РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
23 октября 2018 | 11:56

"Ордендай", "Борсылдақ", "Манқан": Көне қазақ есімдері

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақтың көнерген есімдерін зерттеумен айналысып жүрген мәдениеттанушы Бердалы Оспан Tengrinews.kz тілшісіне сол есімдердің бірқатарын атап, мағыналарын түсіндіріп берді.


Қазақтың көнерген есімдерін зерттеумен айналысып жүрген мәдениеттанушы Бердалы Оспан Tengrinews.kz тілшісіне сол есімдердің бірқатарын атап, мағыналарын түсіндіріп берді.

"Қазақ есімдері аспандағы жұлдыздардан да көп" дейтін Бердалы Оспанның жақында қазақтың көнерген есімдеріне арналған кітабы жарыққа шығады. Айтуынша, кітаптың қолжазбасы дайын тұр, енді оны баспадан шығару ғана қалған.

"Мұндай тамаша, мұндай әдемі есімдерді тек қазақтар ойлап таба алады. Мысалы, бұрын қыз балаға Ілия деген ат қойылған. Бұл сөздің мағынасы "Жаратушы" дегенді білдіреді", - дейді ол.

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың да шын есімі Ілия болған, майдандас достары "Лия" деп атапты.


Соғыстың алғашқы жылдарындағы Әлия. © e-history.kz

"Бұрын қазақтар ұл балаға Жәмшит деген есім берген, ежелгі заманда сондай патша болған деседі, оның ерекше айнасы болыпты, ол арқылы бүкіл әлемде болып жатқан оқиғаның барлығын көруге болады екен", - деді Оспан.

Композитор Шәмші Қалдаяқовтың шын есімі Жәмшит болыпты.

"Шәмшінің фамилиясы да Қалдаяқов емес, оның әкесінің аты басқа болған. Қазақта келіндер жолдасының бауырларын атымен атамаған, ол кісінің аяғында қал болса керек, содан Қалдыаяқ есімі тарай бастаған", - деді ол.


Шәмші Қалдаяқов. © old.el.kz

Бердалы Оспанның айтуынша, ол кезіктірген көне есімдердің арасында Боққайнат есімі де болыпты. Тарихта Бекболат руында Бекболат Шымырдың ортаншы баласы, одан бес ұл туған, оның екіншісі Жиенбет (Боққайнат) делінеді. 

"Бұл есімді әлі де зерттеп жатырмын. Бұл есімнің тағы қандай тарихи тұлғаларға қойылғанын анықтау мен үшін қызық", - дейді мәдениеттанушы.

Оспанның айтуынша, қазақтар бұрын қыздарына Мәнсия деген есімді жиі қойған.

"Мәнсия - Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың шын есімі. Бұрын қазақтар қыз баланы еркелетіп Мәншүк деген, ол сөз Моншақ дегеннен шыққан, кейін Мәншүк болды", - дейді ол.


Мәншүк Мәметова, 1937 жыл. © sarbaz.kz

Бердалы Оспанның айтуынша, көнерген есімдер арасында ерекше есімдер өте көп.

"Менің кітабымда қару-жараққа, өсімдікке, заттарға, тағамға, жануарларға және тағы да басқаларға қатыстырып қойылған есімдерге арналған тарау бар. Мысалы, Жәнібек Тарханның ұлының есімін таптым, оған Жауқайтар есімі берілген", - дейді ол.

Айтуынша, көне есімдер арасынан күлкілі есімдер де кездесіп жатады.

"Мұндай есімдер қазір жоқ, мысалы, Кеңес Одағының кезінде Ордендай деген де есім қойылған. Бір адам орден аламын деп, дайындалып жүрсе әйелі қыз туыпты, қызға сол есімді қойған екен. Кәрмеш деген де есім бар. Ол - сырнай, бұл есім де қыздарға қойылған", - дейді Оспан.

Бұрындары қыз балаларға қойылған есімдердің арасында Бәтес бар.

"Бұрындары қойылған есімдер арасындағы Бәтес есімі француздардан келген деседі. Француздарда "батист" деген мата бар, оны орта ғасырда Жан Батист ойлап тапқан. Өте жұмсақ, жылтыр мата қазақ жеріне жетіп, осы есім пайда болған", - деді Оспан.

Мәдениеттанушының айтуынша, бұрын қазақта Борсылдақ деген есім болған.

"Борсылдақ есімінің мағынасы "жұмсақ" дегенді білдіреді. Баланың мінезі жұмсақ, мейірімді болсын деген ниетпен қойылатын болған. Мысалы, бұл есімді Бөгембай батыр өз қызына берген. Ал Қазыбек би қызына Манқан есімін қойған. Оның қызы өте сабырлы болған деседі. Қазақтар айтпақшы, манқиып отыра берген", - деді Бердалы Оспан.

Көне есімдер арасында Көдек есімі бар.

"Көдек - есектің құлыны. Балаларға мұндай есім де қойылған, дегенмен қорқынышты еш нәрсе жоқ, себебі ол заманның құндылықтары басқа болған. Ұл бала шетіней бермес үшін Бөқбасар сияқты есімдер қойылыпты. Ал менің қызығушылығымды танытқан есімдердің бірі Аймауыт болды. Жазушы Жүсіпбек Аймауытов ақталғанда бұл есімнің мағынасын білгім келді, кейін зерттеп көрсем, "берен, темір сауыт" дегенді білдіреді екен", - деді Бердалы Оспан.


Жүсіпбек Аймауытов. © e-history.kz

Айта кетейік, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылы қыркүйекте ұл балаларға Әлихан, Нұрислам, Айсұлтан, ал қыз балаларға Айзере, Медина және Раяна есімдері жиі қойылған.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети