Қазақта үлкенге иіліп сәлем салу арқылы ақ бата, жақсы сөз еститін келіннің бағы артады деп жатады. Ал келін сәлем салмай жатса, әжелер тіпті "тізең сынсын" деп айтатын болған. Бірақ белгілі бір жағдайға байланысты кезінде келіндер сәлем салудан босатылған екен. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне тарихшы Жұлдыз Орманова айтты.
Қазақта үлкенге иіліп сәлем салу арқылы ақ бата, жақсы сөз еститін келіннің бағы артады деп жатады. Ал келін сәлем салмай жатса, әжелер тіпті "тізең сынсын" деп айтатын болған. Бірақ белгілі бір жағдайға байланысты кезінде келіндер сәлем салудан босатылған екен. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне тарихшы Жұлдыз Орманова айтты.
Оның айтуынша, келіннің ата-енесі мен қайын жұртына деген құрметін білдіретін бұл дәстүр өте қатаң сақталып келсе, кейбір жағдайларда келіндерге ол дәстүрді орындамауға болады.
"Қазақта келінге қатысты салт-дәстүрлер мен оларға жүктелетін міндеттер өте көп. Дегенмен, тарихқа үңілсек, келін аяғы ауыр болған кезде сәлем салу міндетінен босатылған. Жүкті келінді болашақ ана ретінде санап, керісінше, оған құрмет білдіріп, асты-үстіне түскен. Ал бірақ қазір, шыны керек, келіндер жүктілігінің соңғы айында болса да ұят деп, сәлемін салып жатады. Салт-дәстүрді құрметтегені де дұрыс шығар", - дейді тарихшы.
Сондай-ақ, ол күйеуі қайтыс болған жағдайда келіннің сәлем салудан босатылатынын айтады.
"Күйеуі қайтыс болған жағдайда келін сәлем салудан біржола босатылған. Жолдасынан айырылған келінді жұбатып, барынша қамқоршылық көрсеткен. Көбі жесір әйел cәлем салуы керек пе, салмауы керек пе деп сұрап жатады. Бірақ салтымыз бойынша келіндер мұндай қайғылы жағдайда сәлем салудан босатылуы тиіс. Оның еш айыбы жоқ, құрметсіздік танытты деп айыптауға болмайды. Күйеуі қайтыс болған жесір әйелге жылын бергенше, бір жыл бойы сәлем салмауға рұқсат етіледі", - дейді тарихшы.
Бұдан бөлек Орманова келіндер төркіндеріне сәлем салмайды дейді. Айтуынша, қазақ келіні тек қайын жұртқа иіліп, сәлем беруі тиіс.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, сәлем салу дәстүрі тек түркі халықтарына емес, сонымен қатар, Еуропа халықтарына да ортақ. Ең қызығы Ұлыбританиядағы, Англиядағы корольдік отбасыларында келіндер әлі күнге дейін сәлем салады. Оның сөзінше, қазақ келіндері қалай сәлем салса, сол сияқты Англияның корольдік отбасыларындағы келіндер де солай сәлем салады екен.
Оқи отырыңыз:
Келін қандай жағдайда төрге шыға алады? Этнограф қазақтың ырымдарын түсіндірді
Сәлем салу. Дәстүр әр өңірде қалай сақталған