Бүгін 7 арнадағы "Өз ойым" бағдарламасында "Қазақтың тойына түзету керек пе? " тақырыбы талқыланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін 7 арнадағы "Өз ойым" бағдарламасында "Қазақтың тойына түзету керек пе? " тақырыбы талқыланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бағдарламаның қонағы Ерқанат Есенгелді есімді азамат қазіргі тойлардың бір сарынды болып кеткенін айтады.
"Қазіргі тойлар бір сарынды. Мен өзім әншімін, Астана, Көкшетау, Қарағанды қалаларындағы тойларда ән айтамын. Тойға барғанда бірден-ақ не болатынын біліп тұрамын, жұрт та біліп тұрады. Асабаның бірінші сөзінен-ақ кімнің плагиаты екенін де біліп тұрамын. Кейбіреулері өз сөзімен бастап, біреудің сөзімен аяқтайды. Мысалы мен бір жаңа дүние ойлап таптым делік. Халыққа өтімді болса келесі жолы оны бір асаба ұрлап, қайталап жатады", - дейді Ерқанат Есенгелді.
Сонымен қатар, Ерқанат Есенгелді музыкант пен асаба бірлесіп жұмыс істеу керектігін айтады.
Нұрхан Нұрмаханов есімді асаба ғаламторда осы мамандық иесі туралы теріс пікір жазып жататындарға жауабы барын айтады.
"Той иесімен келісіп алмай, ол тойға бармаймын. Той болып жатқан екі елдің үрім-бұтағымен таныспай тойды бастамаймын. Қазіргі таңда ғаламторда асабалар жайлы мындай пікірлер айтылып жатады: "Асаба көргенсіз", "Асаба сауатсыз", "Асабаның барлығы сондай". Менің осыған айтар жауабым бар: "Асаба қандай - қонақтары сондай. Той иесі қандай болса - асабасы да сондай. Асаба той иесінің айнасы", - дейді Нұрхан Нұрмаханов.
"Жүрген жерімде бөліп жүремін. Менің тобымда асабалар алтыға бөлінеді. Ол ақын асаба - өз жанынан сөз шығара алатын, қонақтарына, той иелеріне арнау айта білетін қабілеті бар жандар. Шешен асаба - қазақтың қара сөздерінің жілігін шағып, майын ішетін. Шоумен - айтары аз болса да халықты көңілді ұстай алатын адам. Жүргізуші - ол тек келесі тілектің кезегі мынадай қонақта, алдарыңызда мынадай әнші деп хабарлап тұратын смокинг киген адам. Қос тілді асаба - өзге ұлт өкілдерінің көңілін таба білетін адам. Сайқымазақ - ол қазақ тойының қадірі басына кіріп-шықпайтын, не істегісі келсе, соны істейтін адам. Қонағың қандай - асабаны соған байланысты таңда. Ертең келіп алып, қазақтың қара сөзін қадірлейтін болып, тойды сайқымазақ жүргізетін болса асабаға топырақ шашудың еш қажеті жоқ, - дейді Нұрхан Нұрмаханов.
Бағдарлама барысында пародист жігіт Нұрсұлтан Назарбаевтың дауысымен барша қазақстандыққа тілек айтты.
Айта кетейік, "Өз ойым" бағдарламасы 27 маусымнан жаңа санын бастады. Бағдарламаның ең басты жаңалығы ток-шоу дүйсенбі-жұма аралығында көрсетілетін болды. Түрлі әлеуметтік тақырыптарды қозғайтын бұл ток-шоу әлі талай қызықтарға толы.