ПОДЕЛИТЬСЯ
30 января 2020 | 15:42
"Орташа жалақы - 3 мың еуро". Қазақ қызы Австриядағы өмір туралы айтты
Ақтөбелік Айнұр Асқар жеті жыл бұрын Австрияға оқуға кетіп, содан бері осы елде жұмыс істеп жатыр. Ол қазір бес тілде еркін сөйлейді. Оның сөзінше, Австрияда адам жұмыссыз қалса, бұрынғы жұмыс орны ай сайын жалақысының 55 пайызын беріп отырады. Айнұр Tengrinews.kz тілшісі Венаға қалай көшкенін және сондағы өмір жайлы әңгімелеп берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ақтөбелік Айнұр Асқар жеті жыл бұрын Австрияға оқуға кетіп, содан бері осы елде жұмыс істеп жатыр. Ол қазір бес тілде еркін сөйлейді. Оның сөзінше, Австрияда адам жұмыссыз қалса, бұрынғы жұмыс орны ай сайын жалақысының 55 пайызын беріп отырады. Айнұр Tengrinews.kz тілшісі Венаға қалай көшкенін және сондағы өмір жайлы әңгімелеп берді.
Бес тілде еркін сөйлейдіАйнұр 1994 жылы Ақтөбеде туған. Қазақстаннан 18 жасында көшіп кеткен. Бүгінде Венада тұрып жатқанына 7 жыл өткен.
"Мектепті бітіріп, 2012 жылы Ақтөбедегі медициналық университетке түстім. Университетте бір танысым шет елге оқуға түсемін деп жүрген. Бірақ бір жағдайлармен бара алмайтын болды. Ол кезде бір агенттік студенттерді шет елге оқытуға жіберуге көмектесетін. Солармен хабарласып, өзімді сынап көрейін дедім де, құжаттарымды жібердім. Мені қызықтарған университеттің бағасы Қазақстандағы оқу орындарының бағаларынан біршама төмен екен. Тіл үйренемін, ел көремін, оқу сапасын салыстырамын деген қызығушылықпен кеткен кезім", - дейді ол.
Оның айтуынша, Венаға барғаннан кейін неміс тілін оқып жүргенде, медицина емес, экономика саласына қызыға бастаған. Сондықтан қазір Айнұр accounting/order processing manager, яғни, есепші болып қызмет атқарады.
"Жұмысым интернационал тұрғыда болған соң - Қазақстанмен де тікелей байланыстамын. Мен жұмыс істейтін холдинг ауыл шаруашылығы машиналарын сату арқылы (JohnDeer, JCB, Liebherr т.б) халықаралық деңгейде Орта Азия мен Еуропа елдерін байланыстырады. Оған дейін гастрономия саласында еңбек еттім, Венадағы бірнеше мейрамхананың есебін жүргізгенмін. Қазіргі жұмыс орныма тек экономика саласында тәжірибем емес, тілдерді меңгеруім де зор үлесін қосты", - дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде ол қазақ, орыс, түрік, неміс және ағылшын тілінде еркін сөйлейді.
Айнұр жырақта жүрсе де, Қазақстанға жиі барып тұратынын айтады.
"Қазақстанға жылына бір-екі рет барып тұрамын. Яғни, Жаңа жылды отбасыммен қарсы алған дұрыс деп санаймын, сондықтан үйге келуге тырысамын. Ата-анам да көп сағындырмай, маған қонаққа келіп тұрады. Туған елге келгенде, аз күн болса да, демалып қайтамын", - дейді ол.
"Австрияда орташа жалақы - 3 мың еуро"Айнұр Асқардың сөзінше, демалыс күндері австриялықтарды көшеден көп көре бермейді.
"Таңғалдырғаны - демалыс күндері дүкендер, көптеген мейрамхана жұмыс істемейді. Далада жүрген жан мүлде аз. Бәрі үйінде демалады. Азық-түлік те сатып алу қиын. Ол бұрыннан қалыптасып қалған дәстүр екен. Бәрі өз күнін уақытымен жоспарлайды, достарымен кездескен де уақытынан кешікпейді", - дейді Австрияда тұратын қазақ қызы.
Оның сөзінше, Австрияда тұрғындардың экономикалық деңгейі керемет.
"Адамдар жұмыссыз қалғанның өзінде бұрынғы жұмысы жалақысының 55 пайызын ай сайын беріп тұрады. Әр адамға орташа жалақы - 3 мың еуро. Жалақы жылына 12 рет емес, 14 рет беріледі. Медицина жағынан да айтатын нәрсе көп, сақтандыру полисі жақсы дамыған. Сондықтан медицина тегін деп айтуға болады. Халыққа өз бизнесін ашқаннан көрі, компанияда не холдингте жұмыс істеген қолайлы. Себебі мұнда жеке кәсіптің салығы үлкен және заңы қатаң. Ең танымал және жалақысы көп мамандықтар - IT-мамандар, заңгерлер мен дәрігерлер", - дейді Айнұр.
Оның айтуынша, австриялықтар мен қазақтардың арасында ұқсастыққа қарағанда, айырмашылық көп.
"Австриялықтар қашықтықты қатты ұстанады. Сұрақ қойғанда да, жеке өмір не жалақы туралы сұрауға болмайды. Отбасы құру туралы тек 35-40 жастан асқанда ғана ойлай бастайды. Қонаққа барарда да, ертерек, тіпті, апталар бұрын айтып қою керек", - деді кейіпкеріміз.
Ол ата-ана мен бала арасындағы байланыс та қазақтардан басқаша екенін айтады.
"Ата-ана мен бала арасындағы байланыста да біздің елден қатты айырмашылық бар. Бала 18 жасқа толған кезде ата-аналарына оларды бөлек шығаруға тырысады. Тәрбие беру тәсілдері де басқаша", - дейді Айнұр.
Енді жеті жылдан бері Австрияда тұрып жатқан ол алдағы екі-үш жылда елге оралуды мақсат қылып отыр.
Оқи отырыңыз:"Жұма - демалыс, жексенбі - оқу". Дубай мектебінде оқитын қазақ қызы
"Тойға 35 адам келді" - даниялық жігітпен отау құрған қазақ қызы
Австрияда мейрамхана кәсібін дөңгелетіп отырған қазақстандық келіншек
Показать комментарии
Читайте также