Бүгін атақты ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 85 жасқа толды. Ол халыққа ақын ретінде танылған. Бірақ қоғамдық қызметте де ерең етбек етті. Депутат болды, оған тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең алғашқы президент сайлауына түсуге де ұсыныс жасалған. Tengrinews.kz тілшісі Олжас Сүлейменовтің саяси жолы, қоғамдық қызметі туралы жазады.
Бүгін атақты ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 85 жасқа толды. Ол халыққа ақын ретінде танылған. Бірақ қоғамдық қызметте де ерең етбек етті. Депутат болды, оған тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең алғашқы президент сайлауына түсуге де ұсыныс жасалған. Tengrinews.kz тілшісі Олжас Сүлейменовтің саяси жолы, қоғамдық қызметі туралы жазады.
7 жыл КСРО депутаты болды
Олжас Сүлейменовтің өмірбаянын, шығармашылығын Tengrinews.kz порталы бұған дейін жазған. Сондықтан бұл жолы тек саяси, қоғамдық өміріне тоқталайық.
Басында ақын түрлі газет, журналда жұмыс істеген. Ал 35 жасында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметіне кірісіп, сонда 10 жыл тер төккен.
Одан бөлек, 70-жылдардың басында Азия және Африка елдерімен байланыс жөніндегі кеңестік комитет төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған. Мұнда да 10 жылға жуық жұмыс істеген.
©e-history.kz
1980 жылы Олжас Сүлейменовтің депутаттық қызметі басталды. Сол жылы ол Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты атанды. Төрт жылдан кейін ол КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Мұнда ол КСРО құлағанға дейін депутат болды.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін де Олжас Сүлейменов саяси жолда қалды. 1991 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Сүлейменовке президент сайлауына түсуді ұсынған. Алайда жазушы одан бас тартыпты.
Фото olzhas-sulejmenov.ru
1995 жылға дейін "Қазақстан халық конгресі" партиясының көшбасшысы болды. Ал 1994 жылы Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты атанды.
Бірақ бір жылдан кейін ол Римге көшті. Мұнда ол Қазақстанның Италиядағы өкілетті елшісі қызметін атқарды. Бір уақытта еліміздің Грекия мен Мальтадағы елшісі болды. Бұл қызметте 2001 жылға дейін жүрді. Кейін Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі атанды.
Шығармасында көтерген мәселелері
Негізі ақынның өлеңдерінен де қоғамдық мәселелер көтергенін байқауға болады. Мысалы, 1973 жылы оның "Дикое поле" атты өлеңі жарық көрді. Мұнда ақын Қаз КСР аумағында ядролық сынақтар өткізуге тыйым салуға шақырған. Бірақ бұл өлеңге ол кезде билік көңіл бөлмей, сынаққа тыйым салынбаған. Бұл болашақта үлкен қозғалыстың өмір келуіне әкеп соғады.
Фото lit-org.ru сайтынан
Ал 1975 жылы Олжас Сүлейменовтің "Аз и Я" кітабы жарық көрген. Кітап Мәскеуде үлкен дау туғызды. Тіпті, соның салдарынан сегіз жыл бойы Ресейде өз кітаптарын шығара алмай қалған болатын. "Аз и Я" кітабында ол әдебиеттану ғылымындағы зерттеулерін жариялады.
Ол "Игорь полкы туралы сөз" кітабының аудармасы патриоттық сезімге байланысты бұрмаланған деген пікір білдіріп, өз нұсқасын ұсынған болатын. Бұл кітапқа сыншылар, тарихшылар мен түркітанушылар қарсы шықты. Оны ұлтшыл және түрікшіл деп айыптады. Тек Дінмұхамед Қонаевтың араласуымен ғана Сүлейменов үлкен мәселелерге ұрынған жоқ.
"Ядролық сынақтарды тоқтату"
Олжас Сүлейменов десе, көптің есіне ең алдымен Семей полигонындағы сынақтармен күрес еске түседі. Себебі 1980-жылдардың соңында ол Қазақстанда атом сынақтарына тыйым салу бойынша үлкен жұмыс бастаған. 1989 жылы КСРО халық депутатының кандидаты ретінде оның алғашқы бағдарламасы осындай болды. Семейдегі атом сынақтарын тоқтату үшін өткен митингте ол "Невада - Семей" антиядролық қозғалысын құрғанын хабарлады.
Фото: mfa.gov.kz
Сол жылы тамызда Семейде өткен шеру кезінде Сүлейменов былай деп айтқан болатын:
"Невада-Семей" антиядролық қозғалысын құрған себебіміз - Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтату. Біз өз жерімізде қауіпсіздік пен тыныштық үшін күресуге құқығымыз бар. Бүгін біз ядролық сынақ полигонының маңына қазақтың Қарауыл кентіне жиналдық. Бұл жер Батыс пен Шығысты түйістіреді. Ядросыз қаруға күресетіндердің халықаралық ынтымақтастық күні біз сіздерден жер бетінде қауіпсіздік орнату үшін өзара мораторий орнатуларыңызды сұраймыз. Бұл күндері адамзат жер бетінен қырылып қалмауы үшін бұл мәселе шешілуі тиіс".
Осы қозғалыстың арқасында Семей полигонында ядролық қарудың сынауы бірнеше есеге қысқарған. Соңғы сынақ 1989 жылы 19 қазанда болған. Екі жылдан соң Семейдегі атом полигоны толық жабылды. Осылайша, Сүлейменов бастаған қозғалыс Қазақстан тұрғындары мен экологиясын қорғап қалды.
Сүлейменов қазір қайда жүр?
Фото mln.kz сайтынан
2014 жылы Сүлейменов Қазақстан Республикасы Шығармашылық одақтар қауымдастығының төрағасы қызметіне тағайындалды.
Ал 2018 жылдың желтоқсанынан бастап қазіргі уақытқа дейін "Мәдениеттерді жақындастыру орталығы" мемлекеттік музейінің директоры қызметін атқарады.
"Невада - Семей" қозғалысы да жабылған жоқ. Ақын әлі де осы қозғалыстың басы-қасында жүр.