23 января 2019 | 12:47

Қазақтың ұмытылған дәстүрлері: Қыз көру

© islam.kz

Tengrinews.kz "Қазақтың ұмытылған дәстүрлері" атты мақалалар топтамасын қолға алған болатын. Бұл жолғы дәстүр - Қыз көру.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Tengrinews.kz "Қазақтың ұмытылған дәстүрлері" атты мақалалар топтамасын қолға алған болатын. Бұл жолғы дәстүр - Қыз көру.

Қазақтарға ұлы үйге келін түсіріп, қызы тұрмысқа шыққан сәт әрдайым зор қуаныш. Себебі әр ата-ана өз перзентінің болашақ қалыңдығын немесе күйеуін ерте кезден белгілеп, ең бастысы өз теңін іздеуді мақсат еткен. Тарихқа үңілсек, өткен ғасырларда ауқатты, дәулетті отбасынан шыққандар ауыл-ауылды шарлап, текті жерден шыққан қалыңдық іздеген. Мұны "қыз көру", "қыз таңдау" деп атаған. Бұл қазақ халқының ежелден-ақ моральдық-этикалық құндылықтардың жоғары бағаланғанын білдіреді.

Реклама
Реклама

Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі тарихшы Жұлдыз Ормановадан бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні қандай болғанын, ол бүгінде сақталған-сақталмағанын және салттың қалай орындалғанын сұрап білді.

Жұлдыз Орманова әр қазақ қызының жақсы отбасыға келін болып түсіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуін қалағанын айтады. Айтуынша, қыз көру салтында тұрған ештеңе жоқ. Қызды арнайы көруге келген жігіттерге ешкім ренжіп, наразылық білдірмеген. 

"Ежелгі салт бойынша, қыз бала 12 жасқа толғанда үйдің оң босағасынан орын беріп, өзіне тиесілі киім-кешек, көрпе-жастығы мен жатын орнын шымылдық құрып көлегейлеп, бөлектеп тəрбиелеген. Мұнда ең бастысы қазақ халқының моральдық құндылықтары. Кейіннен жігіттер тіпті кейде достарымен ауыл-ауылды аралап, өз теңін іздеу мақсатында қыз таңдап жүрген. Қыздардың ата-анасы оған ешқандай қарсылық көрсетпеген, керісінше қызының құтты жерге қонғанын қалап, осы дәстүрді қолдап жүрген", - дейді Орманова. 


© almaty-akshamy.kz

Айтуынша, жігіттер ғана емес, қыздар да келген жігіттерді сынап, байқаған.

"Қыз көретін жігітті біз көрелік" деп жігіттер жайлы ой түзген. Ол үшін ауылда арнайы жарыстар өткізіліп, келген жігіттер түрлі өнер көрсетіп, қыздар да өзін жақсы жағынан танытпақшы болған. Сондай-ақ, оған көбіне ауқатты кісілердің балалары ғана қатысады деп саналған. Себебі барлығы қыздың текті жердің отбасына баруын қалаған", - дейді тарихшы.


© "Қыз Жібек" фильмінен үзінді

Сондай-ақ, Орманова кезінде қыз көруге келген жігіттердің өзі таңдаған қызбен айтысқа түскенін айтады.

"Қонақ болып, қыз таңдауға келгендер қыз баланың мінезін тану мақсатында оларды айтысқа шақырған. Қыздың қаншалықты байсалды, биязы екенін байқамақ болған. Бірақ қазіргі таңда бұл салт орындалмай жүр деуге болады. Кейде жеңгелері немесе ата-аналары жастар бір-бірін көрсін, таныссын деп, арнайы "кездесу" ұйымдастырғаны болмаса, салт сақтала қоймады", - дейді Орманова.

Тарихи мәліметтерге қарағанда, "Қыз көру" салты Тайыр Жомартбаевтың "Қыз көрелік" романында кеңірек суреттеліп ашылған. 1912 жылы шыққан "Қыз көрелік" романы - қазақ қыздарының бас бостандығы туралы күрделі жанрда жазылған көлемді шығармалардың бірі. Автор шығарманың басында-ақ осы дәстүрдің қалайша өткізілетінін сипаттайды.

"...Деп жүрген жас жігіттер қыз көрелік,
Таңдап ап сұлу қызды мал берелік.
Мырзалар қыз таңдаған келсін мында,
Жігітті қыз таңдаған біз көрелік", - делінген романның үзіндісінде.

Осыдан ХХ ғасырдың басында да қыз тәрбиесіне қатысты әдет-ғұрыптардың сақталып, оған зор мән берілгенін байқауға болады. Автор қазақ қыздарының бостандығы, теңдігі тақырыбын қозғай отырып, "басында ықтияры бар бақытты қыздар кімді сүйсе, өз басының қор болмас қамын ойлайды. Кіммен сүйіп өмір сүрсе, жақсы өмір сүреді, соны ойлап басында миы, көкірегінде ойы, санасы бар қыздар балияға толған соң өзінің теңін тауып алып, теңін біліп, өзіне қандай адам өмірлік болуға жарайды, соны талап қылып іздей бастайды" деп түйіндейді.

Оқи отырыңыздар:

Қазақтың ұмытылған дәстүрлері: Төркіндеу

Қазақтың ұмытылған дәстүрлері: Өңір салу

Қазақтың ұмытылған дәстүрлері: Тәжім ету


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram