Instagram желісінде 156 мың фолловері бар баспана жайлы жазатын блогер Дәулет Төлеутайұлы жайлы "Өзі пәтер жалдап жүріп, қалай елге ақыл айтады" дейтіндер болуы мүмкін. Басын ашып алайық, блогердің елге ақыл үйрететін қақы бар, себебі 27 жасына дейін әкесі мен шешесіне бір-бірден баспана алып берген. Tengrinews.kz тілшісі баспана мәселесін қазақ тілінде жазатын еліміздегі жалғыз блогермен сұхбаттасты.
Instagram желісінде 156 мың фолловері бар баспана жайлы жазатын блогер Дәулет Төлеутайұлы жайлы "Өзі пәтер жалдап жүріп, қалай елге ақыл айтады" дейтіндер болуы мүмкін. Басын ашып алайық, блогердің елге ақыл үйрететін қақы бар, себебі 27 жасына дейін әкесі мен шешесіне бір-бірден баспана алып берген. Tengrinews.kz тілшісі баспана мәселесін қазақ тілінде жазатын еліміздегі жалғыз блогермен сұхбаттасты.
- Дәулет, соңғы уақытта баспаналы болу жайлы көп жазба жариялап жүрсіз, осы салада блог жүргізе бастауыңызға не себеп?
- Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде экономика факультетінде оқыдым. Кейін сол жерде екі жылдай қаржыгерлерге, менеджерлерге, маркетологтарға сабақ бердім. Жалпы өзіме есеп-қисап бұрыннан ұнайды. Студенттерімнен "жақсы мотивация бересіз", "жақсы нәрсе үйретесіз" деген тілектерінен кейін баспана мәселесін қолға алсам деп, осы салаға бет бұрдым. Себебі бұл мәселе өзіме де өзекті болды, 2014 жылдан бастап баспаналы болайын деп ақша жинай бастаған едім. Студент кезден ай сайын тұрақты түрде ақша жинадым. Ол кезде банк жайлы, ипотека нарығы жайлы білімім болмады, әйтеуір жұрттан әлдекімнен алданып қалған, ақшасын беріп, үйсіз де, ақшасыз да қалып қойған жағдайларды көп естіп жүрдім. Содан бері білім жинап, халыққа ойлана келе қаржылық және заң жағынан сауат жетіспейтінін түсіндім. Мамандығым экономикамен, есеп-қисаппен тікелей байланысты болғаннан кейін шеберлік дәрістерін, тренингтер өткізу туралы ой келді. Басты мақсатым өзіме емес, халыққа пайдасы тисе дедім. Халық дені дұрыс ақпарат алса екен деген оймен бастадым.
- Сауат ашу үшін блог жүргіземін дедіңіз, оқырмандарыңызға көбіне қандай кеңестер бересіз? Бұл салада көбінің біле бермейтін қыр-сыры бар ма?
- Біле бермейді дегенде, білсек те, көп адам ары қарай ізденгісі келмейтін мәселелер бар. Бір ақпараттың өзін бұрмалайтын қаншама адам бар. Мысалы көпшілік "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" шот ашу үшін мемлекеттік қызметкер болуың керек деп ойлайды. Онда негізі кез келген адам үй ала алады. Тағы бір сол бағдарламамен бір рет үй алдым, екінші рет алу мүмкін емес деп сенеді, олай емес, 10 үй алған таныстарым бар. Қазіргі нарық экономикасында кім есепке жүйрік болса, кім сауатты болса сол озады. Одан кейін банкке бару үшін жеке куәлік міндетті түрде керек пе деген сыңайда сұрақ қоятындар бар. Әрине, бұл құжат міндетті түрде керек. Бірақ мен көбіне оқырмандарыма мотивация беруге тырысамын. Себебі үй алудың талай жолы болғанынан сізге не пайда, егер қалтаңызда көк тиын болмаса? Сол үшін бірінші кезекте еңбек етіп, ақша жинауға, баспаналы болуға ынтасы мен жігерін қайраймын. Үнемі барлық нәрсе әрекетке байланысты екенін айтамын. "Жатпа", "бос отырма" деген сөздерді тіпті хештег ретінде жазып жүремін. "Жалқаулық жаратқанға ұнамайды, Қамсыз қазақ қартайтқан ұлы Абайды, Балақ түріп қарекет қылғандардың, Бақыт келіп есігінен сығалайды" деген Мұхамеджан Тазабековтің айтқанын сөзі бар, оқырмандарыма еңбек етудің маңызын, білім жинап, бос жатпау керек екенін айтып, кеңесімді беріп отырамын.
- Өзіңіздің баспана мәселеңізді қалай шештіңіз?
- Елге ақыл айтып, өзі пәтер жалдап тұрады деп айтуы мүмкін. Мен оны жасырмаймын. Соңғы екі жылда анама бір пәтер, әкеме бір пәтер алып бердім. Бірақ өз басымда баспана жоқ екенін жасырмаймын. Енді баспана алып жатсам, өз атыма жаздырамын.
- Халықтың баспана алуы неге қиын деп ойлайсыз?
- Үйдің бағасы ірі-ірі қалаларда жыл сайын өсіп келеді. Тіпті ай сайын өседі. Ал жалақы олай өспейді. Сондықтан баспаналы боламын дейтін адамға бірінші кезекте қаржылық тәртіп қажет. Кредит аламыз, тойға шашамыз, кредитті кредитпен жабатындар бар. Әрдайым посттарымда кредит алмай өмір сүрудің жолдары жайлы айтып отырамын. Шамаңыз жетсе, баспананы қолма-қол ақшасын беріп алыңыз деймін, болмаса 50 де 50 жолымен алыңыз, тіпті болмаса 20 пайызына дейін жинап барып қана ипотекаға алыңыз деймін. Баспана мәселесінің осылай қызып тұрғанына халықтың өз қаражатын дұрыс реттемеуі бір себеп деп ойлаймын. Сондықтан халыққа дұрыс ақпарат керек, көзін ашатын, пайдасы тиетін ақпараттан хабардар болуы тиіс, сонда баспана мәселесін шеше аламыз.
- 150 мың фолловермен қалай қарым-қатынас жасайсыз, тренингтер өткіземін дедіңіз. Тренингте не айтасыз, бұл іспен ең бірінші айналыса бастауда қандай еңбектер оқыдыңыз?
- Оңай шаруа емес. Біреуінің көңілінен шықсаң, екіншісіне жақпай қалуың мүмкін. Біреуі жақтап, екіншісі даттап жатады. Бірақ аудиториямның 90 пайызы үнемі рақметі мен алғысын айтып жатады. Мен блоктарымда банк менеджері сізге айтпайтын тұстарына, халықтың шын мәнінде не білуі тиіс деген мәселелерге тоқталамын. Сондықтан шеберлік дәрістерімде үй алудың мүмкіндіктері, мемлекеттік бағдарламалар, тұрғын үй нарығындағы жағдайлар, айналып келгенде қаржылық сауат, пайыз есептеу жайлы әңгімелеймін. Өз басым көбіне банктерді, ондағы пайыздар мен мөлшерлемелер жайлы көп зерттеу жүргіздім. Себебі білесіз бе, бізде 10 миллион теңгенің үйін үстіне 17 миллион қосқызып, пайызымен 27 миллион теңгеге сататын банктер бар. Ал кейбір банктер 10 миллион теңгенің үйін үстіне 800 мың теңге артық төлем жасап қана сатады. Міне, осындай бір ғана мысалмен пайдалы болар кеңестерімді беремін.
© pixabay.com
Блиц-сұрақтарға жауап:
- Пәтердің алғашқы жарнасына қалай ақша жинау қажет?
Пәтердің алғашқы жарнасына кем дегенде 20 пайыз жинау керек. Ал мемлекеттік бағдарламалардың кейбірі 10 пайыз алғашқы жарна сұрайды, сонда 15 миллион теңгенің пәтеріне кем дегенде 1,5 миллион теңгеңіз болуы керек. Бұл сұраққа дайын тұрған жауап жоқ, айналып келгенде бәрі еңбекке, әрекетке байланысты. Жалқаумыз десек, айналып келіп өзімізге тиеді. Бос жатысты қою керек.
- Ипотека алуда неге мән беру керек?
Бұрын заң тұрғысында қиындау болатын. Қазір ХҚКО-лардан барлық ақпаратты білуге болады. Заңды білмейтін адам ғана алаяққа жем болады. Себебі қазір елімізде кез келген маман, оның ішінде нотариус болсын, ХҚКО-дағы менеджерлер болсын, барлығын тексері, әрдайым заңның сақталуын қадағалайды. Одан кейін ипотека алғанда пайызы мен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне қарау керек. Тіпті мемлекеттік бағдарламамен баспана берілетіні жайлы жарнама ілінгенімен, әлгі тиімді сыйақы мөлшерлемесімен 5,2 пайыз болып шығуы ғажап емес. 0 пайызбен ипотека береміз дейтін де банктер бар, олардың айтып отырғанына сенбеу керек, 0 пайыз болуы мүмкін емес. Сондықтан жылтырағанның бәрі алтын емес екенін ұғу керек.
- Ипотеканы жылдам жауып тастау үшін не істеу керек, қандай жолдары бар?
Жылдам жауып тастаудың бір ғана жолы - ақша. Ал бірақ сол ақшаны табу білімге, санамызға, әрекетімізге, оқуға келіп тіреледі.
- Көптің жиі жасайтын қателері қандай?
Пәленбай миллион теңгесін алаяққа қалай беріп қойғанын білмей қалған адам осы саладағы мықты маманға жүгініп, адал қызметінің ақысын беруден тартынамыз. Білген адамға ақшасын беруден тартынамыз. Осылай қатеге бой алдырып жатамыз. Егер мықты маманның көмегіне жүгінсеңіз, ол сізге барынша тиімді әрі қауіпсіз жолды таңдап береді.