13 марта 2020 | 17:35

"Көшеге шыққандарға айыппұл салып жатыр". Италияда тұратын қазақ қызы елдегі коронавирус туралы

© instagram.com/nuristann_mi

Италия COVID-19 жұқтыру бойынша Қытайдан кейін екінші орында. Соңғы мәлімет бойынша, елде барлығы 1016 адам қайтыс болып, вирусты жұқтырғандардың саны 15 мыңнан асқан. Нұрбақыт Шаймағанбетованың Миланда тұрып жатқанына 5 жыл болған. Италияға магистратура бағдарламасы бойынша оқуға түскен ол сол елде fashion индустрия саласында жұмыс істейді. Оның айтуынша, италиялықтардың коронавирусқа байланысты үрейленіп жүргеніне бір айдай болған. Tengrinews.kz тілшісі Миланда тұрып жатқан отандасымыздан коронавирусқа байланысты елдегі ахуалды сұрады.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Италия COVID-19 жұқтыру бойынша Қытайдан кейін екінші орында. Соңғы мәлімет бойынша, елде барлығы 1016 адам қайтыс болып, вирусты жұқтырғандардың саны 15 мыңнан асқан. Нұрбақыт Шаймағанбетованың Миланда тұрып жатқанына 5 жыл болған. Италияға магистратура бағдарламасы бойынша оқуға түскен ол сол елде fashion индустрия саласында жұмыс істейді. Оның айтуынша, италиялықтардың коронавирусқа байланысты үрейленіп жүргеніне бір айдай болған. Tengrinews.kz тілшісі Миланда тұрып жатқан отандасымыздан коронавирусқа байланысты елдегі ахуалды сұрады.

Сыртта жүрген тұрғындарға айыппұл салынады

Реклама
Реклама

Нұрбақыт Шаймағанбетова Қостанай өңірінің тумасы. Оның айтуынша, алғашында Италияға коронавирус қалай келгені туралы түрлі нұсқа болған. 

"Алдымен екі қытайлық турист келіп, Италияның жартысына коронавирус жұқтырғаны туралы, сосын Қытайдан келген неміс азаматы жұқтырды деген ақпарат айтылды. Күн сайын түрлі нұсқа айтылады. Бірақ, меніңше, алғашқы 1-2 аптада италиялықтар елде вирус тарап жатқаны туралы ақпаратқа сене қоймады. Италиялықтар достарымен кездесіп, әңгімелескенді жақсы көреді. Үйде көп отырмайды, үнемі барларға барып, мейрамханадан тамақтанғанды ұнатады. Сондықтан олардың бір-бірімен жиі кездесуі вирустың тез арада тарауына әкеп соққан шығар", - дейді Нұрбақыт. 


© instagram.com/nuristann_mi

Кейіпкеріміздің айтуынша, жергілікті билік алдымен 8, сосын 14 провинцияны, артынша бүкіл Италияны оқшаулаған. Қазір елде қауіпсіздіктің "қызыл" деңгейі жарияланған.

"Жергілікті билік тұрғындарға көбіне үйде отырған жөн дейді. Дәріхана мен супермаркеттен бөлек жерге шықсаң, полиция жасағы 200 еуро айыппұл сала алады. Тіпті жағдайға байланысты 3 айға түрмеге қамауы мүмкін. Жай ғана барда отырып, кофе ішкен не паркте қыдырып жүрген 150-ге жуық адамға айыппұл салды деп естігенмін. Бірақ полицейлер осылайша ақша тапқысы келген деген әңгімелер де айтылды. Себебі сыртта үй жануарларымен қыдырып жүрген адамдарға да айыппұл салған. Кішкене шектен шығып та жатқан секілді", - дейді кейіпкеріміз. 

Сонымен қатар, елдің Ішкі істер министрлігі сыртқа шыққанда толтыруға арналған арнайы модульдегі құжатты жасаған. Яғни, тұрғындар көшеге шығатын кезде жеке құжатпен бірге, сол парақшаны толтырып, алып жүруі керек. 

Кезекте адамдар бір-бірінен 1 метр алшақ тұруы керек

Миландағы қоғамдық көліктер бұрынғы режим бойынша жұмыс істеп жатыр екен. Алайда ондағы адамдар саны бұрынғыдан азырақ көрінеді. 

"Метрода барлығы 2-3 адам ғана отырады. Сонымен қатар, адамдар арақашықтықты сақтап жүруі керек. Кеше ғана досыммен кофе ішуге барғанда бармен бізден 1 метр ары тұруымызды сұрады. Бізден кейін тұрған адамдардың тапсырысын бармен қабылдамай, клиенттердің күте тұруын немесе сыртқа шыға тұруын сұрады. Тіпті супермаркеттердегі ұзын-сонар кезекте адамдар бір-бірінен алшақ тұрады. Мұндағы дәріханаларда да медициналық маска мен дезинфекцияға арналған құралдар жоқ. Бірақ ең басты шарт - кезекте тұрсаң, қасыңдағы адамнан 1 метр алыс тұруың керек", - дейді Нұрбақыт. 

Италиядағы кинотеатрлар мен сауда орталықтары шамамен екі апта бұрын жабылған екен. Көшеде адам аз жүреді.

"Себебі халық сыртқа шығуға, адамдармен араласуға не амандасуға қорқады. Бұл жерде адами фактор ғой: халықта дүрбелең басталған. Егер сан бойынша айтатын болсақ, аса қорқынышты жағдай емес. Коронавирус туралы ақпарат көп, тіпті теледидар көріп отырғанда арнайы ескерту видеолар көп. Жалпы вирус туралы ақпараттың көптігі қорқыныш тудырады", - дейді италиялық тұрғын.


© instagram.com/nuristann_mi

Нұрбақыттың айтуынша, елдегі футбол матчтері де көрерменсіз өткен. Көрермендерді кіргізбей, тек ойыншылардың өзі болған. Көптеген жанкүйер шағымданғанымен, ақыры ойын көрерменсіз өткен. 

Италия ауруханаларындағы жағдай туралы

Италиядағы коронавирустың тез тарауы елдегі медицина қызметкерлеріне ауыр тиіп жатқан көрінеді. Тіпті ауруханаларда орын аз екен. 

"Дәрігерлер ауруханаларда орын қалмағанын айтады. Операция, жан сақтау бөлімдерінің барлығында адам толы. Меніңше, Италияның Денсаулық сақтау министрлігі мұндай эпидемия болады деп күтпеді. Тіпті қызметкерлер жетіспейтін жағдай болып отыр. Сондықтан зейнетке шыққан дәрігерлерді қайта шақырып, оқу орындарындағы соңғы курс студенттерін жұмысқа тартуға тура келген", - дейді Нұрбақыт. 

Ауруханаға келетін адам санының көп болғаны соншалық, құтқару мүмкін емес адамдарды дәрігерлер қараусыз қалдыруға мәжбүр екен. 

"Дәрігерлер бәрін бірден емдеуге мүмкіндік жоқ екенін түсінеді. Қазір олар кімді құтқара алады, кімді аман алып қалу мүмкін емес екенін біледі. Жағдайдың қиын болғаны соншалық денсаулығы нашарлап кеткен адамдар қараусыз қалып жатады", - дейді кейіпкеріміз. 


© instagram.com/nuristann_mi

Италиялықтар жаппай азық-түлік сатып алып жатыр

Италияда азық-түлік сатып алудағы дүрбелең елде вирус пайда болғаны туралы ақпарат тарағаннан 1 аптадан кейін басталған. 

"Үкіметтің барлығы жабылып, тек супермаркет пен дәріхана ашық болатыны туралы қаулысы шыққан соң тағы бір дүрбелең кезеңі басталды. Тұрғындар жаппай азық-түлік, күнделікті өмірге қажет тауарларды сатып алып жатты. Адамдар дүкеннен екі-үш арбамен, көліктеріне азық-түлік толтырып кетеді. Себебі мұның бәрі қашан бітетінін ешкім білмейді. WhatsApp-та дәрігерлер цитрус өнімдері коронавирусқа қарсы әсер ететінін айтқан соң адамдар С дәрумені бар лимон, апельсин, мандарин және кивиді көптеп алып жатыр", - дейді кейіпкеріміз. 

Нұрбақыттың отбасы Қазақстанда тұрады. Соңғы оқиғаларға байланысты оны туыстары елге қайтуы керегін айтып, жиі хабарласады екен. Алайда ол жұмысына байланысты елге қайта алмаған. Әзірге Қазақстанға қайту жоспарда жоқ дейді. 

"Алғашында күндегідей кеңсеге барып істеп жүрдім. Сол үшін "мені туыстарым шақырып жатыр" деп кетіп қала алмадым. Ол біріншіден. Екіншіден, былайша айтқанда қиын жағдай болғанның өзінде мен Италиядағы медицина Қазақстанға қарағанда дамығандық деп ойлаймын. Сондықтан жергілікті денсаулық сақтау жүйесіне көбірек сенемін. Қазақстанға әзірге қайтпауымның негізгі себебі осы. Өз басым аса қорықпаймын. Мұндай жағдайда қалай әрекет етеріңді де білмейсің. Бірақ барлығына сабырмен қараймын. Қауіпсіздік шараларын жасап, сыртқа шыққанда қолғап киіп, адамдармен жақын араласпауға тырысамын", - дейді кейіпкеріміз. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram