РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
23 ноября 2021 | 16:27

"Мемлекеттік ғимаратты жармақ болдық". Терроризм бабымен сотталған жігіттің оқиғасы

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Мақсатымыз елордадағы мемлекеттік ғимаратты жару болды" деп бастады әңгімесін Айтуған (есімі өзгертілген - авт.). Себебі намаз оқымайтынның бәрін өлтіру керек деген шетелдік уағызшыларды тыңдап, миы уланған. Бірақ бұл ойы іске аспай, полиция қолына түскен. Айтуған Tengrinews.kz тілшісіне дінге қалай келгенін, неге мемлекеттік ғимаратты жармақ болғанын айтып берді.


"Мақсатымыз елордадағы мемлекеттік ғимаратты жару болды" деп бастады әңгімесін Айтуған (есімі өзгертілген - авт.). Себебі намаз оқымайтынның бәрін өлтіру керек деген шетелдік уағызшыларды тыңдап, миы уланған. Бірақ бұл ойы іске аспай, полиция қолына түскен. Айтуған Tengrinews.kz тілшісіне дінге қалай келгенін, неге мемлекеттік ғимаратты жармақ болғанын айтып берді.

Орта жастан асқан Айтуғанның намаз бастағанына жиырма жылдың жүзі болыпты. Кезінде діннен алыс болған оны досы намазға тартқан екен.

"Шыны керек тәрбиеміз де, тіліміз де орыс шатыс еді. Діннен де, дәстүрден де хабарым болды деп айта алмаймын. Университетке түскеннен кейін өзімнен екі жас үлкен жігітпен жолдас болып, араласып кеттік. Ол намазхан еді. Мені де намазға тартып, ислам әлемімен таныстыра бастады. Досымның арқасында бес уақыт намаз оқып, дінге келдім. Бәріңіз білесіздер, 2000-жылдары елде діни мамандар аз еді. Сондықтан, діни сұрақтарым болса, достарымнан сұрайтынмын. Ол қандай уағыз тыңдаса, мен де соны тыңдадым", - деп бастады әңгімесін Айтуған.

Иллюстрациялық фото: elements.envato.com 

Сөйтіп, ол дінге келген соң көбіне араб елдерінен шыққан уағызшыларды тыңдай бастағанын айтады.

"Өзім орыс тілді болған соң, қазақша уағыздарды аса қарамайтынмын. Білесіздер, мешіттерде көбіне уағыздар қазақ тілінде жүреді. Бұл мешітке барып, білім ала алмауыма себеп болды. Сонымен қатар, Құран араб тілінде түскен, менің түсінігімде Ислам арабтармен тығыз байланысты және тура жолда жүрген нағыз мұсылмандар арабтар сияқты көрінетін. Сол үшін де араб тілді адамдарды тыңдауға әуес болдым. Басты қателігім де сол екен", - деп өкінеді ол.

Ол шетелдік уағызшыларды тыңдап, жолдан тайғанын айтады. Намаз оқымайтынның бәрін кәпір санап, оларды өлтіру дегендерге иланып қалған.

"Жастық максимализм бар, дінге деген құлшыныс жоғары болып тұрған кез. Олардың айтқандарының бәрін заң ретінде қабылдайтынбын. Басты назарды "кәпірлермен" соғысу керек, олардың көзін жою керек дегенге келтіретін. Ол уақытта "кәпір" деген кім екенін де терең түсінбейміз. Бірақ, Алланың разылығы үшін "шәһид" болсақ, сол бізге бақыт, келесі өмірде жұмақтың төрінен орын береді деген жалаң сеніммен жүрдік. Уағыздардың көпшілігі эмоцияға қатты әсер ететін", - дейді Айтуған.

Сөйтіп жүріп, Айтуған "қоғамды намаз оқымайтындардан тазаламақ" оймен елордадағы мемлекеттік ғимаратты жармақ болыпты.

"Исламның парыздарын орындамайтын, намаз оқымайтын адамдар қоғамды құртады, олардың тірі жүргені мұсылманға үлкен күнә" дейтін. Сол себепті, олардың отыратын жерлерін жарып, көзін жоюды бізге мақсат ету керегін жиі айтатын. Біз де бір топ жігіт болып, елордада орналасқан мемлекеттік ғимаратта жарылыс жасауға бел байлап, "кәпірлерді" өлтіреміз деген шешімге келдік", - дейді ол.

Айтуғанның айтуынша, олар жарылыс жабдықтарын қолдан жасаған. Ал кейбір қолдан жасай алмайтын қаруды сатып алыпты.

"Жарылыс жасауға қаражатты тобымыздың лидері табатын. Қайдан алғанын сұрасақ, мардымды жауап бермейтін. Бірақ, көмектесетін "демеушілер" болды", - дейді ол.

Айтуған мен оның тобы ойластырған лаңкестік шабуыл іске аспады. Олар құқық қорғау органдарының қолына түскен.

"Жасыратыны жоқ, кейін білуімізше құзырлы органдардың назарына ілігіп, қауіпті адамдардың қатарында болған екенбіз. Мемлекет біз ойлағаннан да қырағы жұмыс істейтін болып шықты", - дейді Айтуған.

Сөйтіп, Айтуған ҚР Қылмыстық кодексінің "Террористік немесе экстремистік даярлықтан өту" бабы бойынша 8 жылға темір торға жабылған.

"8 жыл аз уақыт емес. Өте көп ойланатынмын. Діни сауатсыз болғаныма қынжылдым. Жіберген қателіктерімнен сабақ алуға тырыстым. Басымнан өткен жағдайды Алланың маған жіберген сынағы деп қабылдадым", - дейді ол.

Қазір Айтуған бостандықта. Түрмеден шыққан соң, елордадағы Діндерді зерттеу орталығында реабилитациядан өткен.

"Діни дәрістерге қатысып, психологпен жұмыс істедік. Темір тордан кейін қоғамға бейімделу керек болды. 8 жыл ішінде қоғамнан алшақтап қалғанымды өзімде сездім. Қазақта мынандай жақсы сөз бар: "Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапса" деген. Қазір бәрі жақсы", - дейді Айтуған.

Кейіпкеріміз оңалту шараларын толық бітіргеннен кейін, жұмысқа тұрған. Өткеніне өкінгенімен, ендігі өмірі түзу жолда болғанын қалайды.

"Ол жақта бизнес, қару-жарақ, мұнай бірінші орында" - Сириядан оралған әйел

"Бомба астында қалып, жалғыз мен тірі қалдым" - Сириядан оралған қазақ әйелі

"Бомба түсіп, қазақтардың қаза тапқанын көрдім". Сириядан оралған жігіттің жантүршігерлік оқиғасы

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети