РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
14 мая 2019 | 13:09

Көшеде шар сататын жігіттің пәлсапасы

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Гелий үрленген шарлар 280 теңге, түрлі-түстісі бар. Брат, аласың ба?". Кептелісте көлікте ойларға шомып кеткен сәтімде осы дауыс селк еткізді. Діттеген жеріме аз қалғандықтан, көліктен түсіп, қызыма шар сатып ала салуды ұйғардым. Қуанып қалатын болды...


"Гелий үрленген шарлар 280 теңге, түрлі-түстісі бар. Брат, аласың ба?". Кептелісте көлікте ойларға шомып кеткен сәтімде осы дауыс селк еткізді. Діттеген жеріме аз қалғандықтан, көліктен түсіп, қызыма шар сатып ала салуды ұйғардым. Қуанып қалатын болды...

- Мейрам күндері көбірек ақша табуға мүмкіндік болады. Туған күндерге жиі алып кетеді.
- Бұл жабайы бизнес түрі заңды ма? Еркін сатып жүргендеріңізге полицейлер ештеңе демей ме?
- Көзге түспеуге тырысамыз ғой. Жетісіп жүрген ешкім жоқ.

Түн ауа шар сатып, әлденеге асығып жүрген жігітпен азын-аулақ әңгімеміз осылай басталды. Шарын өткізуге асыққан ол менің бірден төрт шар сұрағаныма таңғалғандай болды. "Шар сатып, байып кетуге бола ма?", "Бұл көнкөріс түріне қалай келдің?", "Халық арасында сендерді есірткі сатып жүреді деген әңгіме бар, сол рас па?" деп сұрақтарымды жаудырып жатырмын. Шарын бөліп, маған бесеуін таңдап беріп жатқан ол соңғы сұрағымды естіп жалт қарады: 

"Қой, ондай жаласын басқа біреуге жапсын. Еріккеннен жүргенім жоқ. Бизнес дейсің бе? Мұны бизнес емес, күнкөрістің амалы дер едім. Сенің тіліңмен айтқанда, мұндай бизнеске келуіме әлдене себеп немесе түрткі болды деп айта алмаймын. Бұрыннан бері өзіме адамдарды қуантқан, қандай да бір орындарды әдемілеген ұнайтын. Әлеуметтік желілерден осындай әдемі шарларды көріп жүрдім де, неге шармен айналыспасқа деп ойладым.

Мына Тілендиевтің бойында жүріп, бар өмірім өтіп кететіндей көрінеді. Шаршағаннан шығар. Кешке үйге барғанда талып түсемін. Жұрт бізді шар ұстап, қыдырып жүреді деп ойлайтын шығар. Бірақ қай жұмыста да өзінің қиындықтары мен кедергілері болады ғой. Бұл жұмыста тіпті көп дер едім. Шарды қайдан және кімнен алатынымды сұрама, мен айтпайын. 

Бастысы ешкімнің ала жібін аттап жүргенім жоқ

Бастысы жұртты тонап, алдап, ала жібін аттап жүргенім жоқ. Қулығым болса, шарға ауа қосылған гелийді үрлеумен ғана шектеледі. Өзге сатушылардан асырып, бағаны аспандатпаймын да, шар деген көңіл ғой, бала үшін бұл бөлек бір мейрам. Көңіл-күй сыйлап, өмірімді позитивпен өткізсем деймін. Білесің бе, бұл өмір өз ниетіңе байланысты екен. Үнемі түнеріп, әлдеқандай бір әділетсіздікті көріп, оған бола жан ұшыра айғайлап, тартысып жүрсең, сол бәлелер өзіңе жабысқақ болып алады.

Сондықтан, кредитімді, бала-шағамды, мәз емес жағдайымды ойламай, өзімді бір мультфильм кейіпкері деп сезінуді шығардым. Көңілді болсаң, амандық сұрасып, үнемі әзіл айтып жүрсең, бір қызығы, сатып алушылар да көбейіп шыға келеді.

Сосын ол күстенген қолын көрсетпеуге тырысқандай болып, шар жолақтарын түйіншек қылып ораған күйі қалтасына қарай жақындатты. Көп тұрып қалғанын сезіп, менің қолымдағы бес шарға қарады да, енді өзім жайлы сұрастыра бастады. 

- Сен не жазбақсың? Журналиссің бе?
- Жазамын ба, жазбаймын ба, белгісіз. Сіздің әңгімеңізге қарай көрерміз.
- Бір күнде атақты қылып жіберіп, жұрттың бәрі менен шар алуға жиналса ғана әңгімемді айтамын.

Мырс етіп күлгендей. Бір жағынан менен сескеніп тұрған сияқты. Сол сәтте өзімді бір ҰҚК агенті сезінгенім де өтірік емес.

Әйелімді бүгін таңда перзентханаға апардым. Түнімен ыңырсып шықты. Апарайын десем, "тумаймын" деп қоймады. Ақыры таң әлетімен апаруға тура келді. Амандығын берсе, төртіншісі болады. Үш балам үйде, үлкені қалған екеуіне қарап отыр. Шаңырақта тұрамыз...

Сосын есіне әлдене түсіп кеткендей болып...

- Осы сендер неге Рысқұловтан массагетке (халық даңғылмен батысқа қарай беттегенде Петров көшесіне жетпей Шаңырақ 1 ықшамауданына кіретін жолды осылай атайды) кіретін жердің проблемасын жазбайсыңдар? Өмірі осында кептеліс болып жатады, Петровың анау, даңғылдың бойында сонша секунд жанатын бағдаршам орнатқаны несі.
- Петров көшесімен қиылыста жерүсті жол салып жатыр ғой
- Ол бітем дегенше... Бүкіл өміріміз өтіп кететін болды

Әңгімеміз тағы жалғаспай қалды. Әйелі таңнан әлі толғатып, өмірге жаңа адам әкелер тұста, өзін қоярға жер таппай тірлікпен айналысқаны да деп түсіндім. Ал осы кезде мен оның мазасын алып. Қайтсем де, әңгімелесейін деп ұйғардым. Сұрақтарымды қойып, айта түсіңіз десем де, көп сөзге жоқпын дейді. Сосын әдепсіздеу сұрақ қойдым білем. 

Ел қатарлы кредитім бар

Не айтамын, ел қатарлы кредит бар, бала-шаға, бірінің балабақшасына, бірінің мектебіне, бірінің енді міне, туғанына ақша керек. Тағы кредит алып, көлік алғанша, шар сатып, ақша тапқан дұрыс деген ойға келдім.

Бастысы біз басқа саудагерлермен территория үшін жандалдаспаймыз. Әрқайсымыз шарымызды әрқалай сәндеп, әрлеп келуге тырысамыз, қайсымыздың шарымыз әдемі болса, соны клиенттер сатып алады. Бірақ бағамызды бір-бірімізден асырмауға тырысамыз, кейде тіпті түнге дейін көшеде тұрып, бағаны қалай реттейміз деп әбден талқылап аламыз. Бағасын шарықтатуға да болмайды, әйтпесе клиенттің көзі атыздай болып, газды басады да жүріп кетеді. 

Табысым сонша көп емес, бірақ шағымым жоқ

Ең қарапайым деген шар 280 теңге, бірақ көбі үлкенін, суреті барын, тіпті жанып тұратынын алғысы келеді. Оларды мың, екі мың, екі жарым мың теңгеге сатамыз. Туған күнге, баласына, мерекеге асыққандар арнайы дүкенге бармай-ақ, бізден ала салады. Күнделікті қолға түсетін табысым 6-7 мың теңге. Бұл шарға кеткен шығынсыз айтқандағы табыс. 

Ал мереке күндері тіпті 20 мың теңгеге дейін тауып, шарым таусылып қалған кездер де болған. Үйге барып, қайтадан әкеліп сатып жүретін де кездер болады. Әйтеуір, ешкімге зиянымызды тигізбей жүрсек болды емес пе. Әйтеуір, бала-шағаңа, анда-санда баратын бір тойыңа ақшаң болады. Табысым сонша көп емес, бірақ шағымым да жоқ.

Таяуда интернетке көшемін

Енді интернетте шар сатуға қызығып жүрмін. Әзірше түрлі кеңестер мен видеоларды қараймын. Бірақ көбі жарнама. Бағасын аспандатпай, сапасын жақсы қылсаң, бір клиент өмір бойында тапсырыс беріп жүретіндей бизнес болса деймін. Білесің бе, шар бизнесі де тамақ бизнесі сияқты, "Нан болса, ән де болады" дегендей. Жұрттың қарны тоқ болса, шар көп өтеді. Көңіл үшін. Сондықтан дөңгелетіп әкетуге болатын бизнес деп ойлаймын. 

Интернетке көшкім келетін тағы бір себеп - клиенттермен тікелей қарым-қатынаста емес, онлайн хабарласуға болады. Көпшілік алдында қысылатын әдем бар. Тіпті екі адам келіп, маған қарап, шар туралы сұрай бастағанда, оларды бір алдап соғатындай болып, қобалжимын. Сол үшін интернетте отырып, сата берген жақсы ғой. Әсіресе "ВКонтактеде" топ ашып алсам.

- Қой, мен кетейін, мына шардың бәрін сатып үлгеруім керек.
- Екі мың теңгеңізді ұстатайын, шарыңыз керек емес.
- Ұят қой. Брат, басқа не айтамын, осылай өмір сүріп жатырмыз. Сөйтіп, жаза салсаңшы.

Ақшамды алмай кетті. Асығып жүргендегісі ақша үшін бе деп едім. Олай емес. Асығып жүргендегісі жарының перзентханада толғатып жатқанында, өзі бір сәтке де байыз таппай, күтумен өтетін өліара кезеңді өлтіруі екен. Осы сәтінде мен де жағаласа кетпейін деп, қош айтысып, қала қойдым. Ол болса, тротуарға түсті де, көшенің басына қарай қайтадан айналып келу үшін кетіп барады. Тез арада суретке түсіріп алайын деп ойладым. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети