Қазақстандық студент Гүлнұр - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің төртінші курс студенті, жасы 21-де. Жапонияға былтыр қарашада академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға аттанған. Бүгінде Сайтама қаласында қашықтан оқып жатыр. Гүлнұр елде жүргеніне аз уақыт болғанына қарамастан жапондардың дәстүрі, мәдениеті мен менталитетімен етене танысып үлгерген. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Жапониядағы өмірдің ерекшелігі туралы айтып берді.
Қазақстандық студент Гүлнұр - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің төртінші курс студенті, жасы 21-де. Жапонияға былтыр қарашада академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға аттанған. Бүгінде Сайтама қаласында қашықтан оқып жатыр. Гүлнұр елде жүргеніне аз уақыт болғанына қарамастан жапондардың дәстүрі, мәдениеті мен менталитетімен етене танысып үлгерген. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Жапониядағы өмірдің ерекшелігі туралы айтып берді.
Жапония - қауіпсіз ел
Гүлнұр шығыстану, жапон тілі бойынша білім алып жатыр. Ол төрт жыл бойы жапон тарихын, тілін меңгергенін, бірақ елді өз көзіңмен көріп, мәдениетімен танысу басқа екенін айтады.
"Бастапқы уақытта Жапониядағы өмірім оңай, жеңіл, тез өтті. Жапонияда қысқы және жазғы демалыс уақыттары өзгеше. Сөйтіп ақпан, наурыз айлары демалыс болды. Демалыстан кейін қиын болды. Себебі менің бір топта оқитын достарым коронавирус салдарынан келе алмады. Қазір елде мүлде жалғызбын деп айта алмаймын. Себебі мұнда қазақтар да, жапондар да бар. Мамандығым - шығыстану, жапон тілі. Төрт жыл Жапон тарихын, тілін меңгердім. Бірақ келіп, жапон қоғамын көзбен көру басқа сезім", - дейді ол.
Ол Жапониядағы өмірдің бірінші ерекшелігі - қауіпсіздік екенін айтады.
"Алты айда түйгенім, біріншіден, жапондар - адал халық, бәрін шынайы айтады, адамның көңілін ойлап, ауыр сөйлемейді. Жалпы елде өмір сүру қауіпсіз. Мысалы Қазақстанда 22.00-ден кейін шығуға қорқатынмын. Ал Жапонияда еш қорқынышсыз шығып кете беремін. Себебі ешкімнің сенде шаруасы жоқ, ешкім тиіспейді де.
Одан бөлек,тағы бір мысал. Егер жеткізу қызметі арқылы косметика алдым делік. Қызметкер келгенде үйде болмасаңыз, ол сізге хабарласып, тауарды есік алдына қалдырып кеткенін ескертеді. Мұндай жағдайда тауарды ешкім алып кетпейді, қалай бар, солай тұрады. Сонымен қатар, көшеде велосипед теуіп келе жатырсыз делік. Бір кезде шөлдеп дүкенге кірмек боласыз. Велосипедіңізді құлыптамай-ақ дүкенге кіре бересіз. Себебі ешкім сіздің екі аяқты көлігіңізге тиіспейді. Бастапқыда қатты таңғалдым. Өзіме "осындай қоғамға жету үшін адамдарды қалай тәрбиелеу керек?" деген сұрақ та қойдым", - дейді Гүлнұр.
Фото: instagram.com/alacorda
Өмір сүруге өте ыңғайлы елдердің бірі
Гүлнұр Жапония жергілікті тұрғындардың өмір сүруі үшін өте қолайлы ел екенін айтады.
"Мысалы мұнда 24/7 режимі бойынша жұмыс істейтін дүкендер бар. Яғни ол комбини дүкендер деп аталады: ішінде ыстық су, жылы су, көшірме жасау орны, бенто яғни дайын тамақтар бар, жарық/суды төлеуге болады. Бір қызығы бентоны үйге әкелмей-ақ сол комбини дүкеннің ішінде жеп алуға болады, себебі оның ішінде қысқатолқынды пештері де бар. Жалпы комбини дүкендердің ішінде ұсақ-түйектен бастап бәрі бар", - дейді ол.
Фото: instagram.com/alacorda
Жергілікті дүкендерде келушілерге деген құрмет жоғары.
"Негізі Жапонияда клиенттерге құдай секілді қарайды. Себебі клиенттерге жағымды әсер қалдыру маңызды. Сондықтан қызмет көрсету деңгейі жоғары. Жапонияда шетелдіктерді ұнатпайды деген ой қалыптасқан. Бірақ қызмет көрсетуге келгенде сен шетелдік болсаң да құрмет көрсетеді. Елде интернет-кафелер де көп. Бірде мен үш сағатқа 1200 йен (шамамен 4700 теңге) төледім. Оның ішіне, жуыну бөлмесі, сусындар, компьютер, интернет кіреді", - дейді Гүлнұр.
Жапонияның тағы бір ыңғайлы тұсы - автобустарда телефон қуаттағыштар бар.
"Пойыз, метролар үнемі уақытылы келеді. Егер кешігетін болса арнайы қосымшаларда "1 минутқа кешігеді" деп ескертеді. Метро не пойыз мысалы 10 минутқа кешігетін болса, тұрғындар сәйкесінше жұмысқа кешігеді. Бұл жағдайда тұрғындар метроға кірер алдында оның кешігетіні туралы қағазды алдын ала алып, басшылыққа метро кешіккені туралы құжатты көрсетеді. Ал далада аяқ астынан жаңбыр жауып кетсе, қолшатыр сататын арнайы аппараттар бар", - дейді қазақстандық студент.
Фото: instagram.com/alacorda
Жапонияда ерекше зат бар: күн суып кеткенде не қыс мезгілінде аяққа ұлтарақ секілді салып қоятын не қолға ұстап алатын жылытқыш зат екен.
"Бірде кинотеатрдан шығып келе жатқанымызда күн суып кетті. Шығып келе жатқанда адамдар бізді күтіп алып, сол затты бізге мұздап қалмай, жылынып алсын деп берді", - дейді ол.
Жапондар жасы болсын, кәрісі болсын өте мейірімді.
"Олардың жанында жүргенде қазақтармен жүргендей боламын. Себебі жапондарда да тамақ қалып қойса, үйге алып кетеді (сарқыт секілді - еск.). Мұғалімдер де мейірімді. Егер бірнәрсе түсінбей қалсам, маған артық уақытын қуана бөліседі. Бәріне түсіністікпен қарайды. Негізі жапондардың ортасына шетелдіктің сіңіп кетуі қиын. Олардың қоғамын, менталитетін түсіну керексің. Мен дәл жапондар сияқты болып кету керексің демеймін. Бастысы - жапондардың мәдениетін түсініп, сыйлап, бұл олардың ерекшелігі ретінде қарау керек", - деп түсіндірді Гүлнұр.
Фото: instagram.com/alacorda
"Жапон қоғамы жұмыс істеп тұрған үлкен техника секілді"
"Жалпы жапон қоғамын жұмыс істеп тұрған үлкен техника ретінде көремін. Себебі белгілі бір нәрсеге атсалысып жүреді, бәрі бір ережеге бағынады. Адамдар өзін ғана ойламайды. Олар елін, басқаларды да, баласының ертеңгі болашағын ойлайды. Елде арнайы ережелер бар. Тіпті бастапқыда "мен шетелдікпін, жергілікті ережелерді білмей қаламын ғой" деп қорықтым. Бірақ уақыт өте келе бәріне үйрендім", - дейді кейіпкеріміз.
Мейрамханадағы ереже
Жапондар келген адамға "сарқыт" ұстатып жіберетінімен, мейрамханада арнайы ереже бар екен.
"Жапонияда жақсы жұмыс істеп, өзіңді жақсы қырдан көрсете алсаң, жалақың да жоғары болады. Жалпы демалу үшін барлық жағдай жасалған. Тамақтың сапасы да жақсы. Себебі бәрі тексерістен өтеді. Тағы бір қызық нәрсе, мейрамханаларда тамақтанып отырып, қалған тамақты үйге алып кетуге болмайды. Біріншіден, менталитет сондай. Екіншіден, мейрамхана иелері үйге алып кеткен тамақ бұзылып, қонақтың денсаулығына зиян келетініне алаңдайды. Сонымен қатар, елде ыстық тамақты ыстық күйде жеу керек деген ереже бар", - дейді Гүлнұр.
Дөрекі адамдар да бар
Қазақстандық студенттің сөзінше, жапондардың басым көпшілігі мейірімді болғанымен, ішінде шетелдіктерге дөрекі қарайтындары да болады екен.
"Айтып өткенімдей жапондардың ортасына шетелдіктің сіңіп кетуі қиын. Бірақ дегенмен де оларда басқа адамға деген іштей жылулық болады. Тұрғындар өте ұжымшыл. Елде 126 миллионнан аса халық бар. Оның ішінде әртүрлі адам бар дегендей. Жапондардың ішінде де шетелдіктерге дөрекілеу қарайтыны бар. Бірде аялдамада жергілікті тұрғыннан бірнәрсе сұрағанда дөрекілеу жауап бергені бар. Жапондардың бәрі сондай демеймін, бірақ арасында бар. Бірақ кейбір шетелдіктер жапон менталитетін түсініп қарағысы келмейді немесе білместікпен бірнәрсені дұрыс жасамайды. Жапондар шетелдіктердің кейде сол жағын ұнатпайды", - дейді Гүлнұр.
Дегенмен, Гүлнұр жапондар өте сезімтал, ерекше халық екенін айтады.
"Шетелдік ретінде елде өмір сүргенде, иә, өзіндік қиындығы бар, дискриминация да сезіліп қалады. Бірақ мен бәрібір де жапон қоғамынжақсы көремін. Жапонияға қызығатын адамдар келіп, бәрін өз көзімен көруі керек деп ойлаймын. Жапондардың мәдениетін түсіне білу керек. Тіпті мен елге келген бағдарламаның бір тармағында "жапон мәдениетін, менталитетін түсіну керексіз" деп жазылған екен", - дейді қазақстандық студент.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!