Біріккен Араб Әмірліктері - әлем бойынша коронавирус анықталған он үшінші ел. Науқастардың көбі туризм орталығы болып саналатын Дубайда тіркелген екен. Бүгінде елде COVID-19 жұқтырғандардың саны - 10 349, ал қайтыс болғандардың саны 76-ға жеткен. Tengrinews.kz тілшісі Дубайда отбасымен тұрып жатқан қазақстандықтан елдегі жағдайды сұрап білді.
Біріккен Араб Әмірліктері - әлем бойынша коронавирус анықталған он үшінші ел. Науқастардың көбі туризм орталығы болып саналатын Дубайда тіркелген екен. Бүгінде елде COVID-19 жұқтырғандардың саны - 10 349, ал қайтыс болғандардың саны 76-ға жеткен. Tengrinews.kz тілшісі Дубайда отбасымен тұрып жатқан қазақстандықтан елдегі жағдайды сұрап білді.
Мадина Уразалина жұбайымен бірге Дубайға былтыр жұмыс бабымен көшіп барған. Олар халықаралық компанияда аудитор болып жұмыс істейді екен. Оның айтуынша, елде коронавирус инфекциясы алғаш рет қаңтардың соңында тіркелген. Уханнан бір отбасы Дубайға демалуға келіп, нәтижесінде елде індет жаппай таралған.
"Үкімет елде шектеулерді наурызда ғана енгізді: балабақшаларды, ойын-сауық орталықтарын жауып, әуе қатынасын тоқтатты. Көшелерді дезинфекциялап, халықты үйден жұмыс істеуге міндеттеді. Ал сәуірде метро қозғалысы тоқтатылды. Бірақ автобустар жүрді, олар маңызды салаларда жұмыс істейтіндер үшін ғана жұмыс істеді, ал такси қызметі қатынауға 50 пайыз жеңілдік жасады. Былай айтқанда, ережелер аса қатаң болған жоқ. Ауруханалар, жанармай құю бекеттері, супермаркеттер мен дәріханалар жұмысын тоқтатқан жоқ. Тек мейрамханалар мен кафелер тағамды жеткізумен айналысты", - дейді Мадина.
Ол үкіметтің коронавируспен күресте заманауи технологияларды дұрыс пайдалана білгенін айтады.
"2-3 апта уақыт далаға тек министрліктің арнайы рұқсат қағазымен шығу мүмкін болды. Министрліктің сайтында мекенжайымыз бен қай жаққа баратынымызды көрсетіп барып қана рұқсат алатынбыз. Рұқсат берілген болса 5 мин ішінде хабарлама келетін. Сондай-ақ, көлікте отырып-ақ, коронравирусқа тест тапсыру мүмкіндігі болды. Ол жүйе Drive-thru деп аталды. Ең бастысы індет енді тарала бастаған кезде үкімет маска, дезинфекциялық құралдар мен азық-түлік бағасын көтергендерге ірі көлемде айыппұл салынатынын мәлімдеді", - дейді Мадина.
Сондай-ақ, Дубайдағы қазақ елде азық-түлік тапшылығы бірде-бір рет байқалмағанын айтады. Үкіметтегілер әр сөзінде елде азық-түлік жеткілікті екенін үнемі айтып жүрді дейді.
"Cупермаркеттерде басқа елдердегідей дәретхана қағазы немесе маска тапшылығы болғанын байқамаппын. Барлығын әдеттегідей бағамен сатып алдық. Ал халыққа төтенше жағдай кезінде қандай да бір әлеуметтік төлем туралы айтатын болсақ, мұнда халықтың 80 пайызы өзге елдерден келгендер. Сондықтан, меніңше, бізге қандай да бір төлем жасаудың қажеті жоқ", - дейді шетелдегі қазақ.
Ал қазір, Мадинаның айтуынша, Рамазан айы басталғалы елде карантин ережелері жеңілдетілді.
"Енді бір-бірімізге қонаққа баруға болады, бірақ көп болса бес адамға ғана жиналуға рұқсат. Далада серуендеуге де болады, бірақ қашық жүру керек. Ең бастысы үйден тыс жерде маска тағу міндет. Әйтпесе 1 мың дирхам айыппұл салынады, бұл теңгемен санағанда шамамен 117 мың теңге", - дейді Мадина.
Ал компанияларға әлі де үйден жұмыс істеуге кеңес беріліп отыр дейді.
"Карантин ережелері жеңілдетілгенімен, мейрамханалар мен сауда орталықтарының қызметіне белгілі бір шектеулер қойылды - мысалы келушілер саны мен жұмыс сағатын қысқарту. Кішкентай сәбиіміз болғандықтан біз ешқайда бармауға тырысып жатырмыз. Қазақстандағы жақындарымыз үшін де уайымдап жүрміз. Жалпы өзімізді қауіпсіз сезінеміз, себебі Біріккен Араб Әмірліктерінің денсаулық сақтау жүйесіне сенеміз. Қандай жағдай болсын, үкімет бекіткен шаралардың барлығын ұстануға шақырамын. Таяуда БАӘ де, отанымыз Қазақстан да осы індетте жеңеді деген сенімдемін", - дейді Мадина.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!