27 ноября 2019 | 16:57

"Оралман" десе ренжімеймін". Моңғолиядан көшіп келген қазақ жігіті

Жеке мұрағаттан

Сырымбек Төлеуұлы 15 жыл бұрын Моңғолиядан көшіп келген. Елімізде оқу үшін ол 170 түлек қатысқан іріктеуде жеңіске жеткен. Алғашында орыс тілінде сөйлейтіндер көп аймаққа келіп, қиналғанын айтады. Қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы болып қызмет етіп жатқан Сырымбек Төлеуұлы Тengrinews.kz тілшісіне елге келген алғашқы жылдары мен Моңғолиядағы қазақтардың өмірі жайлы әңгімеледі.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сырымбек Төлеуұлы 15 жыл бұрын Моңғолиядан көшіп келген. Елімізде оқу үшін ол 170 түлек қатысқан іріктеуде жеңіске жеткен. Алғашында орыс тілінде сөйлейтіндер көп аймаққа келіп, қиналғанын айтады. Қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы болып қызмет етіп жатқан Сырымбек Төлеуұлы Тengrinews.kz тілшісіне елге келген алғашқы жылдары мен Моңғолиядағы қазақтардың өмірі жайлы әңгімеледі.

"Әкем Моңғолияда әкім болды" 

Реклама
Реклама

Сырымбек 1988 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Арғы атасы 1937-38 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, "халық жауы" атанған екен. 


Сырымбек Төлеуұлы бала кезінде (әкесі көтеріп тұр) 

"Әкем Баян-Өлгейдегі Дэлгүүл ауданында әкім, кейін депутат болған. Анам да мемлекеттік қызметте істеді. Қазір зейнетте. Үйде төрт ағайындымыз. Үш інім бар. Бір інім Қытайда оқып жатыр, бірі Түркияда оқып, қазір Қазақстанда. Тағы бір інім Моңғолияда жеке кәсіппен айналысады", - дейді ол.


Сырымбек Төлеуұлы бауырларымен бала кезінде

Моңғолияда туып-өскен Сырымбектің Қазақстанға келуіне ата-анасы кеңес берген.

"Мектепті бітіретін 2005 жылы Қазақстаннан біздің аймаққа қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үш грант бөлінген. Оған 170 бала таласып, бір грантты мен жеңіп алдым. Содан Өскемендегі Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне түстім. Ол жылдары Өскеменде орыс көп. Қазақтарды көргенде туғанымызды көргендей қуанатынбыз. Орысша білмейміз, жаңа орта. Өскеменде бәрі орысша сөйлейді, көбі қазақ тілін білмейді. Бірақ төрт жылда бейімделдім", - дейді Төлеуұлы.

Университет қабырғасынан шыққан соң алғашқы жұмысында айына 9 мың теңге жалақы алғанын айтады.

"Оқуды бітірген соң Нұр-Сұлтандағы мектепте оқытушы болып орналастым. Жалақым айына - 9 мың теңге. Кейін қазақ тілінен сабақ беріп, үш айда 45 мың теңге жалақы алдым. Сонымен қатар, мақала жазатыным бар еді. Сондықтан қосымша журналист болып жұмыс істедім", - дейді ол.

"Қазір бәрін моңғол қылу саясаты жүріп жатыр"

Оның сөзінше, Моңғолиядағы қазақтар қазір бұрынғы көшпенді қазақтардың өмірін сүріп жатыр.

"Әрине, қалада тұратын қазақтар бар. Ал ауылдағылар әлі нағыз көшпенді. Жайлауға, күзеу, қыстауға түйемен көшіп-қонып жүретін қазақтар әлі бар. Онда қазақтың барлық салт-дәстүрі сақталған. Мен соның бәрін көріп өстім. Көп қазақ мал шаруашылығымен айналысады", - дейді Сырымбек.

Моңғолияда толығымен қазақ ауылдары бар екен.

"Мен туып-өскен Баян-Өлгей аймағында тұратын халықтың 95 пайызы қазақтар. Онда қазақша мектептер бар. Бәрі өзара қазақша сөйлеседі. Тек соңғы жылдары ол жақтағы мектептерге моңғол тілін үйрету үшін мемлекеттік бағдарламалар енгізілген. Мен оқыған жылдары ешкім моңғолша білім алмайтын. Бірақ әлі де қазақ ауылдары сақтаулы. Бәрі көшіп-қонып, мал шаруашылығымен айналысады. Қазақтың нағыз салт-дәстүрін көру қажет болса, сонда бару керек. Мысалы, бүркітші қыз Айшолпан танылғаннан кейін қазір ол жаққа туристер көптеп ағылып жатыр", - дейді ол.

Ол Моңғолиядағы қазақтардың жергілікті халықтан қысым көрмейтінін айтады.

"Моңғолдар жайдары халық. Олар сен қазақсың, басқасың деп бөлмейді. Ол жақта ешкім қысым көрсетіп жатқан жоқ. Мал шаруашылығымен не басқа кәсіппен айналысамын дегендерге шектеу жоқ. Тек қыс қатты болып, жұт келген кезде төрт түлігімен пайда көріп отырған қазақтар қиналып қалады. Ал қалада тұратындар мемлекеттік қызметте, саудада жүр", - дейді Төлеуұлы.

"Оралман" десе, ренжімеймін"

Сырымбектің айтуынша, Қазақстанда оған басты проблема азаматтық алу болған екен.

"Ата-анам Моңғолияда қалып, осында жалғыз өзім келгендіктен, Қазақстан азаматтығын алу қиынға соқты. 1,5 жыл жүгіріп, азаматтықты алдым. Азаматтық алудың қандай қиын екенін бір кісідей білемін. Қазақстанда келген кездегі тағы бір проблема - орыс тілі. Көбі орысша сөйлейді, біз түсінбейміз. Мен өзімізге жақындау, қазақи тәрбие алған деп деп оңтүстіктің адамдарымен көбірек сөйлестім", - дейді ол.

Қазақстанда оны ешкім "Моңғолиядан келген" деп шектемегенін айтады. Сөзінше, "Оралман" деген сөзден де намыстанудың керегі жоқ.

"Басқалар үшін айта алмаймын, өзім үшін "оралман" ба, "қандас" па - бәрібір. Маған біреу "оралмансың" десе, ренжімеймін. Ол жай ғана статус. Бізде шеттен келгендерді ғана бөлмейді. Шымкенттіктерді "южанин", солтүстіктегілерді "орыстанған қазақтар" деп айтады. "Оралман" да сол. Қазір ешкім бөліп-жармайды. Шетелден келген қазақтарға көзқарас жақсы", - деп ойын түйіндеді Сырымбек Төлеуұлы.

Суреттер Сырымбек Төлеуұлының жеке мұрағатынан


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram