РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
26 февраля 2020 | 17:33

"Күйеудің тамағы, баланың жыламағаны, ал түнде секс". Алматылық жұп отбасын сақтаудың жолдарын айтты

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

2019 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда 27,9 мың отбасының шаңырағы шайқалған. Ажырасу - қазіргі таңда еліміз дабыл қағып отырған проблемалардың бірі. Оның бір себебі жастардың отбасылық өмірге дайын емесінде шығар? Немесе бұл ұғымды қате түсіне ме? Әлде үлкен өмірге тым ерте аяқ баса ма?


2019 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда 27,9 мың отбасының шаңырағы шайқалған. Ажырасу - қазіргі таңда еліміз дабыл қағып отырған проблемалардың бірі. Оның бір себебі жастардың отбасылық өмірге дайын емесінде шығар? Немесе бұл ұғымды қате түсіне ме? Әлде үлкен өмірге тым ерте аяқ баса ма?

Қарапайым алматылық отбасының мысалын келтірейік. Екі баланың анасы 27 жастағы Ажар Tengrinews.kz тілшісіне тұрмысқа шыққаннан кейінгі өмірін айтып берді. Сондай-ақ, үйде отырған және жұмысқа шыққаннан кейін қандай өзгерістер болғанын бөлісті. Психолог Анаргүл Маулиқызы да жаңадан отбасын құрғандар қандай қиындықтарға дайын болу керегін түсіндірді. 

27 жастағы Алматылық келіншек Ажар 20 жасында тұрмысқа шыққан. Қазір ол - екі баланың анасы, жеке кәсібімен айналысады. Айтуынша, бұл жұбайы екеуінің саналы шешімі болған. Оның ойынша, қарым-қатынас екі жылда жаңа деңгейге көтерілмесе, бәрі құрдымға кетеді.   

"Қазір 20-22 жастағы қыздарға қарасам, әлі асықпай жұмыс істесін, өзін тапсын, саяхаттасын деп ойлаймын. Бірақ сол жастағы өзіме оралсам, университет бітіргелі жатқан кезім, күйеуіммен бір жарым жыл кездестім, бірге орындағымыз келген жоспар көп еді, менің ойымша, екеуміз қосылуға, бірге дамуға толықтай дайын болдық", - дейді келіншек. 

"Үйленгеннен кейінгі ғажап өмірді елестету"

Ажар біздің қоғамда қалыптасқан кей стереотиптер отбасылық өмірде кедергі келтіретінін түсіндірді. Оның айтуынша, ер адамдардың көбі үйленгеннен кейінгі өмірін былай елестетеді: күйеуі үйге келгенде әдемі әйелі дастарханды жайнатып қояды, керемет бірінші, екінші тамақты тәттісімен бірге дайындап, оны күтіп алады, балалары таза, ауырмайды, жыламайды, үйі жиналған және ұйықтар алдында секс. 

"Біздің қоғамда айқын қалыптасқан стереотип бар, әйел - өзінен басқаның барлығына міндет. Әрине, барлығымыз күйеу, балаларымыз бен туған-туысқандарымыз үшін ең жақсы әйел болғымыз келеді, алайда соның қамын күйттеп жүргенде қалай тұрмыс-тіршілік жайлы ғана ойлайтын күтімсіз әйелге айналып кеткенімізді байқамай қаламыз", - дейді ол.

Келіншек отбасылық өмірі қалай басталғанын айтты.

"Жұбайым көп жұмыс істейтін, ал мен немен айналысқым келетінін түсіне алмай, өзімді іздедім, шағын бір бөлмелі пәтерде ата-енеммен тұрдық, жүкті кезімде күні бойы үйде сериал көріп жататынмын. Ал босанғаннан кейін айналада не болып жатқанын мүлде түсінбейсің, бар көңілің балада болады. Бірақ бұл ұзаққа созылмады. Сұлтанның бір айлығында өзімді баққан әжем қайтыс болды. Ол кезде болашақ ісім туралы жоспарым болған. Бұл қайғылы оқиға осы бастаманы сәтті игеріп кетуге септігін тигізді. Осылайша жұбайым екеуміз өсе бастағандықтан, жаңа қызығушылықтар мен достар пайда болды", - дейді Ажар.

Оның айтуынша, үйде бала қарап отырғанның жалғыз жақсы тұсы - сен баланың әр қадамын бақылап, оның қалай дамып жатқанын көресің және оған барынша көп көңіл бөлесің.

"Үй декорының міндетті элементі" - алғашқы отбасылық дағдарыс

Келіншек екінші баласы дүниеге келгеннен кейін отбасында үлкен дағдарыс болғанын айтты. 

"Алан туғаннан кейін жарты жыл балалармен үйден шыға алмадым, жұмыс істеген жоқпын, ешкіммен сөйлеспедім, бүкіл әлемнен шетеп қалдым. Күнделікті үйімді жинап, керемет кешкі ас дайындап қоятынмын. Алайда бір сәтті жіберіп алыппын, сөйлесетін ортақ әңгімесі де жоқ үй декорының міндетті элементіне айналып кеттім. Осы кезде алғашқы үлкен отбасылық дағдарыс басталды", - дейді ол. 

Осыдан кейін Ажар өзін қолға алып, балаларына күтуші жалдап, қайта өзімен айналыса бастағанын, әр ұсақ нәрсеге алаңдауды қойғанын айтады.

"Үлкен ұлым туғанда бір жарым жыл күйеуімнің ата-анасымен өмір сүрдік, ол кезде жұмыстарыммен шығып кету керек болса, балаларға қарайтын адам болатын. Ал бөлек көшкенде бірден бала күтуші іздедім, оны табу да оңай болған жоқ", - дейді келіншек. 

 "Әйел тек отбасыға берілуі тиіс" - Стереотиптен арылу жолы

Алматылық келіншек әйел тек отбасыға берілуі тиіс, ол өзінен басқа барлығына міндетті деген ұстанымнан қалай арылуға болатынын айтты.

"Қазіргі әйелдерге мұны өзгерту қиын болады, өйткені олардың тәрбиесі бөлек. Мысалы, менің құрдастарымның 50 пайызы басқаша ойлайды десе болады. Барлығы біздің балаларға берген тәрбиемізге байланысты. Ұлдарымыз бала кезінен болашақ әйелінің дара тұлға екенін, оның дамуы және жеке кеңісітігі болуы керегін білуі тиіс. Ал қыздарға өз-өзін тауып, қызығушылықтары мен отбасылық өмірін үйлестіре алу, үйге жайлы жадай жасап, болашақ жұбайына ақылмен қосылу керегін айтқан жөн", - дейді Ажар.

Келіншектің айтуынша, қыздардың көбіне стереотип шеңберінде өмір сүру ұнайды, себебі өзіне сол өмір жайлы.

"Әрине, барлығы көңілінен шықса, күйеуі жақсы көріп, ренжітпесе және басқа нәрселер керек болмаса, керемет. Ал қыздардың уақыт келді деп өзі сүймейтін адамға тұрмысқа шыққаны, жасым келді деп бала босанғаны, ұялмайтын адамдармен ғана сөйлескені, олай болмайды деп өзін қорғай алмағаны дұрыс емес. Ондай ойлардан бас тартыңыз, ең бастысы, қоршаған адамдардың емес, сіздің бақытты болғаныңыз, ол тіпті ата-ана пікірі болса да. Әйел бақытты болса, бүкіл отбасы бақытты", - дейді ол.

Жаңадан түскен келіндерге психологтан кеңес

Психолог Анаргүл Маулиқызының айтуынша, келін жаңа отбасында жаңа тәртіп, әдет-ғұрып, салт-дәстүр болатынын түсінуі керек.

"Қыз тұрмыс құрмай жатып жаңа отбасы оған бейімделеді, еркелетеді деп ойлағаны қате болып шығады, содан ол кетуге дайын болып тұрады. Жаңа отбасыға бейімделіп, тез арада сіңісу үшін жаңа түскен келін сол үйдің салт-дәстүрлерін үйренемін деп дайындалған жөн", - дейді ол.

Жас келін ешқашан тәжірбиелі ересек енесін өзгертіп, тәрбиелеуге құқы жоғын түсінуі керек, дейді маман. Яғни келіннің мүмкіндігінше шыдам танытып енесіне қарсы дөрекі сөйлемеуі, жарына анасын жамандамауы, қарсы сөйлемеуі енесіне ұнауға мүмкіндік сыйлайды.

"Ене жаман деген стереотип қалыптастырмай, менің енем өте жақсы, сүйікті жарымның анасы деп қабылдатуға өзін жаттықтыру да манызды. Ал ене болса жас келін түскен кезден міндеттері мен құқықтарын ашып айтып, тәртіпке салса, ол жадында сол мезетте сақтап қалады", - дейді психолог.

Анаргүл Маулиқызы әйел адамның жұмысқа шығу-шықпауына байланысты пікір білдірді.

"Жұмыс істеу әйел затына маңызды, себебі ана баласы тәрбие беру үшін адамдардан жинаған білімі болуы қажет. Адам адамға мұғалім. Әйел затына үнемі бір іспен айналысу манызды, себебі үй шаруасынан бөлек коршаган адамдармен тәжірибе алмасқан жаңа көзқарас тудырады", - дейді ол.

Психолог тұрмыс құру жасын да айтты. Оның айтуынша, саналы түрде отбасын құру болашақта өкінуге жол бермейтін бірден бір фактор.

"Қызға 21-24 жас, жігітке 22-25 жас отбасын құрғанға сәтті саналады. Себебі осы жаста әйел заты оқу бітіріп өзін дамытуға мүмкіндік болады және ер адам үшін жұмысқа орналасқан, ақыл ойы жетілген, саналы жаста болады", - деп қорытыдылады маман.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети