Ерлі-зайыпты БаҺадүр мен Гүлденнің Оңтүстік Кореяда тұрып жатқанына 2 жыл болып қалды. БаҺадүр инженер болып жұмыс істесе, Гүлден кондиционер шығаратын зауытта жұмыс істейді. Олардың Кореяға уақытша көшуінің себебі өздеріне қажет ақшаны жинап, елге оралу екен. Қазақ отбасы Tengrinews.kz тілшісіне Кореядағы өмірі жайлы, ондағы мүмкіндіктер мен жергілікті тұрғындар туралы айтып берді.
Ерлі-зайыпты БаҺадүр мен Гүлденнің Оңтүстік Кореяда тұрып жатқанына 2 жыл болып қалды. БаҺадүр инженер болып жұмыс істесе, Гүлден кондиционер шығаратын зауытта жұмыс істейді. Олардың Кореяға уақытша көшуінің себебі өздеріне қажет ақшаны жинап, елге оралу екен. Қазақ отбасы Tengrinews.kz тілшісіне Кореядағы өмірі жайлы, ондағы мүмкіндіктер мен жергілікті тұрғындар туралы айтып берді.
БаҺадүр 30 жаста, Тараз тумасы, ал Гүлден жасы 29-да, Қарағанды тумасы екен. 4 жасар қызы бар, есімі - Айлин. Бірақ ол ата-апасымен Қазақстанда қалған дейді.
Ерлі-зайыпты Кореяға кету алдында бірнеше елді қарастырғанын айтады, бірақ соңында Кореяны таңдаған.
"Бірнеше елді қарастырдық. Содан Корея деп шештік. Қауіпсіздік біз үшін бірінші орында. Мұнда жалақының өте жоғары болуы және елдің Қазақстанға жақын орналасуы, сондай-ақ, қызмет көрсету деңгейі жоғары болғандықтан осы елді таңдадық. Кореяда өмір пали-пали режимінде өтеді. Яғни барлығы тез-тез қимылдайды деген сөз. Тамақ ішсе де, жүрсе де барлығы өте тез. Меніңше, осындай режимнің арқасында елдің экономикасы қарқынды дамып жатыр", - дейді Гүлден.
Гүлденнің айтуынша, олар орташа есеппен айына 4000-5000 доллар табады.
"Жалақымыз 5000 долларға дейін жетеді. Сонда күніне 80-120 доллар ақша табамыз. Мұнда жұмыстың барлығы сағатқа байланысты төленеді. Дегенмен мұнда барлығы өте қымбат. Үй де қымбат, үйге төленетін ақы да қымбат, телефон, интернет, тамақ барлығы қымбат", - дейді Гүлден.
Оның айтуынша, Кореяның тағы бір артықшылығы мұнда барлық жерде бәсекелестік бар. Саудада болсын, адами тұрғыдан, білім беруден, қызмет көрсетуден болсын - қай жағынан болсын бәсекелестік бар дейді.
"Ең қызығы мұнда жергілікті әйелдер балаларына білім беру үшін жұмысын тастайды. Барлық уақытын баласына арнайды. Кешке дейін баланың білімін арттыру үшін қосымша сабақтар мен үйірмелерге беріп, көп ақша жұмсайды. Сондай-ақ, бұл елдің шенеуніктеріне шетелден білім алуға тыйым салынған, еш жағдайда бала шетелде оқи алмайды", - дейді ол.
Бұдан бөлек, қазақ отбасы коронавирусқа байланысты елдегі қазіргі жағдайды айтып берді. Гүлденнің айтуынша, қазіргі уақытта елде халық көп шоғырланатын қоғамдық жерлердің барлығы жабылған.
"Телефонымызға күніне 5-6 рет хабарлама келеді. Қай жерде қандай аурухана бар, қанша адам жұқтырғаны туралы хабарлама келеді. Жұмыста күнде таңертең жиналыс өткізеді. Бірақ шынымды айтсам менде ондай бір қорқыныш жоқ. Алла сақтасын, жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Жолдасым екеуміз осында қаламыз деп шештік. Жұқтырып қалсақ та, осы Кореяда емделгеніміз дұрыс. Қазақстанға барып емделуің қажеті жоқ деп ойлаймын. Тәуекелге барғымыз келмейді", - дейді шетелдегі қазақ.
Оның айтуынша, елде азық-түлік өнімдерінің тапшылығы жоқ. Коронавирус тарала бастаған сәттен бастап тек тұнбаларға, түрлі шөптерге, дәрумендерге сұраныс артты дейді.
Ерлі-зайыпты енді Қазақстанда қажет ақшаны жинап болған соң ғана ораламыз дейді.
"Елге міндетті түрде ораламыз. Қазір біздің басты мақсатымыз - аз уақыт көлемінде жақсы ақша жинап алу. Керек ақшаны жинасақ, бірнеше бизнес жоспарымыз бар, соларды іске асырып, елге қайтамыз. Шынымды айтсам, қазір де қайтуға дайынмын. Себебі қызымды қатты сағындым. Баланы қалдырып кетіп, осылай шетелде жұмыс істеу оңай емес. Бірақ болашағымыз үшін, балаларымыздың болашағы үшін осылай істеуге тура келді", - дейді Гүлден.