ПОДЕЛИТЬСЯ
09 января 2019 | 16:13
Қазақтың ұмытылған дәстүрлері: Бәсіре атау
Tengrinews.kz "Қазақтың ұмытылған дәстүрлері" атты мақалалар топтамасын қолға алған болатын. Бұл жолғы дәстүр - Бәсіре атау.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Tengrinews.kz "Қазақтың ұмытылған дәстүрлері" атты мақалалар топтамасын қолға алған болатын. Бұл жолғы дәстүр - Бәсіре атау.
Қазақта сәби дүниеге келген күннен бастап оның әрбір қадамы назардан тыс қалмай, түрлі салт-дәстүрмен және ырымдармен аталып отыратын. Сондай салттың бірі - бәсіре атау. Тарихқа үңілсек, қазақ халқының ұғымы бойынша, дүниеге келген баланың болашағы өзіне атап берген бәсіремен байланысты болады деп саналған. Бұл дәстүр бүгінге дейін орындалып жүр ме? Оның тәрбиелік мәні қандай? Неге дәл бәсіре атап берген? Tengrinews.kz тілшісінің бұл сұрақтарына тарихшы Жұлдыз Орманова жауап берді.
Жұлдыз Орманова қазақтардың ертеден бастап-ақ баланы бәсіре атқа мінгізу арқылы оны мықты әрі нағыз ер адам етіп тәрбиелеп, еңбекке баулығанын айтады. Айтуынша, сыйланған бәсіре атты ешкімге беруге немесе сатуға болмайды.
"Ұл бала дүниеге келгенде дәл сол мезетте төлдеген құлынды бәсіре деп атайды. Бәсіре ат 4-5 жастағы балаға беріледі. Ол барынша жүйрік, мықты болуы қажет. Көбіне бәсірені баланың өз ата-анасы, нағашылары сыйлайды. Ал бала өз кезегінде оны күтіп, бағып, үй шаруасына бейімделеді. Осыдан бала еңбекқор және ер мінезді болып өседі деген түсінік болған", - дейді Орманова.
Сондай-ақ, тарихшы бәсіре дәстүрінің бала денсаулығына пайдасы мол екенін айтады. Атқа мінген бала кішкентай кезінен шыңдалып, физикалық тұрғыдан мықты болып өсіп-жетіледі екен.
© karaganda-region.gov.kz
Орманованың айтуынша, қазақ сонау заманнан бері баланың атқа деген қызығушылығын оятуды мақсат еткен. Түрлі ат, құнан, тай жарыстарын ұйымдастырған. Осылайша, балалардың жастайынан атқа деген құштарлығы артып, нағыз ер азамат болып өскен.
Тарихи мәліметтерге қарағанда, бәсіре атаудың мақсаты - баланы жастайынан еңбекке баулу. Еншісіне тиген тайды баптап-өсіру бала үшін де қызықты болған. Сыйға тартқан бәсіресі өсіп келе жатқан баланы болашаққа, жақсы күндерге апаратын көлігі, қанаты болсын деп ырымдаған. Алайда бүгінде көбіне төркіндеп барған қыздың сәбиіне нағашы жұрты бәсіре сыйдың барынша ең қымбатын беруге тырысады. Ең қызығы тіпті тай орнына темір тұлпар мінгізіп, доллар ұстату, депозит ашып беру сынды заманауи сыйлықтар беріп жатады екен.
Ал кейде бәсіре тай белгілі бір себептерге байланысты мінуге жарамаса, баланың өзімен шамалас жуас, жүрісі жайлы, кұнан немесе дөнен таңдалады.
Оқи отырыңыз:
Ұмытылған дәстүрлер: Қазақ баланы қырқынан қалай шығарған
Показать комментарии
Читайте также