РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
29 ноября 2019 | 09:47

Қазақта қызға құда түсуге келген жаушыны ауыл қалай таныған?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақ келіні. Жетісу облысы, Лепсі уезі, 1898 жыл Қазақ келіні. Жетісу облысы, Лепсі уезі, 1898 жыл

Қыз бен жігіт отау құрарда екі жақ түрлі дәстүр өткізген. Қыз айттыруға келген жаушының, сырға салынған қыздың өзіндік белгілері болған. Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне екі жақтың құда болуына қатысты дәстүрлер мен ырымдар жайлы айтып берді.


Қыз бен жігіт отау құрарда екі жақ түрлі дәстүр өткізген. Қыз айттыруға келген жаушының, сырға салынған қыздың өзіндік белгілері болған. Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне екі жақтың құда болуына қатысты дәстүрлер мен ырымдар жайлы айтып берді.

Жаушының өз белгісі болған

Маманның сөзінше, қыз бен жігіт табысқаннан кейін екі жақ та жеңгесі арқылы әке-шешесіне жеткізеді екен.

"Кейін бірінші жігіт жақ жаушы жібереді. Жаушы бір балағын сыртқа шығарып, бір балағын етігінің қонышының ішіне салып, қыз жаққа барады. Жаушы шешен, беделді, білімді, дәстүрді білетін адам болуы керек. Жаушы есіктен кіре берісімен, бәрі балағына қарап-ақ қыздың ата-анасы, туыстары оның құдалық туралы сөйлесуге келгенін бірден аңғарған. Содан жаушы "Сіздерде қыз бар, бізде ұл бар, екі жасты үйлендіруге жаушылыққа келгенмін" деп айтады. Қыз жақ жаушыны күтіп, ақсарбас малын сойып, құдалық күнін бекітеді", - дейді ол.

Жаушы жібергеннен кейін жігіттің жағы құда түсуге барады. Қызға сырға салынғанда да, оның ұзатылатынын білдіретін арнайы бас киім беріледі екен.

"Кейін жігіттің жағы құдалық сөйлесуге барады. Сол кезде жігіттің жағы китпен, кәдежолымен келеді. Құдалық тәтті болсын деп түрлі тәттілер, бауырсақ, құрт-ірімшік апарады. Кейін қызға сырға тағуға барғанда аяқ киім, көйлек, жүзік, білезік, алқа алып барады. Қыздың басына бергек дейтін бас киім кигізіп кетеді. Ол сәукеледен кішілеу болады. Сол бас киімді киіп жүргенде, көрші-қолаң оған құда түсіп қойған екен деп бірден таниды. Кейін қыз ұзатылып, сәукеле киетін кезде, сол бергекті сіңлісіне сыйлап кетеді", - дейді этнограф.

Келінді оң аяғымен кіргізеді

Айтуынша, кейін жігіт жақ құда-құдағиын от жаққан жерді көрсетеміз деп өз аулына шақырады.

"Сонда ақсарбас мал сойып, көрші-қолаңдарын, туыстарын шақырып, шағын той өткізеді. "Құда болғанша құл тегіңді сұрас, Құда болғаннан кейін құл да болса, сырлас" деген сөз бар. "Құда құрдасындай, құдағи сырласыңдай" болсын деген тілек айтылады. Құдалар келген кезде құйрық бауыр асады. Сол жолы құдалықтың барлық жұмысын бекіту үшін үлкен кеңес өтеді", - дейді Бопайұлы.

Құдалық біткен соң екі жақ ұзату мен үйлену тойына дайыналады.

"Кейін жігіт жақ қыз алуға барады. Сол кезде қыз жақта той болады. Сыңсу, жар-жар, табалдырық жыры айтылады. Содан кейін қызды ұзатып алып келеді де, жігіт жақта беташар өтеді. Сөйтіп, дүркіретіп той жасайды. Келінді қара шаңыраққа не арнайы жасалған ақ отауға кіргізеді. Оң аяғымен кіргізіп, отқа май тамғызады. Осы күннен бастап ол келін атанады", - дейді ол.

Құдалар ауыр талап қоймаған

Сондай-ақ этнограф тойға дайындыққа дейінгі бірқатар дәстүр туралы айтып өтті.

"Ортасында ұрын бару деген дәстүр өтеді. Ұрын барған кезде өлі-тірі жүргізеді, ірі қарадан мал береді. Одан бөлек, ақшалай, алтын-күмістен жасалған заттай, көйлек, шапан сыйлайды. Одан қалды, атаның күш ақысы, ананың сүт ақысы бар. Оған да лайық сыйлығын береді", - дейді маман.

Болат Бопайұлы қазақтың "құдасын құдайындай сыйлайтынын" айтты.

"Қазақта "Құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық" деген сөз бар. Ол береке-бірліктің, ынтымақтың сақталуы. Құдалықтың мың жылдық болатыны мәңгілік байланған татулықтың белгісі. "Құда ренжісе, құдайы ренжиді" деген сөз бар. Бірақ құдалар бір-біріне ауыр талап қоймаған, себебі екі жастың бақытты болуын ойлаған", - дейді маман.

Оқи отырыңыз:

Сыңсуды ер адамның айтқаны дұрыс па

Қыз жасауы. Ата-дәстүр шығынын қазақтар қалай есептеген

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети