
Бақсының айтуынша, оған Владимир Путинді орнынан тайдыру туралы пәрменді құдай бұйырған.
Габышевтың айтуынша, оның бұл ойына туыстары да қарсылық білдірмеген. Керісінше барлығы қолдаған екен. Алғашында бақсы сапарға өзі жалғыз шыққан. Кейіннен Чита елді мекенінде оған Ворон мен Ангел лақапатымен белгілі азаматтар қосылған. Бақсы 2021 жылы Мәскеуге жетуді көздеп отыр.
"Солай болжам жасалған, солай болады да", - дейді бақсы Габышев.
Жауынгер-бақсының сөзінше, Мәскеуге барғаннан кейін оның армиясын тоқтату мүмкін емес. Бақсы Путинді тақтан тайдырғаннан кейін тәуелсіз, әділ сайлау болатынына сенімді. Сондай-ақ елдегі Конституция да өзгереді-мыс.
"Қазіргі президенттің кезінде дұрыс Конституция жоқ. Ол кете салып, дұрыс Конституция болады", - дейді Александр.
Ал әлеуметтік желілерде оны жаңа кейіпкерге балап, тіпті Шыңғысханға теңеген.
© znak.com
Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтынын мәлімдеген Габышев бүгін Иркутск уақыты бойынша 07:00 шамасында Мәскеуге сапарын тоқтататынын мәлімдеген. Бұл туралы бақсының армиясының мүшесі Легион лақапатымен белгілі Алексей есімді азамат мәлімдеген.
"Кеше бізге бірнеше "мейірімді" адам келіп, біздің топтағы адамдардың бірнешеуін Слюдянкадағы полиция бөлімшесіне алып кетті. Ол жерде бізге жүйеге қарсы жүргенімізді анықтап түсіндірді. Егер сапарды тоқтатпасақ, бізге лаңкес деген айып тағылатынын айтты. Тиісінше бізге лаңкес ретінде қарайтын болады. Ал бұл бақсыға кері әсерін тигізуі мүмкін. Біздің алдымызға ультиматум қойып, сағат 07:00-ге дейін шешім қабылдауымызға уақыт берді", - деді Алексей.
Оның айтуынша, армия мүшелерін қамауға алған адамдар лагерьге шабуыл жасайтынын айтқан. Сөйтіп, сапарды тоқтатуға шешім қабылдаған.
Алексейдің айтуынша, киінгендері мен сөз саптауына қарағанда ол "мейірімді" адамдар Федералдық қауіпсіздік қызметінің өкілдері болуы мүмкін екен.
Айта кетейік, "армия" мүшелерін 24 қыркүйекте Ресейдің Ішкі істер министрлігінің Слюдянка аудан орталығындағы бөлімшесіне екінші рет әкелген. Армия мүшесінің бірі жол ережесін бұзған. Оның іс-әрекетінен Қылмыстық кодекс бабының бұзылғанын анықтаған. Бірақ бөлімше өкілдері "армия" мүшесінен түсініктеме хат алып, босата салған.
Ал Габышевтің өзін 2019 жылдың 19 қыркүйегінде Бурятия мен Иркутск облыстарының шекарасында тұтқындаған. Габышевті ұшақпен Якутияға жеткізіп, психиатриялық сараптама жасатқан. Сараптама бойынша оның ақыл-есі дұрыс емес екені анықталған. Оған қатысты экстремистік әрекетке шақырғаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда бақсыны елден шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр.