РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
29 октября 2021 | 14:23

"Мұндайды кинодан ғана көруші едік" - Пенжімде ауыл тұрғындары не дейді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Рашит Ильясов Фото: Рашит Ильясов

28 қазанға қараған түні Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім аулында мектеп оқушылары арасында жанжал туды: балалар сөзге келіспей, жаға жыртысқан. Салдарынан бір бала басынан жарақат алып, ауруханаға түскен. Тағы бір адам қақтығыс кезінде зардап шеккен. Әлеуметтік желіде ұлтаралық қақтығыс басталды деген ақпарат тарап, ауыл тұрғындары қақтығысып қалды. Tengrinews.kz тілшісі оқиға болған ауылға барып, куәгерлерімен сөйлесті.


28 қазанға қараған түні Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім аулында мектеп оқушылары арасында жанжал туды: балалар сөзге келіспей, жаға жыртысқан. Салдарынан бір бала басынан жарақат алып, ауруханаға түскен. Тағы бір адам қақтығыс кезінде зардап шеккен. Әлеуметтік желіде ұлтаралық қақтығыс басталды деген ақпарат тарап, ауыл тұрғындары қақтығысып қалды. Tengrinews.kz тілшісі оқиға болған ауылға барып, куәгерлерімен сөйлесті.

Пенжім ауылдық округі қоғамдастығының мүшесі Абдужан Хамраев елді мекен бұрыннан бірлігімен, берекесімен танылған ауыл болғанын айтады. 

"Кешегі жағдай туралы айтар болсақ, өте ұят мәселе болды. Біздің ауыл өзі бұрыннан бірлігімен, берекесімен танылған ауылдардың бірі еді. (...) Бұл бәрімізге келешекте сабақ болады. Балалардың арасынан шыққан түсінбестік болып тұр ғой. Екі бала өзара сөзге келіспей, төбелесіп қалған. Бір бала қаттырақ таяқ жеп, ауруханаға түскен. Сонымен бұл мәселе әлеуметтік желіде ұлтаралық мәселе ретінде тарап кеткен. Жиналыста ауыл тұрғындары сөйлесіп, ауылда тыныштық орнады. Келешекте бәрі жақсы болады деп ойлаймыз", - дейді ол. 


Абдужан Хамраев

Абдужан Хамраев ауылда бүгінге дейін ұлтаралық мәселе көтерілмегенін айтады. 

"Өзіміз де бұл мәселеге қатты күйзеліп отырмыз. Бірлігіміз жарасқан ауыл едік. Ауданда жүгері өсіруден біздің ауылға жететін ауыл жоқ. Ұйғыр болсын, қазақ болсын, халқымыз еңбекқор. Жердің арқасында жан бағып жүрген халықпыз. Басқа ойымыз да жоқ. Егінді алып, оны сатсақ, балаларымызды өсірсек деген ой ғана. Бұл мәселеге байланысты қатты қиналып отырмыз. Келешекте бұл проблема бойынша жұмыс істейміз. Оқиға болған түні ауылда, үйде едік. Сосын әкімдікке хабарласып, байланыста болдық. Өзіміз де сол жігіттер жүріп кеткеннен кейін үйлерге кіріп, адамдардың жағдайын білдік. Бір-бірімізге көмектестік. Мен тұратын жерде бәрі тыныш болды. Тіпті мұндай жағдай болып жатқанын білмедік. Оқиға орнына шыққан кезде ғана бәрін білдік", - дейді Абдужан Хамраев. 

Ал аудан әкімі Талғат Өмірәлиевтің сөзінше, мектептегі оқиға бір-ақ минутта болған. 

"Розыбакиев атындағы мектептегі екі бала төбелесіп қалған. Бір топ бала біраз баланы ұрып кеткен. Бәрі бір-ақ минутта болған нәрсе. Сонда бір бала құлап, басынан жарақат алды. Баланы орталық ауруханаға жатқыздық. Ота жасалды, бәрі дұрыс болды. Республикалық нейрохирургтермен ақылдасып, облыс әкімінің орынбасары екеуіміз сол балаға кіріп шықтық. Бала есін біледі, аяқ-қолы жұмыс істейді, ойы таза. Жағдайын сұрап едім, бәрі дұрыс екенін айтты. Ол жағынан проблема жоқ", - дейді Өмірәлиев.  

Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев

Аудан әкімі де 27 қазанда болған жағдайда ешқандай ұлтаралық мәселе жоғын айтады.  

"Жастар жиналып, полицияға бармай, көшеде тас атып кеткен. Біз біраз жиналыс жасап, ел-жұртпен, ауыл ақсақалдарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жасадық. Жастар да енді нәрсе болмайтынын айтып, уәде берді. Енді құқық қорғау органдары өз жұмысын істейді. Ауылда ешқандай ұлтаралық мәселе көтерілмейді де, болмайды да. Жағдай тұрақты", - деді әкім. 

Ауыл тұрғыны, жергілікті мектептердің бірінде мұғалім Айгүл Карашеваның сөзінше, бұл жағдай күтпеген жерден болған.  

"Екі ұлттан құралған отбасымыз, жолдасым - ұйғыр, өзім қазақ қызымын, осы ауылда өстім. Кешке жақын айғай-шу болып кетті, басында түсінбей қалдық. Мектептегі оқиға екен, балалар төбелесіп, арты осындай көтеріліске ұласып кетіпті. Бала кезімізден бірге келе жатырмыз, бұл бізге күтпеген жайт болып тұр. Ауыл тұрғындарына өте қиын болды. Болашақта қайталанбаса екен деп ойлаймын. Себебі, төбелеске қатысса да, қатыспаса да үйлердің терезелері шағылды, түнімен ұйықтамадық. Әр ауылдан адамдар келіп, полицейлер де ие бола алмай кетті. Көтеріліс болды ғой жалпы айтқанда. Біз оны кинодан ғана көруші едік, өмірде мұндай болады деп ойламадық. Кездесетін енді, бірақ мұндай төбелесті өзім осы жасқа кеп бірінші рет көріп тұрмын. Болашақта мұндай болмаса екен, амандық болса екен деп ойлаймын", - дейді тұрғын. 

Айгүл Карашева

Айгүл Карашева ата-аналар балаларға дұрыс насихат жасауы керегін айтады. 

"Барлық ата-анаға айтарым, балаларға дұрыс тәрбие беру керек, дұрыс насихат жасау керек. Себебі, отбасынан басталып отыр ғой тәрбиенің бәрі. Үйде балаға дұрыс түсіндірген болса мұндай төбелес шықпаған болар еді. Мектептегі мұғалімдерге де оңай емес, өзім мұғалім болғандықтан түсініп отырмын. Үзіліске шыққан кезде болса керек. Себебі далада төбелесіп жатқан видеосын көрдік. Ол енді күтпеген жай болған шығыр. Себебі төбелескенде де аяғы үлкен дауға ұласады деп ойламаған едік. Бейбіт заманда өмір сүріп жатқандықтан, Тәуелсіз мемлекет болғандықтан, көп ұлттан құралғандықтан бейбіт өмір сүрсек дейміз. Бәріңізге сабыр тілеймін", - дейді мұғалім. 

Айгүл Карашева оқиға болған түнді әңгімелеп берді. 

"Басында шу болды. Дәрігерлермен топ болып тұрған кезде ешкім тиспеген. Түнгі 01:00 шамасында қайтадан көтерілді ғой, 50-60 адам топ-топ болып жүрді. Сол кезде тастарды лақтырып кетті. Бәрін сабырға шақырамын. Бұл жағдай сабыр сақтамағандықтан болып кетті ғой. Қанша үйді шағып кетті. Бұл ауыл үшін жақсы абырой емес", - дейді ұстаз. 

Еске салайық, төбелес салдарынан мектеп оқушысы ауруханаға түскен болатын. Оқушыға ота жасалды. 

Кейін Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы Пенжім ауылында жаппай төбелес кезінде зардап шеккен оқушының жағдайы туралы мәлімдеді. 27 қазанда 2005 жылы туған мектеп оқушысы Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасына түскені белгілі болды. Пенжім ауылындағы арандатушылар туралы ҚХА ресми өкілі Майя Бекбаева да мәлімдеме жасаған еді. Ол ауыл тұрғындары тыныштық пен бейбітшілікті қалайтынын айтқан. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети