13 января 2022 | 11:50

"Мұндай жетім күйді ешқашан кешпеппін" - тәртіпсіздік кезінде Түркиядан қайта алмаған қазақстандық журналист

Журналист Динар Керім. Фото: Facebook / Dinar Kerim

Динар Керім - Egemen Qazaqstan газетінің Интернет бөлімінің басшысы. Ол Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Түркиядан елге қайта алмай қалды. Күні кеше елге оралды. Төрт күндей Түркиядағы әуежай мен үйдің арасында жүрген. Оның айтуынша, елде көмек қолын созғандар да аз болмаған. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Динар Керім - Egemen Qazaqstan газетінің Интернет бөлімінің басшысы. Ол Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Түркиядан елге қайта алмай қалды. Күні кеше елге оралды. Төрт күндей Түркиядағы әуежай мен үйдің арасында жүрген. Оның айтуынша, елде көмек қолын созғандар да аз болмаған. 

"Түркияға аяқасты барғым келді. Ұшуға 2-3 күн қалғанда билет алдым. Ішкі түйсігім сол жаққа асығып тұрды. Бірақ себебін өзім түсінбедім. Содан Жаңа жылға санаулы сағаттар қалғанда, 31 желтоқсанда көне шаһар - Ыстамбұлға келіп қондық. Жыл басында демалысқа шыққандықтан және мереке күндері көп болғандықтан, бас-аяғы 8 күн демалуды жоспарлағанмын. Сәйкесінше 8 қаңтарда елге оралуым керек еді", - дейді Динар.

Журналист Динар Керім. Фото: Facebook / Dinar Kerim

Реклама
Реклама

Журналист елдегі жағдайды естігенде алғашқы күндері жаңаөзендіктердің белсенділігін құптап, мәселе бір жағына шығуына тілектес болғанын айтады.

"Артынша бейбіт митинг қарақшылардың арам пиғылына ұласқанын естіп бойымда бір үрей пайда болды. Тәуелсіздігімізге қатер келді ме деп қорықтым. Біздің бейбіт елімізде бассыздық болады деп ойламасақ керек… Әдемі Алматымыз бен басқа да қалаларымыздағы қорқынышты көрініс көз алдыма шеру жиі болатын, экономикасы әбден құлдыраған мемлекеттері келтіргені рас. Сол қалалардағы достарымызға, жақындарымызға алаңдадық. Байланыса алмаған сайын сабырымыз сарқыла берді. Құдай сақтасын, түсінбеушілік көп жерде бірлік кететіні бар ғой…", - дейді ол. 

Динар елге қайту үшін әуежайға 8 қаңтардан бара бастаған.

"Содан бергі 4 күніміз әуежай мен үйдің арасында өтті. Әрине, хабарласып та біліп отырдық, бірақ әртүрлі алып-қашпа әңгіме мен алаңдаушылық сонда күтуге мәжбүрледі", - дейді Динар.

Қазақстандықтардың әуежайда кете алмағанын ести сала Ыстамбұлдағы бас консулдық қызметкерлері тізім жасай бастаған.

"Мен шын мұқтаждарға көмектесуін сұрап бас тарттым. Нақты санын білмеймін, Ыстамбұл әуежайы сарыла күткен қазаққа толған еді. Консулдық көбін қонақүйге жайғастырып, 3 мезгіл аспен қамтамасыз етіп жатты. Мен құрбымның қасында болдым. Тағы бір баса айтатын жай, Түркиядағы қазақтардың қайырымдылығы. Белсенділер жиналып, Түркиядағы қазақтар қорында дастархан жайып, ыстық тамақ пен жатын орын, басқа да қажеттіліктеріне болысып, мүсәпірлеріне көмек қолын созып жатты. Бұл өте үлкен адами қарым-қатынас деп ойлаймын", - дейді ол. 

Журналист Динар Керім. Фото: Facebook / Dinar Kerim

Динар Түркияда қалып қойған кезінде қандай проблемаларға тап болғанын айтты. Оның сөзінше, тек бір мәселе - ақша аударымы мен банк карталарының істен шығуы болған.

"Барлық отандасым секілді маған да қолма-қол ақшаның қадірі өтті. Десе де далада қалған жоқпын. Банктер іске қосылғанша көмектескендер баршылық. Телефонымда тыным болмады. Анкара, Измир, Антальяда тұратын таныстарым хабарласып, не көмек қажеттігін сұрап жатты. Ыстамбұлда тұратын, оқитын достарым да қарап қалмады, мен тұрған ауданға келіп, хәлімді біліп кеткені де болды. Елдегілер де интернеті қосыла сала маған жазып, WhatsApp арқылы хабарласып, жағдай сұрап жатты. Өздері топалаң арасында жүріп алыстағы маған алаңдағаны да ыңғайсыз екен", - дейді Динар. 

Түркияда Интернет өшпеді. 

"Тек отандық ақпарат көздеріне кіре алмадық. Өзім де осы ақпарат саласында жұмыс істегендіктен, сайт істегенде үлгеріп, уақытылы ақпарат тарату үшін Түркия уақытымен таңғы бестен жұмыс істеген күндер болды. Ол кезде елордада уақыт 8.00 шамасы болады. Осылайша түске дейін ақпарат таратып, түстен соң елмен байланыссыз қалып жүрдік. Ол кезде әлеуметтік желілерде де шетте жүрген 5-6 адам ғана онлайн отыратынбыз. Мұндай жетім күйді ешқашан кешпеппін бұрын.

Бас қаладан шығарып салып жатқан досым "Болды, енді барлығы сенімен кетсін" деп қалжыңдап еді. Бірнеше күннен соң "Сөзімді қайтып алдым" деп хабарлама жазып жіберіпті. Әрине, бұл достардың қалжыңы ғой. Десе де, қиын сәтте қазағымның қасында бола алмағанымнан ба, өзімді сатқын сезініп жүрдім. Баяғыда шетелде тұруды армандайтынмын, осы жолы туған елімнен ұзап кете алмайтыныма нық көзім жетті. Бәрімізге сүйікті Қазақстанымызға адал қызмет етуді бұйыртсын…", - деді Динар Керім. 

Еске салайық, Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде елдегі бірнеше әуежай жабылып қалған болатын. Оның ішінде, Алматы әуежайына қарашылар шабуыл жасап, басып алған еді. Артынша Қазақстан тарапы шетелде қазақстандықтарды елге қайтаруға көмектесе бастады. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram