РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
25 июня 2019 | 16:36

"Кейбірі өксік қысып, жылай алмай отырды" - Арыстан қашқан жұртты тасыған жүргізуші

ПОДЕЛИТЬСЯ

Арыста болған бірнеше жарылыс салдарынан қала тұрғындары жаппай қашып, басқа елді мекендерге бет алған. Кейбірінде автокөлік болғанымен, қалғандары арнайы көмек күтпей, жаяу қашқан. Осы тұста көптеген көлік жүргізушісі жаяу тұрғындарды тасымалдаумен айналысқан болатын. Солардың бірі - Дәурен Айманбет. Ол Тengrinews.kz тілшісіне арыстықтарды қалай тасығанын айтып берді.


Арыста болған бірнеше жарылыс салдарынан қала тұрғындары жаппай қашып, басқа елді мекендерге бет алған. Кейбірінде автокөлік болғанымен, қалғандары арнайы көмек күтпей, жаяу қашқан. Осы тұста көптеген көлік жүргізушісі жаяу тұрғындарды тасымалдаумен айналысқан болатын. Солардың бірі - Дәурен Айманбет. Ол Тengrinews.kz тілшісіне арыстықтарды қалай тасығанын айтып берді.

"Балаларымды бір күн бұрын Арысқа апарып тастағанмын"

Жарылыс басталған кезде Дәурен Айманбет Шымкентте болған екен.

"Арыста қайын жұртым тұрады, жазғы каникул болған соң бір күн бұрын бала-шағамды сонда апарып тастағанмын. Әйелім де Арыста қалды. Содан ертеңіне таңғы 9:30-да әйелім хабарласып, "Жарылыс болып жатыр" деді. Сол күні демалысым болатын, содан ұйқылы-ояу тұра сала, машинама жүгіріп келдім де, зуылдап жүріп кеттім. Көшеде кетіп бара жатқанымда өртсөндіруші көліктер лек-легімен ағып жатты. Көшеде барлығы асыққан көліктер. Мен де жылдамдықты асырдым. Сол күні көп көлік бағдаршамның қызыл түсінен өтіп, радарларға түскен сыңайлы. Содан Бадамға дейін зуылдап жеттім. Қарасам, Арыс жақтан келетін жол көліктерге толы. Ал бара жатқан жағында мен секілді асыққан көліктер. Бәрі де туыстарын, жақындарын құтқаруға бара жатқан шығар. Баданнан асқаннан кейін Арыс жақтағы ақ түтін қызыл түске бояла бастады", - деп еске алды ол.


Арыстағы жарылыстан соң

Айтуынша, ол жол бойы әйелімен сөйлесіп барыпты. Бір кезде жары "Арысқа келме" деп хабарласқан екен.

"Олар бір кезде келме деді. "Біз балаларды алып, қырдың басына шығып кеттік. Теміржол бойымен жаяу келе жатырмыз" деп айтты. Жолда Ақпан дейтін бекет бар, сол жақтан алып кетемін дедім. Содан сәлден соң қайта хабарласты. Бұл жолы анам екен. "Жақындама, Бөген су қоймасын ашайын деп жатыр екен, су шайып кетеді" деп қорқытты. Әйелім де келме деп, қайта-қайта хабарласады, бірақ мен бара бердім. Оларсыз қалай қайтамын. Спидометрге қарамай, жүйтки бердім", - дейді Дәурен.

"Қалаға бос қайтқаным жөн болмас дедім"

Сөйтіп, ол Арысқа жете бергенде кептеліске тап болған екен. Әрі қарай жүру мүмкін болмапты.

"Амал жоқ артқа қарай қайтуға тура келді. Қалаға бос қайтқаным жөн болмас дедім. Шұбырған халықтың қарасы көп. Көбі жаяу ағылып жатыр. Кәрі-жас деп таңдағаным жоқ. Бірақ балалары бар адамдарды іздеп, ақырын жүрдім. Десе де, ондайларды көрмедім. Сөйтіп, үлкен кісілерді отырғызып алдым", - дейді ол.

Бірақ оның темір тұлпары Қайнар ауылына жақындағанда тоқтап қалыпты - жанармай біткен. Сөйтіп, ол жолдан алып кеткен жолаушыларын басқа көлікке мінгізіп, өзі де жақын жанармай бекетіне жетіп алыпты.

"Жанармайды толтырып алғаннан кейін, Шымкентке қайтып кеткім келмеді. Бала-шағам қырдың басында қалғаннан кейін, үйге қайтып кету деген ой да келген жоқ. Оның үстіне, ештеңе бітіре алмасам да, адамдарға көмектесуді қаладым. Сондықтан, кері айналып, қайтадан бірнеше адамды көлігіме отырғызып алдым. Дәл осылай Шымкентке дейін 2 рет барып келдім", - дейді ол.

Осылайша, Дәурен Айманбет жалғыз өзі 12 адамды қауіпсіз жерге апарып тастаған. Оның айтуынша, ол секілді халықты тегін тасымалдаған көліктер көп болған.

"Жанармай бекетіне келіп тұрғанымда бір таксиспен сөйлестім. Әлеуметтік желіде таксистердің өз чаты бар екен. 20 шақты көлік адамдарды тегін тасымалдау үшін ерікті болып шығыпты. Сол кезде халықты тасымалдау үшін ақша сұрап жүрген таксистер бар екенін естідім. Бірақ өзім көрмедім. Ондайлар аз болды деп ойлаймын. Кейбірі тым болмаса бензиннің ақшасын шығарайын деп ойлаған шығар. Мысалы, мен ешқандай ақша сұрамасам да, соңғы сапарымда алып кеткен адамдар қолыма ақша ұстатты. Өйткені, жанармайымның тағы да азайып қалғанын көрген болатын", - дейді.

"Өксік қысып, жылай алмай отырғанын байқадым"

Ол көлікке отырғызған жолаушыларының көзінен қорқыныш пен үрей байқағанын айтады.

"Белгілі нәрсе ғой. От пен оқтың арасында қалудың қандай қорқынышты екенін көрмей-ақ білуге болады. Бірақ менде үрей болмады, бар ойым бала-шағамда еді. Мүмкін болған кезде жылдамдықты да асырып, қауіпке басымды тіктім. Ал қаладан қашқан адамдарға оңай ма? Сонша дүниесін тастап бара жатыр. Адал еңбегімен салған үйлері, кейбірінің сауда орындары, малдары бар - соның бәрін тым-тырыс ойлап келеді. Кейбірін өксік қысып, жылай алмай отырғанын байқадым. Көздерінде қорқыныш пен үрей бар", - дейді Дәурен.

Дәурен Айманбет кейін отбасымен қалай қауышқанын әңгімеледі.

"Соңына қарай "Алаш" базарының маңына тоқтадым. Маңында "Ақмешіт" мешіті бар. Әйел, бала-шағам сол жерге үш көлікті ауыстырып мініп келіпті. Алдымен Бадамға дейін жеткен, кейін Шымкент - Түркістан жолына барған, сол жақтан № 146 автобуспен мешітке жетті. Отбасыммен сол жақта бір қауыштым. Қыздарымды құшақтаған сəтте өмірімнің мəні солар екенін түсіндім. Қосымша екі-үш туысымыздың балаларын ерткен əйелімнің түрінен түр жоқ", - дейді ол.

Осылайша, күні бойы жарылыстан қашып, зардап шеккен халыққа көмектескен ол отбасымен де аман-есен қауыша алған. Арыста тұратын он шақты туысын да сол күні үйіне шақырып, бас сауғалатыпты. Енді ол осы жағдайда арыстықтарға мүмкіндігінше көмек қолын созамын деп отыр.

Айта кетейік, Tengrinews.kz "Батырлар біздің арамызда" жобасын бастады. Жобада батылдық танытқан, адамдарды қауіпті жағдайдан алып шыққан, өлімге араша болған, қиналып жатқандарға көмекке барғандар, сондай-ақ оларды аяққа тұрғызғандар жайлы мақала жарияланады. Сіздер, оқырмандар осы айдардың авторы бола аласыздар. Ерлік жасаған қарапайым адамдар жайлы оқиғаларды мына электронды поштаға жолдай аласыздар: geroi@tn.kz.

Жоба ERG компаниясының қолдауымен өткізіліп жатыр. Бұған дейін де ERG компаниясымен бірге "Бірге оқимыз", "Жеңімпаздар" жобалары қолға алынған еді.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети